home
home home

Кәсіп түбі-нәсіп

 

Қымыздың емдік қасиеттері қалың көпшілікке ежелден белгілі. Қымыз сапалы тамақ өнімі ғана емес, сондай-ақ шипалы сусын деп те есептеледі. Ата-бабамыз қымызды бұлай текке атамаған. Оны емдік сусын ретінде асқазан, өкпе, ішек ауруларына пайдаланып келген. Қымыз дәрумендерге, майларға, ақуызға бай. Ол талай ауруды емдеп қана қоймайды, олардың алдын да алады. Қазіргі пандемия жағдайында жаңа сауылған бие сүті, яғни саумалға, қала берді қымызға деген сұраныс жоғары. Осы орайда емдік қасиеті мол сусын жайлы аз-кем әңгіме қозғасақ.

 

Жалпы, ешқандай сусынның қымызға тең келмесіне жан баласының дауасы болмасы хақ. Осындай емдік қасиеті мол бие сүтінің пайдасы мен қымызды дайындау технологиясын білмек ниетте біз жуырда «Білдебай» ШҚ басшысы Әскербек Тлепбергенге жолықтық. Осыдан бірнеше жыл бұрын емдік сусын өндірісін қолға алған шаруашылықта бие сауу жұмыстары таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 17.00-18.00-ге дейін әр екі сағат сайын жалғасады. Мұнда, бие сауу үшін жасалған сауын аппараты арқылы күніне 16 бие сауылып, тәулігіне 80 литр сүт алынады. Шаруашылық басына арнайы кезекпен келетін тұрақты клиенттер саумалды жылылай ішкеннің пайдасы мол екенін жақсы біледі. Ал, сатқаннан қалған сүттен қымыз жасалады. Кәсіпкердің айтуынша, биыл саумал аз қалады. Өйткені пандемия кезінде адамдардың көбісі иммунитетін көтеру үшін саумал іше бастаған. Қазіргі таңда бұл емдік сусынның адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін дәлелдейтін ғылыми жұмыстар жетерлік. Ағзаға оңай сіңетін саумалдың ерекше химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері иммунитетті көтеруге септігін тигізеді. Оның құрамында қажетті дәрумендер, микроэлементтер мен өзге биологиялық белсенді заттар көп. Дегенмен, Әскербек Тлепбергеннің айтуынша профилактикалық курсты әр адамның ағзасының ерекшелігін есепке ала отырып өту қажет. Оған қоса сауу барысында барлық санитарлық нормалар сақталуы тиіс.

«Әрбір адам қалауынша фермаға келіп, процессті өз көзімен көре алады, бұл үшін қажетті жағдай жасалған. Саумал үш ай бойы сатылып, сату маусымы аяқталғаннан кейін жылқылар таудағы қораға жіберіледі. Ал, қымыз ашытқы қосылып ұйытылады. Қымызды бекерге тірі сусын деп атамайды, ол ежелден табиғи иммунокүшейткіш зат ретінде белгілі. Саумалдың да, қымыздың да нәрлі заттары ағзаға толық сіңіп кетеді», – дейді кәсіпкер.

Әскербек Қайратұлынан біз тағы бірқатар ақпарат алдық. Қожалық басшысы бүкіл отбасы болып келетін клиенттерге саумалды алғашқы күндері қандай мөлшерде пайдалану керектігін түсіндіріп отырады. Бизнесті жүргізуге бүкіл отбасы араласады. Кәсіпкер жылқы шаруашылығын жайдан-жай таңдамаған. Ол жылқышы болған атасы Ынты Белдібаевтың ісін жалғастырып келеді. Дәл осылай ол өзінің ұлы отбасылық істі жалғастыратынына сенімді. Айта кетсек, ізгілікке жүрегі толы кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі балаларға пайдалы суссынды тегін береді екен. Бүгін пандемия жағдайында бие сүтіне сұраныстың артқаны, сәйкесінше бағасының өскені байқалуда. Дейтұрғанымен, кәсіпкер қымыздың бағасын көтерген жоқ. Саумалы мен қымыздың құны сол қалпы. Алдағы уақытта Әскербек Қайратұлы отбасылық кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.

Келесі кезекте біз Әлжан ана ауылында орналасқан «Ата Баба тілегі» этникалық ауылына бардық. Дулат Салыбаевтың ойына мұндай ерекше орынды жасау осыдан үш жыл бұрын келген екен. Қазір тас жолдың жиегін бойлай өскен қалың ағашты саябақтың ішіне киіз үйлер тігіліп, ағаштардың көлеңкесінде биелер сауылады. Мұнда саумалмен қатар, қымыз да бар. Балаларға арнайы алтыбақан қойылған. Бие сауылғанша ұлттық нақышта әрленген киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Ұсынылған өнімнің барлығы табиғи таза, тіпті балдың өзі кәсіпкердің жеке омартасында өндіріледі екен. Дулат Салыбаевтың тұрақты клиенттері бар. Мұнда ауыл, аудан тұрғындарымен қатар Алматы, Тараз және өзге қалалардан азаматтар келеді. Ұлттық тағамдардан дәм татып, қасиеті мол сусыннан нәр алған қонақтар бұл жерге қайтып келе берері де анық. Өйткені қонақжай Салыбаевтар келген қонақтың барлығын туысындай қабыл алады. Қазір бұл ауылға адамдар көбінесе қымыз алу үшін келеді. Елімізде пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайға орай киіз үйлер уақытша жабық. Дегенмен, кәсіпкер бұл жағдайға түсіністікпен қарап, ахуалдың оңалып, қалпына келеріне сенімді.

Жалпы, біз үшін бұл күн пайдалы ақпаратқа толы болды. Емдік қасиеті мол сусынның дәмін татып, бірталай дүниені өз көзімізбен көрдік. Осындай ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, ата жолын қуған Әскербек және Дулат сынды бауырларымыздың бар болуы, әрине, көңілге қуаныш ұялатады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.