home
home home

Елтаңба ескірмесін, Ту кірлемесін

Елтаңба ескірмесін, Ту кірлемесін

Жуырда аудан әкімдігі жанынан құрылған мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Оған ішкі саясат бөлімінің басшысы Баян Ыбышева төрағалық етіп, комиссия мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіне үш мәселе енгізіліп, талқыға түсті.

 

Аудандағы арнаулы орта оқу орындарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану және қолдану жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы төрт бірдей колледж директорларының орынбасарлары есеп берді. Алғаш болып орталықтағы «Береке» колледжінің аталмыш мәселе бойынша атқарылған есебі тыңдалды. Бұл сұрақ бойынша аталған мекемеде бірқатар жұмыстар жасалып, дөңгелек үстел мен бірнеше іс-шара өткізілген екен. Дегенмен, осы күнге дейін комиссия мүшелері рейд ұйымдастырып, кейбір мекемелерден олқылықтар кездескенін атап өтті. Соның бірі аталмыш колледждің акт залында Елтаңба мен мемлекеттік Ту стандартқа сай орналаспағандықтан, тез арада тәртіпке келтіру қажеттігін ескертті. Дәл осындай ескерту №7 Бетқайнар колледжіне де берілді. Онда колледж ғимаратының сыртында орналасқан мемлекеттік Туды кір басып, түсі оңып кеткен. Осы мәселе бойынша Қордай ауыл шаруашылығы мен «Қордай» гуманитарлы-экономикалық колледждерінің баяндамалары тыңдалды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе, аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану және қолдану жөніндегі жұмыстары жайында АОА бас дәрігерінің орынбасары Иван Черных баяндама жасады. Бұл мәселе бойынша да бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, Алға ауылындағы медициналық пункт пен Арал ауылының фельдшерлік-акушерлік пунктінің маңдайшасындағы Елтаңбалар қарайып, түсін жоғалтқан. Баяндамашы бұл кемшіліктерді тез арада қалыпқа келтіретінін жеткізді. Ал, үшінші мәселе ауылдық округтердегі мемлекеттік мекемелерде рәміздерді насихаттау және қолдану жөніндегі жұмыстар бойынша Ауқатты, Степной, Алға, Қарасу, Ноғайбай ауылдық округтері мамандарының есебі тыңдалды. Онда да кемшіліктер орын алған. Мәселен, Қызылсай ауылдық №10 мектебінің сыртында орналасқан Туды кір басқан, мектеп басшылығы оны ауыстырғанымен Тудың ұштығы стандартқа сай келмейтіні айтылды. Сондай-ақ, Степной ауылдық №24 орта мектептегі Елтаңба ескіріп кеткен. Ал, Алғадағы №34 М.Смағұлов атындағы орта мектептің атауы орыс тілінде жазылған маңдайшасы сынған. Мұндай жағдай  Өтеген ауылындағы №8 орта мектебінде де орын алған. Ал, Ноғайбай ауылындағы №35 Р.Қунақова атындағы орта мектеп ғимаратындағы мемлекеттік Ту кірлеп, атауы жазылған мекеме маңдайшасы сынған. Аталмыш олқылықтар табылған ауылдық округ мамандарына ескертулер беріліп, комиссия мүшелері тез арада кемшіліктерді түзетуді ұсынды. Негізінде Қазақстан Республикасы аумағындағы қолданыстағы ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ұлттық стандартына сай мекемеде орналасқан Мемлекеттік Елтаңбалардың, сондай-ақ, Мемлекеттік Тулардың ҚР СТ 988-2007 жылғы ұлттық стандарттарға сәйкестігін үнемі бақылауда ұстау әр мекеме басшысының міндеті. Осыны ескерткен отырыс төрағасы мекеме басшыларымен қатар ауылдық округ әкімдеріне мемлекеттік рәміздерді насихаттау бойынша іс-шаралардың тұрақты түрде өтуін және ҚР Мемлекеттік рәміздерінің жаңа стандарттармен орналасуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.