home
home home

Карантин режимін бұзбаңыз!

Карантин режимін бұзбаңыз!

Қордай ауданы аумағында ерекше талаптары бар карантин режимі жариялануына байланысты бүгінгі таңда аудан аумағында бірнеше блок-бекет орнатылып, онда жүзге жуық полиция қызметкерлері күндіз-түні қызмет етуде. Олар тек блок-бекеттерде ғана емес, жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.

Сәуір айының басында жарияланған карантинге байланыс-ты тұрғындардың бей-берекет сыртта жүруіне және көлік қозғалысына шектеу қойылған. Осыған орай құқық қорғау органдары қызметкерлеріне артылған жауапкершіліктің жүгі арта түскені рас. Олар күні-түні ауыл тұрғындарына карантин режимінде сақталатын тәртіп пен талаптарды түсіндіруде. Көліктерімен арнайы дыбыс құралдарын пайдалана отырып көшелерді аралап, халықтың үйде болуын қадағалауда. Күні кеше түнгі рейдтік жұмысын жүргізген АПБ қызметкерлері бірнеше көлік пен тұрғынға ескертулер жасады. Олар ең алдымен халық көптеп жүретін Қордай ауылының орталық көшелерінде болды. Мұнда бұрынғыдай әрлі-берлі ағылған халық нөпірі жоқ. Бәрі карантин тәртібіне бағынып, індеттің алдын алып, таралуына жол бермеу қағидаларын ұстануда. Дейтұрғанмен, бұл күні себепсіз сыртта жүрген бірен-саран адам анықталды. Оларға полиция қызметкерлері алдын ала ескерту жасап, бұдан былай қайталанған жағдайда айыппұл төлеуге тура келетінін айтты. Кейбір азаматтардың жұмыс орнынан берілген анықтамалары бар болып шықты, бірақ олардың жүріп-тұру уақыты шектеулі екенін ұмытпаған абзал. Сондай-ақ, ешқандай негізсіз жолға шыққан көлік иелеріне де осындай ескертулер айтылды.

Жалпы қазіргі таңда аудан орталығында адамдар мен көліктердің қозғалысы азайған. Құқық қорғау қызметкелері аса қажеттілік болмаса үйден шықпауға кеңес беруде. Егер карантин талаптарын бұзатын болсаңыз, қомақты айыппұл төлеуге тура келеді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.