home
home home

Ерлік даңқы ешқашан өшпейді

Ерлік даңқы ешқашан өшпейді

Жыл сайын аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескеткіш маңында 9 мамыр – Жеңіс күніне орай дәстүрлі митинг өтеді. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, ескерткіш жанына гүл шоқтары қойылды.

 

Ағымдағы жылы адамзат тарихындағы ең алапат соғыстың аяқталғанына 74 жыл толып отыр. Майданға бозбала болып аттанған жігіттердің елге аман келгендері бүгінде 90-ды алқымдаған қария. Жастығын соғыс жалыны жалмағандары қаншама, майдан даласында өлім құшып, үшті-күйлі жоғалған жандардың іздеушісі – бүгінгі ұрпақ бір минуттық үнсіздікпен еске алады, қастерлейді, тағзым етеді, құрметтейді.

«Ерлік даңқы ешқашанда өлмейді» деп аталған митингке жиналған қауымды алдымен аудан әкімі Болатбек Байтөле құттықтады. «Сіздерді өшпес ерліктің мерекесі, қасиетті де қастерлі – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – батыр бабаларымыздың туған жерге деген шынайы махаббатының, халқымыздың беріктігі мен бірлігінің, қайсар рухы мен жалынды жігерінің арқасында жеткен Ұлы күн. Сондай-ақ, Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бүгінгі тәуелсіз ел атанып, еліміздің өркендеуі – осынау Ұлы Жеңістің жемісті жалғасы. Барша қазақстандықтармен бірге біздің Қордай өңірінен Ұлы Отан соғысына oн бір мыңға жуық ер азамат аттанып, туған жерін жаудан азат етуге атсалысты. Майдан даласынан елге аман қайтқан жауынгерлер түрлі салада қызмет етіп, майдандағы ерлік істерін бейбіт күндегі адал еңбектерімен жалғастырып, елге өлшеусіз қызмет етті», – деді Болатбек Байқонысұлы.

Жеңісті жақындатқандар туралы халық алдында Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Ирхин, тыл ардагері Тұрған Жасыбаев сөз алып, бейбіт өмір үшін белді бекем буып, майданға аттанған адамдардың елі үшін, жалпы әлемдегі тыныштық үшін сіңірген ерен еңбегі мен жанкештілігі жайында айтты. Осыдан кейін ескерткішке гүл шоқтары қойылып, жиналған қауым ардагерлермен бірге естелік суретке түсті.

Митинг аяқталғаннан соң мерекелік думан орталық алаңда басталып, сахнадан соғыс жылдарында туған әндер мен жырлар төгіліп, сол бір жылдарды көз алдыңа әкелетін сахналық театрландырылған қойылымдарды аудан өнерпаздары келген қонақтарға тарту етті. Ал, сәл әріректе, тоғызқұмалақ пен дойбыдан, ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп, жаппай халықтық серуенге ұласып, сауда-саттық қыза түсті. Мерекелік думан біткеннен кейін «Астана» кафесінде дастархан жайылып, оған майдангерлер мен оларға теңестірілген тыл ардагерлері ақ шаңқан лимузинмен жеткізілді. Онда да құттықтаулар тиегі ағытылып, қариялар батасын беріп, ұйымдастырушы тарапқа алғыстар молынан айтылды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта