home
home home

Ғасыр көрген батыр ана

Ғасыр көрген батыр ана

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудан әкімі Болатбек Байтөле 107 жасар қарт ана Зейнап Аллавердиеваның шаңырағына арнайы барды. Қазыналы қарияны мейрамымен құттықтап, ыстық лебізін білдірген аудан басшысы сый-сияпат табыстады.

 

Үйіне келген қонақты көргенде әжейдің қуанышы еселене түсті. Таяғына сүйенген ол орнынан түрегеліп, мейманды өзі қарсы алды. Амандық сұрасқан Болатбек Байқонысұлы батыр ананы төл мерекесімен құттықтады.

– Сіз өмірден көргені мен түйгені мол жансыз. Осындай сіздей аналарымыздың арамызда жүргені біздің өмірімізді нұрландырып, қолдауларыңыз жүрегімізге сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарыта берсін. Шаңырағыңызға шаттық, жанұяңызға береке-бірлік тілеймін, – деп гүл шоғы мен сыйлығын табыс етті. Екі ғасырдың куәсі болған, зұлмат жылдары аянбай тер төккен батыр әжей отбасына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне алғысын білдіре келе, ақ батасын беріп, ағынан жарылды. Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Зейнап әжей бүгінде 24 немере, 37 шөбере сүйіп отырған кейуана. Кезінде Қазақстанға қоныс аударылған ол сол жылдары құшақ жая қарсы алған қазақ халқына деген алғысын да айтып үлгерді. Сонау сұрапыл соғыс жылдары қара жұмыс істеп, жүгері жинаумен айналысқан. Осындай қиын-қыстау кезеңді есіне алған батыр әжей бүгінгі ұрпағының бақытты ғұмыр кешіп жатқанына тәубе етеді.

Шуақты мереке қарсаңында өзге де ардақты аналар аудан әкімінің құттықтауын қабыл алды. Соның бірі 11 ұл-қызды дүниеге әкеліп, бүгінде 37 немере, 28 шөбере сүйіп отырған, «Ерен еңбегі медалінің» иегері, қордайлық батыр ана Келеркүл Мүсралиева. Сонымен қатар, осы күні ҰОС ардагерінің жары Тамара Бельшина, «Алтын алқа» иегері Намет Жартыбаева, зейнеткер Людмила Игуменцева, білім саласының ардагері Гүлдаста Багирова, тыл еңбеккері Дина Калюжная және Андига Агеева да басшылықтың ыстық ықыласына бөленді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта