home
home home

«Keleshekke – kemel bilimmen»

«Keleshekke – kemel bilimmen»

Кеше аудандық Мәдениет үйінде білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Алдағы оқу жылына дайындықты бір пысықтап алатын, өткен жылдары озық шыққан білім мекемелері мен ұстаздар қауымын марапаттайтын, жалпы алға үлкен жоспар құрылып, өткенді саралайтын кеңестің жұмысына аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Жамбыл облыстық «Дене шынықтыру» ғылыми тәжірибелік орталығының басшысы Аманғали Жартыбаев және маслихат депутаттары, бөлім мен мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен кәсіподақ ұйымы және азаматтық қоғам өкілдері, педагогикалық және еңбек ардагерлері, ата-аналар қауымдастықтары мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты.

«Keleshekke – kemel bilimmen» деп аталған кеңес жұмысын аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиев ашып, атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер, аудандағы білім саласының қазіргі жағдайы, жаңа оқу жылына арналған жоспарлар турасында баяндама жасады.

– Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен, республикалық тамыз педагогикалық конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласы қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы, жалпы ел дамуындағы рөлі туралы айта келе, «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек» екендігін атап көрсетті. Кеңес барысында Президент білім саласына қатысты болашақ ұрпақ үшін маңызды бірқатар міндеттерді орындауды тапсырды, – деп баяндамасын бастаған бөлім басшысы сол тапсырмалар аясында атқарылар жұмыстар және осыған дейін істелген қыруар тірлік турасында сөз етті.

– Білім саласын дамытуда «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Аталған бағдар-лама ағымдағы жылы  аяқталып, 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. 2016-2019 жылдарға арналған бағдарлама аясында аудан көлемінде мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жас аралығындағы балалар – 92%, 3-6 жас аралығында – 98,6% қамтылып, мектепке дейінгі мекемелер саны 3 жылда 33-тен 59-ға артты. Оның ішінде 38-і жекеменшік балабақшалар. Бұл бизнесті білім саласына тартудың бірден бір көрінісі. Білім беруде жаңа технологияларды енгізу және цифрландыру бағдарламасы аясында  аудан мектептері 4 мег/сек және одан жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылса, мұғалімдер қағаз журналдан арылып, «Күнделік кз» электронды журналына көшті. Оқушыларға жан-жақты білім беруде АКТ-ы қолдануда «Білім-Лэнд» ақпараттық орталығымен жұмыс жасауда. Ал, мектептер мен балабақшаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің (кезекке қою, жолдама беру, мектепке қабылдау т.б.) барлығы автоматтандырылды. Сонымен қатар, ата-аналардың төлемақылары мемлекеттік балабақшаларда электронды түрде жүзеге асып, осы жұмыстарды ағымдағы жылдың 1-ші қазанына дейін жекеменшік балабақшаларда енгізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар білім саласындағы ашықтықты көрсетеді, – деді Е.Нұралиев.

Сонымен қатар, бөлім басшысы педагогтардың кәсіби өсуі мен өз білімдерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып отырған облыстық, республикалық  курстарға пән мұғалімдері үздіксіз жіберіліп, «Жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасы» бойынша ұйымдастырылған курстардан 6 мектеп директоры, 10 директордың орынбасарлары, 337 мұғалімдер өтіп, арнайы сертификат алғанын және қазіргі заман талабы қажет етіп отырған білім саласындағы үштілді білім беру жүйесін енгізу – күн тәртібіндегі өзекті тақырып болып отырғанын жеткізді. Бұл бағытта биология, химия, физика, информатика пәндерінің 22 мұғалімі біліктілікті арттыру курстарын аяқтап, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің ағылшын тілінде оқытылуын бастап кетіпті. Е.Нұралиев осылармен қатар пәнаралық байқауларда топ жарған мұғалімдердің әрқайсысын жеке атап өтіп, сонымен қатар білікті ұстаздардан білім алып жүрген оқушылардың түрлі байқаулар мен олимпиадаларда топ жарғандарының есімдерін мақтанышпен атады. Баяндама барысында білім беруде төмен көрсеткіштерге ие болған мектеп басшыларына шара қолданғаны туралы да айтылмай қалмады. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдерген 479 мектеп бітірушінің 207-і білім грантына ие болғаны да айтылды. Осылармен қатар бөлім тарапынан жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстың санын азайту, алдын алу шаралары турасындағы жұмыстар жайы баяндама барысында сөз болды. Осыған орай оқушылардың бос мезгілін тиімді пайдалану, әлжуаз отбасы балаларын қолдау сынды жұмыстар да жүйелі атқарылып келе жатқаны айтылды.

– Оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жаз маусымында демалыс және сауықтыру іс-шараларына биыл 19848 оқушы, еңбекке 9449 оқушы қамтылды. Жазғы демалыстары сәтті өткен оқушылар мен ұстаздар жаңа оқу жылына жаңа қарқынмен кірісуіне бірер күн қалды. Оқушылардың, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларының оқу жылына даярлығы басты назарға алынуы қажет. Бұл мақсатта әр жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтуде. Акция еліміздің барлық аймақтарында «Жүректен жүрекке!» ұраны бойынша 1 шілдеден 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде өткізіледі. Аталған акцияға ауыл округтерінің әкімдерімен бірлесіп жергілікті кәсіпкерлерді тарту шаралары қолға алынып, бүгінгі күнге 331 балаға 9 млн. 268 мың теңгеге демеушілік көмек көрсетілді, – деген білім бөлімі басшысы баяндамасын қорытындылай келе алдағы уақытта аса ден қойылатын төрт бағыт жайын да көпшілікке жеткізді. Олар, кәсіптік-техникалық білім беру, маман тапшылығының алдын алу, білім сапасын арттыру және мектеп директорлары мен пән мұғалімдеріне деген талаптардың қатаң орындалуы.

Баяндамадан кейін жиналған көпшілікке сұрақтарды жазбаша қоюға болатындығы айтылды. Содан кейін сөз №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Сұрапалды Салыбаевқа берілді. Кеңес төрағасы мектеп пен кеңестің бірігіп жұмыс жүргізуі арқасында атқарылған көптеген игі шаралар турасында сөз етіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Осыдан кейін сөзге шыққан аудандық қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаева аудандағы бірқатар білім беру мекемелерінде аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету және өзге де мәселелер бойынша зерделеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырып, бірқатар кемшін тұстарды жіпке тізді. Баяндамашы айтылған сынды бірлесе жөнге келтіруге болатынына сенім білдірді. Осыдан кейін сөз алған облыстық «Дене шынықтыру» ғылыми тәжірибелік орталығының басшысы Аманғали Жартыбаев ауданның ұстаздарына жаңа оқу жылында сәттілік пен шығармашылық табыс тіледі. Келесі сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозовқа берілді.

– Елімізде білім беруді дамыту мәселесі, қоғам мен мемлекетті өркендету саясаты қашан да басты орында. Сондықтан, біздің елімізде білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу жолында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ал, тамыз кеңесінде көтерілген мәселелер соның бір айғағы болды десек те болады, – деп сөзін бастаған Бейқұт Тлебалдыұлы білім саласын дамытуда ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

– Қордай ауданында бұл саланы дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оған өздеріңіз куәсіздер. Мәселен, соңғы жылдары ауданда қазіргі заман талабына сай жаңа білім беру нысандары іске қосылып, апатты мектептер, үш ауысымды оқыту жүйесі жойыла бастады. Тек өткен жылдың өзінде Көктөбе және Соғанды ауылдарында жаңа мектеп ғимараты оқу жылында қолданысқа берілсе, ағымдағы жылы Қордай, Қаракемер, Қайнар ауылдарындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 392 млн. 653 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, бірқатар ауылдық округтердің білім беру ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесі өз шешімін табуда. Ағымдағы жылы Қалғұты ауылында жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталса, келесі жылы Күнбатыс-2 және Масанчи ауылдарына да жаңа мектептер салынып, оқу жылында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда, – деді Б.Жамангозов.

Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары былтырғы жылы «Мектепке жол» акциясы аясында ауданымызда үлкен жұмыстың атқарылғанын ерекше атап өтіп, соған атсалысқан барша ұстаздар қауымына және демеушілерге алғысын жеткізіп, «Білім және ғылым» ұранымен өткен республикалық тамыз кеңесінде ұстаздардың еңбекақысын екі есе өсіруді, «Мұғалімдер мәртебесі туралы» Заңды қолданысқа енгізуді, бес күндік жұмыс жүйесіне көшу сынды реформаларды ұсынуы ұстаздар қауымының жұмыс ауқымының көптігі мен артылған жүктің ауыр екендігін түсінуге болатынын айтып,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылында білім саласын дамытуға бағатталған негізгі басымдықтар бойынша атқарылатын жұмыстардың төрт бағытына жекелей тоқталды.

Баяндамашылардан кейін тамыз кеңесінің ең бір жағымды тұсы – марапаттау рәсімі өтті. Бейқұт Тлебалдыұлы осы күні Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісін №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Илия Нұрғалықоваға ұсынса, облысқа сіңірген еңбегі үшін арнайы төсбелгімен №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Бахрамова марапатталды. Осылармен қатар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасымен Эльмира Сатылғанова, Гүлнар Абдрахимова, Толғанай Кенжебаева, Айгүл Тасбаева, Гүлшат Ильясова, Әлия Болатова, Айгүл Шотанбаева, Светлана Тобышақова, Мұрат Кибеков, Бахрам Кучербаева, Антолина Переселкина, Кеңескүл Абдыкалыкова, Шолпан Тажиева, Жанат Нұралиева, Айман Тобышақова, Саракүл Заурбаева марпатталды. Сонымен қатар, министрдің Алғыс хатына Күлсара Бедишева, Зауреш Ильясбекова, Сәуле Кетркеева, Бейбіткүл Азанбекова, Динара Болатбек, Гүлназ Саттыбаева, Бақыткүл Бағысбаева, Светлана Воронова, Жанаркүл Құстүтінова, Тұрсынкүл Жетпісбаева, Тегіс Дәнеғұлов, Перизат Кесикбаева, Гүлназ Кадырова, Ұлжан Алимқұлова, Рая Агибаева ие болды.

Осылармен бірге аудан әкімі Болатбек Байтөленің Құрмет грамотасымен Еңлік Ибышева, Сымбат Манчарова және Айнұр Исағұлова марапатталса, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатовтың Құрмет грамотасымен Раушан Тұрғынбаева, Данагүл Алниязова, Жамиля Келдібаева марапатталды. Ал, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы Ақшолпан Мусиркегеноваға, Айнұр Құсайыноваға, Айнұр Абықаеваға, Джана Баймаковаға, Назира Нұралиеваға және Ақбота Әбдікамалға табыс етілді. Сонымен қатар, облыстық және аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы комитеті мен білім бөлімінің Алғыс хаттары ұстаздарға табыс етіліп, сыйлықтары берілді. Үздік атанған пән мұғалімдері де аталып өтіп, сияпат жасалды. Тағы бір айта кетерлік жағымды жаңалық, Қазақстан интернет олимпиада рейтингісінде «КИО» кубогымен 1 орын алғаны үшін №16 Лермонтов атындағы орта мектептің, 2 орын алғаны үшін №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының және №17 орта мектебінің ұжымы марапатталды. Сонымен қатар, 2018-2019 оқу жылының нәтижелері бойынша Қордай ауданының инновациялық мектептер қатарынан көрінген №1 мектеп-гимназиясы, №4 мектеп-лицейі және №43 орта мектептер арнайы ақшалай сертификаттарға ие болды. Сонымен бірге, «Жылдың жүз үздік физика пәні мұғалімі» республикалық байқауының жеңімпаздары Лязат Керімбаева мен Зухра Боташева арнайы төсбелгімен марапатталды. Кеңес соңында сахнаға көтерілген жас мамандарға ауданымыздың білім саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Фатима Байбекова өзінің жүрек жарды тілегін арнаса, одан кейін жиынға арнайы шақырылған ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, конференция жұмысы аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен аяқталды.

Жандос ОМАРОВ


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.