home
home home

Ерікті болу – ерлік

 

Жастардың бойына қайырымдылық пен ізгіліктің дәнін себу, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру қашан да маңызды. Жастар жылының жалғасы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды – Еріктілер жылы деп жариялаған болатын.

«Волонтер болу – мамандықтан үлкен дүние», демекші волонтерлік тегін және ерікті  түрде жүзеге асатын жұмыс. Түптеп келгенде бұл заманауи, өркениетті адамның өмір сүру салты деуге әбден болады. Негізінен «волонтер» (ерікті) деген ұғым латынның «voluntarius» деген сөзінен шыққан. Ол адамның өз еркімен, өзінің адами қасиетінің, жанашырлығының арқасында қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын білдіреді. Бүгінде әлем бойынша волонтерлік қозғалысқа жұмылған адамдар саны күн санап артып келеді. Мәселен, дүние жүзінде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің саны 970 миллион болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда. Ал, соңғы кездердегі тәжірибе көрсетіп отырғандай олардың қоғамдағы алар орны ерекше. Өйткені, еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар мұқтаж жандарға көмектесуді өзінің адами парызы деп санайды. Осы орайда «Еріктілер деген кім? Олар немен айналысады?» деген сұрақтың туындайтыны өте орынды.

Жалпы, дәл осы сұрақты еріктілердің өздеріне қоя қалсаңыз, олар бірден жауап бере алмауы мүмкін. Себебі олар өздерінің атқарған ісін жан қалауларымен жасап отырғаннан кейін бірден «ерікті деген мынау» деп жауап қайтара алмайды. Бір сөзбен айтсақ «еріктілер» адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ. Мысалы, ауданымыздағы еріктілер тобы көмекке мұқтаж егде жастағы азаматтар мен көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, жүздеген қайырымдылық шараларын еңсеріп үлгерген жандар. Бұл қатарда ауданымыздың жастары өзгелерге үлгі болып отырған жайы бар.

Осы орайда еріктілердің немен айналысатынына жалпылама тоқталып өтсек.

Елімізде осыдан біраз уақыт бұрын «Еріктілер қызметі туралы» Заң қабылданған. Заңға сәйкес еріктілердің қызметі – көмекке мұқтаж азаматтарға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасаумен ұштасады. Еріктілер жалғыз өзі немесе топ болып жұмыс істейді. Бұл олардың өз еріктерінде. Олардың негізгі айналысатын жұмыстары жетімдерге, мүгедектерге немесе қарттар үйіне барып оларға қолдарынан келгенше көмек көрсету. Ал, олардың белгілі бір мерекелік іс-шараларда, айтулы күндерде қоғамға мемлекет мүддесі үшін өз еріктерімен көмекке келуі де «ерікті» әрекеті саналады.

Айта кетсек аудан, облыс көлеміндегі бұл бағыттағы жұмыстар жыл басынан басталып, бүгінде еріктілер жобаларын бірнеше бағытта ұсынып, жоспар бекітілген. Атап айтар болсақ, «Сабақтастық» бағыты бойынша еріктілер балалар үйлерінің балаларына қамқорлық көрсете алады. «Саулық» медициналық бағыты бойынша еріктілер науқастарды күтуге көмек көрсетеді. «Таза әлем» бағыты қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйрету. Ал, «Асыл мұра» бағыты еріктілерді халқымыздың материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұрасын сақтауға шақырады. Сондай-ақ, «Қамқор» бағыты қарттар үйіндегі еріктілер жұмысына бағытталса, «Білім» бағыты ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ерікті көмек көрсету бойынша жұмыс жасамақ. «Үміт» жобасы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыздың ерліктері туралы баяндайтын құжаттарды іздеуге бағытталған. Тіпті, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсету жөніндегі жұмысқа ерікті-заңгерлерді белсенді тарту мәселесі қарастырылып, бұл бағыттағы жұмыстар жан-жақты жүргізілуде.

Қорыта айтсақ, қазақ тілінің сөздігіне бір үңілсеңіз, «ерікті» деген сөзге синоним болатын, балама ретінде «асар» сөзін алуға болады. Асар – ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып белгілі бір мұқтаж жанға қолдарынан келгенше тегін көмек көрсету. «Асар» сөзі тіпті белгілі бір дәстүрге де айналып кетті. Сондықтан «ерікті» сөзін кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені қазақ халқында бұл сөздің түбірі баяғыдан бар.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.