home
home home

Халық үніне құлақ асатын мемлекет

 

Президент Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған бірінші Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы жайлы сөз қозғап, оның әділетті мемлекет құрудағы басты бағыттардың бірі екенін атап өткен еді.

Мемлекет басшысының айтуынша, билік өкілдері және қарапайым халық арасында тығыз қарым-қатынас орын алып, тұрғындардың көкейіндегі өзекті мәселелер тез арада шешіліп тұруы тиіс. Себебі, әр әкім, қала берді мемлекет қызметіндегі әрбір басшының басты міндеті – халыққа қызмет ету. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыны кесіп айтып, жергілікті атқарушы органдарға нақты және айқын тапсырмалар жүктеді.

Осыған орай біз араға уақыт салып Президенттің тапсырмасы аудан аумағында қандай деңгейде орындалып жатқанына назар аударғанды жөн көрдік. Тиісті мекемелерден жинақталған мәліметке зер салсақ, шын мәнінде халықтың үніне құлақ асатын, елдің арыз-шағымын тыңдап, жедел жауап беретін, өзекті мәселелердің шешімін шұғыл қарастыратын мемлекеттік аппараттың қалыптасып келетінін аңғаруға болады. Әңгімені аудан әкімдігінен бастасақ…

Аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудан әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы апта сайын пандемия жағдайына байланысты тұрақты түрде онлайн қабылдау жүргізіп келеді. Әрине, тұрғындардың тілегі мен сұраныстары әр түрлі болды. Біреуі көптен бері құжаттарын реттестіре алмаса, ендібіреуі басшылық өкілдерінен жер мәселесін шешіп беруді сұрайды. Ал, әлеуметтік, оның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер күн тәртібінен еш уақытта түспейді. Осындайда тиісті мекеме тарапынан әр азаматтың сауалына тиісті жауап беріліп, бағыт-бағдар және ақыл-кеңес беріледі.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 292 азамат жеке мәселелермен қабылданып, барлығына заң аясында түсініктеме берілген. Қажет болған жағдайда тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, әр сұрақ шешімін күттірмей тапқан. Өтініштердің сапалы және уақытылы қаралуы қадағаланып, тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар, аудан әкімі Рүстем Дәулеттің жеке блогына 33 өтініш келіп түссе, аудан әкімдігінің және аудан әкімінің фейсбук және инстаграмм әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына 132 азамат қайырылып, барлығына заң аясында жауап берілген.

Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әр аптаның бейсенбі күндері аудан әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы «Әкім сағаты» ұйымдастырылуда. Маусым  айынан бас-тап бүгінгі күнге дейін онлайн есеп беру шарасы 14 мәрте өтіп, 385 тұрғынның сұрақтары қаралды.

Бүгінде халықпен тығыз байланыс орнатудың басты құралы – әлеуметтік желі десек қателеспейміз. Кез-келген азамат әр басшының парақшасына өтіп, өзін мазалаған сауалын жолдауына болады. Аталмыш тұжырымдамаға сәйкес, әр әкімнің жеке парақшасы болуы тиіс. Бүгінде Қордай ауданындағы әр ауылдық округі әкімінің жеке парақшасы ашылған. Мысалы, аудан орталығынан алшақ жатқан Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесова халықпен тікелей байланыс-та деп айтуға негіз бар. Ауыл әкімі әр аптаның дүйсенбі және сәрсенбі күндері тұрғындарды қабылдайды. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы сауалдарға жауап қатады. Округ құрамына кіретін екі елді мекен тұрғындарынан жыл басынан бері 61 өтініш түссе, оның 5-уі жазбаша түрде болған. Күлжахан Елемесованың айтуынша, тұрғындардан жоқ дегенде күніне 2-3 өтініш түседі екен. Ауыл әкімінің шұғыл әрекетінің арқасында жұмысқа орналасу, ауыз су, жәрдемақы тағайындау, абаттандыру сынды елуден астам мәселе уақытылы өз шешімін тапқан.

Мысалы, округтегі А.Байтасов көшесінің тұрғындары ары-бері қатынайтын көпірдің апатты жағдайда болуына шағымданған. Алайда, Күлжахан Елемесованың ұйымдастыруымен Ұ.Солтанбеков есімді азаматтың көмегімен жаңа көпір салыныпты. Сондай-ақ, Қарасай ауылындағы Д.Қонаев көшесінің тұрғыны Аян Жамалбеков үйінің маңындағы сібір жарасының ошағын жоюды сұраса, ауылдық округ әкімдігіндегі қоғамдық жұмысшылардың көмегімен аталмыш ошақ бетондалып, жойылған екен. Сонымен қатар, осы көшеде тұратын Ульяна Максимова есімді жалғыз басты қарт ананың сұрауымен үйі әктеліп, сырланып, тазалық жұмыстары жүргізілген. Бұл округте атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана.

Жалпы, азаматтық қоғам қалыптастырудың және берік мемлекет құрудың алғышарттарының бірі – осындай нақты әрекеттерден басталуы тиіс. Тұрғындардың билікке деген сенімі артса, қоғамда түрлі теріс пікір мен жағымсыз ойлар азаятыны рас. Сонымен қатар, тұрғындардың саяси санасының артуы да маңызды. Президенттің жылдағы халыққа арнаған Жолдауындағы сөздердің астарына үңіліп, мағынасына мән беретін болсақ және де оның орындалуына атсалыссақ тұжырымда айтылған «мемлекет» болудың ауылы алыс емес.

Еркін Қатбеков


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.