home
home home

Еріктілердің ерен еңбегі

Еріктілердің ерен еңбегі

 

Мемлекет басшысы қайырымдылық пен волонтерліктің пандемия кезінде жалпыұлттық

сипат алғанын атап өтіп, оның әлеуметтік нормаға айналғанын және халықтың дұрыс қабылдағанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын-қыстау кезде сырт қалмай, отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік, ізгілік танытқан әр азаматқа ризашылық білдірді.

– Асар деген ата дәстүрімізді сақтап келе жатқанымыз қуантады. Пандемия кезінде де еріктілер аянбай еңбек етіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Олар күндіз-түні дәрігерлермен және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, індетпен күресті. Қайырымды жандар ортақ іске жан-жақты қолдау білдірді.  Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл игі бастамаға мыңнан астам азамат қаржылай үлес қосты. Біз осындай ұйымшылдықтың және жауапкершіліктің арқасында ахуалды тұрақтандыра алдық. Мұның бәрі – елдіктің және береке-бірліктің жарқын көрінісі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметті дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекетіміздің ұзақ мерзімді басымдығы деп санайды. Волонтерлік іспен айналысу – патриотизмнің жарқын көріністерінің бірі. Мемлекет басшысы жариялаған Волонтер жылы азаматтарымыздың көпшілігін қайырымды іс қозғалысы төңірегіне топтастырды. Қазақстандықтардың ұсынысы бойынша жасалған көптеген қайырымдылық және волонтерлік жобалар соның дәлелі.

– Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қызметкерлердің волонтерлік жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Қазіргі таңда бұл жақсы нәтиже деп есептеймін. Баршаңыздың бұған елеулі үлес қосқандарыңыз сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еріктілердің, қайырымдылық қорлардың пандемияға қарсы күрес кезінде үлкен рөл атқарғанын ескере отырып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық күнін жариялау туралы ұсынған бастамасы қолдау тауып, жүзеге асатынына сенім білдірді. Оның пікірінше, Қазақстан волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту ісінде озық халықаралық үрдістерден қалып қоймайды. Волонтер жылы осы бағытқа тың серпін берді.

– Волонтерлік қызмет осы жылмен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді. Өйткені волонтерлік қызмет мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаттарымен үндесетін болғандықтан, бұл – рухты көтеретін, халықтың мұң-мұқтажын бөлісетін қозғалыс, – деді Президент.

Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша түсінікті әрі тиімді құқықтық механизмдерді қамтитын Қайырымдылық туралы заң әзірленуде.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.