home
home home

Фронт-кеңсенің пайдасы мол

 

 

Жуырда аудандық полиция бөлімінің жанынан фронт-кеңсе ашылды. Нысанның тұсаукесер рәсімінде тұрғындардың осыннан еш қиындықсыз керекті мәліметін алуына немесе арыздануына болатыны айтылған болатын. Кеңсе сонымен қатар азаматтардың уақытын үнемдеуге де септігін тигізуі тиіс еді. Осыған орай, қордайлықтар үшін аталмыш нысанның қаншалықты қолайлы әрі қажетті екенін өз көзімізбен көріп қайттық.

Расында, мекемеге бара қалсаңыз ғимараттың кіреберісінде бұрынғыдай темір торлы есік, қарулы күзетші жоқ. Кірген жанның көз жауын алатын заманауи нысан уақыт талабына сай жабдықталған. Келушілерге қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бөлменің өзі қос терезеден тұрады. Азаматтарды қабылдау терезесінде өзіңізге қажетті ақпартты ұсынатын кезекші отырады. Сол терезе арқылы келген жұмысыңызды тындыруға болады. Фронт кеңсенің қазіргі жұмысы турасында толыққанды білмек ниетте аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Әбдікерімовпен жолықтық.

– Бұған дейін аудан жұртшылығы арызын арқалап полиция бөліміне баратын. Келушілер санының көптігіне байланысты ұзын-сонар кезек қалыптасатын.  Енді аудан тұрғындары заң қызметкерлерінің қабылдауына еш кедергісіз кіре алады. Себебі, фронт-кеңсе іске қосылды. Мұнда жанұядағы келіспеушіліктен бастап әртүрлі заңбұзушылық деректер дереу тіркеледі. Одан әрі полицейлер шағым негізінде істің мән-жайын анықтайды, – дейді Бауыржан Әбдікерімов.

Негізінде ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мақсаттарды іске асыру аясында қолға алынған аталмыш кеңсе бүгінде тұрғындарды қабылдау жұмыстарын жандандыра түскен. Арыз-өтініштер тез арада қабылданып, жауабы да көп күттірмейді. Себебі, біз барған кезде онда келген Сортөбе ауылының тұрғыны Ербол Деркенбаевтың мәселесі уақыт күттірмей шешімін тауып, қажетті кеңес берілді.

-Қару-жарағымның пайдалану уақыты өтуге таяу қалған. Осы мәселемен келіп, тез арада оңтайлы шешімін таптым. Әрине, бұған жаңа ашылған фронт-кеңсенің пайдасы тиді. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын осы мәселемен ұзақ уақыт жүрген едім, – дейді Е.Деркенбаев.

Аталмыш кеңседе бұдан да өзге әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметінің мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі мәселелерге қатысты көмек көрсетеді.

-Мұнда күн сайын екі қызметкер кезекшілікте отырады. Мәселен, тұрғындар қарапайым сауалмен немесе кеңес алу үшін сағаттап кезекте тұрады. Бұл фронт-кеңсе тұрғындардың уақытын үнемдеу және полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Күрделі сұрақтар немесе күрмеуі қиын проблемалар болса оны да анықтап, тиісті мамандарға жолдайтын боламыз, – дейді полиция подполковнигі.

Шынтуайтында, мұнда күн сайын аудан тұрғындары әр түрлі мәселемен келеді. Жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша шағымдар жазылады. Сондықтан, фронт-кеңсе келушілер үшін кедергісіз полиция бөлімінің кіре берісінде орналасқан. Бұрынғыдай тергеушіге немесе анықтаушыға келіп, кезек күткендер саны жобаның арқасында айтарлықтай азайған.

Мадияр ҚАРАБАЕВ

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.