home
home home

Инвестиция көлемі артып, жұмыс орындары ашылмақ

 

Аудан әкімі Рүстем Дәулет Ноғайбай ауылдық округінде  «Monterra Qazaqstan» компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы, Германия азаматы Иоганн Штольмен кездесті. Қазіргі таңда «Monterra Qazaqstan» компаниясы аудан аумағында геологиялық барлау жұмыстарын табысты жүзеге асыруда. Компания өкілдерінің айтуынша бүгінгі күнге тау-кен металдарын анықтау үшін көптеген сынамалар алынып, кен орындарының шекаралары белгіленіп те үлгерген.

Кездесу барысында тау-кен металлургиялық комбинаттың газ құбырын және өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін дербес электрстанциясын салу жоспарланып отырғандығы туралы айтылды. 9 кен орнында болжамды қор мөлшері белгіленіп, зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. «2020 жылдың 5 айында Қаратас-Майбұлақ алаңындағы геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция көлемі 1 млрд.теңгені құрады, жалпы 2020 жылы 2,6 млрд.теңге инвестиция салу жоспарлануда», – дейді компания өкілдері.

Болжам бойынша осында анықталған қор тау-кен металлургиялық комбинаттың 20 жыл үздіксіз жұмыс жасауына мүмкіндік бермек. Таныстырылым барысында  «Monterra Qazaqstan» ЖШС бас директоры Юрий Фадеев кен орындарын пайдалану сатылары жөнінде, сонымен қатар  компания есебінен мамандарды дайындау, жаңа жұмыс орындарын құру және экологиялық балансты сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Компанияның жоспарына сай ауданда екі мыңға жуық жұмыс орындары құрылмақ. Сонымен бірге, кешенді жоспарда кен орындарына пайдаланылған аумақтарды қалпына келтіру шаралары да қарастырылған. Тау-кен компаниясы өкілдері табиғатқа еш зиян болмайтынын айтып, оған өз дәлелдерін де алға тартты. Содан кейін геологиялық қызмет басшысы Дмитрий Балыков әр жерді бұрғылау барысында алынған үлгілерін көрсетті. Маманның айтуынша бұл үлгілердің табылуы қазақ жерінің пайдалы қазбаға бай екенін дәлелдейді. Таныстырылым соңында аудан әкімі бірқатар ұсыныс енгізіп, компания басшылығы оларды назарға алып, міндетті түрде қарайтынын жеткізді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.