home
home home

Халық қаһарманы халық ортасында

Халыќ ќаћарманы халыќ ортасында

Дүйсенбі күні ауданымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев келіп, бірқатар өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандарды аралады. Халық қалаулысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов, аудан әкімі аппаратының басшысы Мырзағали Күзербаев жүрді.

Бақытжан Ертаев алдымен ауданның экономикасына елеулі үлес қосып келе жатқан «Первомайские деликатесы» ЖШС-нің заманауи қасапханасында болды. «Индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы іске қосылған «Первомайские деликатесы» ЖШС ет өңдеу бойынша атқарып отырған жұмысының барысына депутат ризашылығын білдірді. Сондағы жұмысшылармен тілдесіп, заманға сай шетелдік жабдықтармен жұмыс жасайтын ауқымды өндіріс орны болашағының зор екенін ерекше айтып өтті. Мал сою алаңы озық технологиялардың көмегімен жабдықталып, толық күйінде жұмыс істеп тұрған серіктестіктің тың бастамалары көңілден шыққаны рас. Малды сою және етті өңдеу бөліктерінен тұратын өндірістегі әр цехта он бестен жұмысшы, одан бөлек басшы, инженер, техник, есепші, қызметкерлер тер төгеді. Әкелінген мал алдымен бөлек қорада демалдырылып, мал дәрігердің тексеруінен өткен соң, таразыға тартылып, біртіндеп сою цехына қабылданады. Мұнтаздай тазалыққа да аса ден қойылған. Осының барлығы халық қалаулысының көңілінен шығып, «өркендей беріңдер» деген тілегін де жеткізді.

Осыдан кейін Б.Ертаев аталмыш серіктестіктің шұжық цехында болды. Қайта жаңғыртудан өтіп, жұмысын жандандыра түскен цех шұжық өнімдерінің жүздеген түрін өндіреді. Ал, өнімнің ассортиментіне келсек, ол саудадағы сұранысқа сай ысталған, қайнатылған, бұқтырылған түрде жүздеген аталымға дейін өзгеріп тұрады. Заманауи техника мен технологияны қолданып, талапқа сай тұтыну тауарын шығарып отырған өндірістің болашаққа деген жоспары үлкен, мақсаты айқын. Бақытжан Ертайұлы цех қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Келесі күні Мәжіліс депутатының ауданымызға жұмыс сапары 2017 жылы ашылған 2038 әскери бөлімінің әскери қалашығында жалғасты. Шекарашылармен жүздесу әскери бөлімнің мәдениет үйінде болып, онда Бақытжан Ертайұлы отаншылдық, елге, ұлтқа қызмет ету, әсіресе әскери қызметшілердің өз антына адал болуы турасында сөз қозғап, Елбасының көреген саясаты, еліміздің даму қарқыны және өзге де көптеген мәселелер бойынша әңгіме түйінін ағытты. Әскери қызметкер үшін барлық жағдай жасалған, отбасыларымен тұруға пәтерлері, жатақханасы және өзге де әлеуметтік нысандары жетерлік қалашықтың тұрғындарына Халық қаһарманы шекарашылардың еліміздің ең бірінші қалқаны екендіктерін ұмытпауды айтты.

Осыдан кейін Бақытжан Ертаев Ауқатты ауылдық округінде аудан әкімдігінің қолдауымен ашылған ауылдық учаскелік полиция бөлімшесін-де болды. Жиырмаға жуық қызметкер Ауқатты ауылымен қатар, Қарасу, Масанчи, Сортөбе, Қаракемер, Қарасай батыр  ауылдық округі тұрғындарына қызмет көрсетіп, құқықтық және қоғамдық тәртіпті қорғайды. Тәртіп сақшыларының жұмысымен танысып, учаскелік инспекторлармен сұхбаттасқан халық қалаулысына полицейлер ауылдағы қылмыстық ахуал жайында айтып, көптеген түйткілді мәселелерді тұрғындардың аудан орталығына бармай, осында шеше алатындықтарын жеткізді. Қызметкерлерге арналған бөлмелері, заман талабына сай жабдықталған мәжіліс залы, кезекші отыратын арнайы бөлмесі бар пункттің жұмысына да сәттілік айтылды. Мәжіліс депутаты осының барлығы халықтың игілігі үшін, тұрғындарға жасамалып отырған жағдай екендігін жеткізді.

Бақытжан Ертаевтың келесі барған нысаны – ажары ашылған Әлжан ана ауылы болды. Онда Мәжіліс депутаты алдымен Әлжан ана тарихи музейіне бас сұқты. Алдында әдемі бюсті қойылған, ішінің көркінен көз сүрінетін музейдің заманауи технологияларды пайдалана отырып көрсететін қызметі және өте құнды жәдігерлерімен музейдің экскурсоводы Әлішер Аяпберген таныстырды. Мұнда депутат музейдің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясындағы жұмыстарды жандандыра түсіп, осындай кереметтей тарихи орынның ашылуының, әсіресе жастарға берері мол екенін айтып өтті. Осыдан соң Бақытжан Ертайұлы қайта жөндеуден өтіп, сән-салтанаты келіскен Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде болып, шығармашылық ұжымдардың жұмысымен танысып, кітапханасында болып, ауылдық басшылық және ақсақалдармен сұхбаттасты. Би өнерінен көптеген байқаулардың жүлдегері атанып, көзге түсіп жүрген «Нұрсұлтан» би ансамблінің тәрбиеленушілеріне де әрдайым намысты қолдан бермейтін азамат болуды айтып, шығармашылық табыс тіледі.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта