home
home home

Кенен Әзірбаевтың туылғанына 135 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.

Сенбі күні Кенен ауылдық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағдарламасы аясында көңілді күйге бөлеп, дарқан даланы асқақ әнімен тербеткен, сөз маржанынан асыл ойлар тұндырып, телегей теңіз жыр тудырған халық ақыны, айтулы әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың туылғанына 135 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.

Айта кетсек, жиынға Кенен Әзірбаевтың Төрткен және Ақбілек есімді қыздары, Жұмабай және Баян есімді жиендері мен келіні Дина қадірлі қонақ болды. Сонымен қатар, іс-шараға Мойынқұм аудандық Ж.Қуанышбаев атындағы музейдің директоры Ләйлә Қожагелдиева, Меркі аудандық өлкетану музейінің директоры Айдын Базилов, Әлжан ана музейінің директоры Әлішер Аяпберген, аудандық  өлкетану музейінің меңгерушісі Анжела Изаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және Қ.Уалиева бастаған мемлекеттік архив қызметкерлері қатысты.

Ақынның шөбересі Айтөре Қуанышұлы Кенекеңнің әсем әнін нақышына келтіре орындаса, Жасмин Мұратқызы атасының күмбірлеген күйімен салтанатты жиынның пердесін ашты.

Кездесу барысында қазақтың жүз жылда біртуар тұлғасы, халқымыздың аса дарынды ақын-сазгері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі, қазақтың ұлттық мәдениетіне, әдебиетіне қосқан үлесі мол Алатаудың ақиығы атанған халық ақыны Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін фотосуреттер мен құжаттардан «Ғасырында бір келер – қазағымның бұлбұлы» атты фотостенд жасақталып, қазақи ұлттық нақышта безендірілген ақын заттарынан «Кенен мұрасы – ұлт мақтанышы» атты көрме ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына ұсынылды. Мұнымен қатар, жиында Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына тікелей байланысты бірқатар құжаттар Кенен музейінен Қордай аудандық архивіне мәңгілік сақтауға өткізілді.

Кенен Әзірбаев сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз: жырау, әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші, әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер. Оның байтақ мұрасы халқымыздың биік эстетикалық мұраты есебінде ұрпаққа үздіксіз қызмет ете береді, ғалымдар тарапынан зерттеле береді. Ақынның он дастаны, жүзге жуық әні, оннан астам айтысы, мыңға тарта өлеңі, халық қазынасын жинаған том-том қолжазбалары қалды. Екі бірдей ғасырды басынан кешкен Кененнің өмірі өз халқының өмірі, оның тағдыры өз елінің тағдыры еді. Ол ескінің соңы, жаңаның басы болған ежелгі замандардан келе жатқан баба жыраулар дәстүрін жаңғыртып, оған жаңа мазмұн, жаңа сипат берген ақын.

Салтанатты жиын соңы ауылдық мәдениет үйі мен балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы өнерпаздарының жүрегі жүз жыл жырлаған ақын Кенен Әзірбаевтың шығармаларынан құралған концерттік бағдарламасына ұласып, кештің лайықты деңгейде өтуіне белсене атсалысқан азаматтар арнайы Алғыс хатпен марапатталды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта