home
home home

Инфрақұрылым қарқын алуда

Инфрақұрылым қарқын алуда

Ауданда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында кезекте тұрған азаматтарға «Солтүстік» және «Шығыс» ықшам аудандарынан жер телімдері беріліп жатқаны баршаға мәлім. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қарқын алған.

 

Жаңадан бой көтерген тұрғын үй алқаптарына осы күні бас-аяғы 68164 метр жолға қиыршық тас төселіп, электр желісі де жүргізілген. Электр жүйесін орнату жұмыстарын «Пырақ» ЖШС  мердігер компаниясы жүргізіп, тұрғын үй алқабына 21 трансформатор, 3138 электр бағанасы орнатылды. Енді мұнда су құбырын салу жұмыстары жалғасын табуда. Аталмыш аудандарда қандай жұмыс жүріп жатқанын білу үшін дүйсенбі күні құрылыс алқабына барып қайттық. Аптап ыстықта мұндағы жұмысшылар су құбырларын орнатып, манипулятормен құдықтың сыртын қоршайтын бетондарды түсіріп, қызу жұмысқа кіріскен. Мұнда құжаттарын рәсімдеген тұрғындардың кейбірі баспана салуды бастап та кеткен екен. Алқаптың инфрақұрылымы толық аяқталғаннан соң тұрғын үйлердің құрылысы көбейе түспек.

Су жүйесі бойынша құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың сәуір айында басталып, келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Мердігер компания өкілінің айтуынша, құрылыс басына 8 техника және 17-ге жуық адам жұмылдырылған.

-Бүгінде «Солтүстік» ықшам ауданына су құбыры толығымен тартылған, тек кішігірім жұмыстар қалды. Ал, «Шығыс» ықшам ауданында су таратқыштарды орнатып, құдықтар қазып жатырмыз. Сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 60791,9 метрді құрайды. Құбырлардың тереңдігі жердің жобалау белгілеріне дейін 1,8 метрден кем емес, олар қалыңдығы 100 мм құмды негізге қойылады. Мұндай құбырлардың қолданылу мерзімі шамамен 40 жыл, – дейді «Агроспецмонтаж» ӨК өкілі Асанбаев Марат.

Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметінше, жалпы «Солтүстік» және «Шығыс» мөлтек ауданының инфрақұрылымын жүргізуге 985 млн. теңге және жол құрылысына 708 млн. теңге бөлінген. Қордайлықтарға «Солтүстік» мөлтек ауданында 961 және «Шығыс» мөлтек ауданында 1815 жер телімдерін беру жоспарланған. «Солтүстік» ықшам ауданына 3500, «Шығыс» ықшам ауданына 6353 тұрғын қоныстанады деп күтілуде. Бір ауылдың халқымен тең болатын бұл екі ауданға таяу болашақта мектеп, балабақша сынды бірқатар әлеуметтік нысандар салу жоспарланған.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.