home
home home

Eсілдердің есімі ұмытылмайды

 

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қордай аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері аудан орталығында орналасқан стеллаға гүл шоқтарын қойып, солақай саясат кесірінен қудалауға ұшыраған, аштықта қаза болған жандарды еске алды.

Ардагерлер ұйымы төрағасы Біржан Әлімбет, Қордай ауданының Құрметті азаматтары Иосив Коркмазов, Тұрсын Қалығұлов және өзге де қариялар жазықсыз жала жамылып, түрмеге тоғытылған, қолдан жасалған аштықтан қынадай қырылған халқымыздың басына түскен сол бір нәубет заманды еске алып, 2006 жылы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арнайы ашылған стелла маңында тәу етті.

Ардагерлер бүгінгі таңда тәуелсіз елімізде өмір сүргенімізге шүкіршілік айтып, енді ондай заман болмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, деген баталы сөздерін айтты.

Сол бір зұлматты жылдары жалпы Қазақстан бойынша 2 миллионға жуық адам қаза болса, миллионға жуық адам жан сауғалап шекара асып кеткен. Одан бөлек, қазақ қоғамының саяси және әдеби элитасын қырып салған сол бір саясат 103 мың адамды соттап, 25 мыңын ату жазасына кесіпті. Лагерлерге айдалғандар мен олардың отбасылары, ұрпақтары адам төзгісіз қыспақ пен қиындыққа душар болды. Қордай ауданынан да мыңдаған адам түрлі айыппен жазаға тартылып, жазықсыз қамалған, атылған, қудалауға түскен. Елімізге өзге елдерден де сол айыппен түрлі ұлт өкілдері қоныс аударып, бүгінде олардың ұрпағы қиындықта қол ұшын созып, бір үзім нанымен бөліскен қазақ еліне ақ алғысын айтуда.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.