home
home home

Екі ел министрі Қордайда кездесті

 

Екі ел министрі Қордайда кездесті

 

«Қордай» өткізу-бақылау бекеті Қазақстан мен Қырғызстан елдері арасында халық нөпірі мен көлік ағыны ең көп шекаралық пункт болып саналады. Тәулігіне бірнеше мың адам мен автокөліктер өтетін аймақта жаз айларында жағдай тіпті ушығып кететіні жасырын емес. Осыған орай желтоқсан айынан бастап «Қордай» бекеті күрделі жөндеуден өтетін болды.

Өткізу бекеті кеңейту, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынуына байланысты уақытша жабылады. Осы және өзге де көкейтесті мәселелер бойынша өткен сенбіде шекара маңында екі елдің министрлерінің кездесуі өтті. Халықаралық жиынға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының өкілдері, Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Көлік және жол министрі Жанат Бейшенов, Қырғыз Республикасы Көлік және жолдар министрлігі жанындағы автомобиль, су көлігі бақылау агенттігінің директоры және шекара қызметінің басшылары қатысты. Жиын барысында «Қордай» өткізу пункті жөндеу жұмыстарына жабылғанға дейін Қырғызстанмен арадағы негізгі шекаралық бақылау-өткізу бекеттерін жаңарту туралы әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, «Сортөбе» және «Ауқатты» автомобиль өткізу пунктерін көпжақты халықаралыққа ауыстыру, яғни алдағы уақытта барлық транзиттік жол көліктері осы екі бекет арқылы өтетіндігі айтылды. «Қарасу», «Сортөбе», «Ауқатты» бақылау бекеттеріндегі шекара арқылы өтушілерге арналған бақылау кабиналарын көбейту, екі ел арасындағы шекара сызығында орналасқан көпірді қайта жөндеуден өткізу, кеңейту сынды өзекті мәселелер қозғалды. Екі тарап осы күні аталған бақылау бекеттерін аралап шығып, қолға алынатын жұмыстарды көзбен көріп, бірқатар келісімдерге келді.

Жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңде Қордай ауданы әкімдігі тарапынан «Қордай» бақылау бекетінен күнделікті өтетін азаматтар үшін «Қордай-Қарасу» бағытында арнайы қоғамдық көліктер ұйымдастыралатын болады. Бұл ауданнан көрші елге қатынаған азаматтарға үлкен көмек болғалы тұр. Кездесу барысында көтерілген мәселелер қатарында транспорттық дәліздің жұмысын кеңейтіп, шекарадағы кедергілерді азайтуға септігін тигізетін жұмыстар жайы да сөз болды. Осы тұста екі бірдей бақылау бекеттеріне халықаралық мәртебе берілгендіктен ауданның бірқатар жолдары республикалық мәндегі автожол болуы әбден мүмкін. Жергілікті тұрғындар осындай өңір игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға қолдау білдіріп, түсіністікпен қарайды дегенге сенім мол. «Қордай» өткізу-бақылау бекеті жөндеуден өту барысында сол маңның инфрақұрылымы да жасалып, ретке келтірілетін болады.

Ж. ОМАРОВ

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.