home
home home

Достық пен мейірім мерекесі

Достық пен мейірім мерекесі

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде                   1 наурыз – Алғыс айту күні болып белгіленді. Өз сөзінде Президент бұл күн туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» – деген болатын.

 

Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер мен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет. «Қазіргі Қазақстанды мекен еткен этностық топтардың ортақ тарихи тағдыры халықтың ділінен, оның өмірлік көзқарасы мен ұмтылысынан жағымды көрініс тапты. Барлық этностарға ортақ құндылықтар мен идеалдарды қалыптастырды», – деп Елбасының баса айтқаны көпшіліктің есінде болар.

Осынау айтулы күні қиын-қыстау кезеңдерде адамгершілік пен имандылық үстемдігінің жадымызда болуы Қазақстан халқын біріктіре түсетіні де анық. Алғыс айту күнінің басты мәні – тарихи оқиғаларды есімізде сақтап, ұрпақтар сабақтастығы мен іргесі берік негіздегі ел бірлігін нығайту болып табылады. Мейірімділік, өзара көмек және бір-біріне деген құрмет қазақтың киелі топырағында күллі қазақстандықтар көздің қарашығындай сақтайтын әрі мақтан тұтатын достық пен өзара түсінушіліктің бірегей атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алғыс сөздерін айтқан адам да, алғыс алған адам да қуаныш сезіміне бөленеді. Сондықтан болар, Алғыс айту күнінің мәні мен маңызы біз үшін ерекше.

Осы айтулы мерекеге арналған мәдени-бұқаралық іс-шаралар легі еліміздің түкпір-түкпірлерінде ұйымдастырылса, ауданымызда Масанчи және Сортөбе ауылдық округінен бастау алды.

Нақтырақ айтсақ, 25 ақпан күні Масанчи ауылындағы қазақ халқына алғыс білдіру мақсатында орнатылған ескерткіш маңында митинг ұйымдастырылып, іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, демеушілер, этномәдени бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақ жерін түрлі этнос өкілдері мекендейді. Олар бірлесе этносаралық бірлік басымдық тапқан көпұлтты тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалады. Қазақстан 140 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған біздің ата-бабаларымызға пана болды. Біз қиын-қыстау кезде қол ұшын созған қазақ елінің жақсылығын, қонақжайлығын, мейірбандылығын ешқашан ұмытпаймыз. Алғыс айту күні – ерекше мағынасы бар тамаша мереке. Қазақ бауырларымызға осы күні айтар алғысымыз шексіз, – деп жиын барысында ризашылығын білдірді аудандық мәслихат депутаты Г.Джинлиров.

Сортөбе ауылында ұйымдастырылған Алғыс күніне арналған мерекелік концертке жақын орналасқан Ауқатты, Қаракемер, Масанчи ауылдарының тұрғындары шақырылды.

Сортөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы М.Гаров іс-шара қатысушыларын құттықтап, өткен ғасырдың басында орын алған жаппай Қазақстанға жер аудару жайында ұмытпау керектігін тілге тиек етті.

Елбасымыз Алғыс айту күнін бекерге 1 наурызға белгілеген жоқ. Дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Мемлекет басшысының бастамасымен бұл мерекенің аталып келе жатқанына төрт жылдың жүзі болды. Өскелең ұрпақ өз ұлтының құндылықтарын қастерлеп, өз Отаны – Қазақстанды жақсы көреді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын қадірлейді. Олар ұлтаралық достықтың мемлекет тұтастығының негізі екенін жақсы біледі. Оны сақтап, арттырудың қажеттігін терең түсінеді. Жастар тарихын біліп, одан сабақ алулары тиіс. Аға буынның өмірі жастар үшін үлгі болуы тиіс, – деп атап өтіп, өз алдында алғысын айтты.

Көрермендер мен іс-шара қатысушыларының назарына Қазақстанды мекендеген әр этнос өкілдерінің тағдыры, қиын-қыстау күндері көмек қолын созған қазақ еліне деген шексіз ризашылығы жайындағы бейнероликтер көрсетілді. «Бүлдіршін» балабақшасының тәрбиеленушілері сахналық қойылым қойып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ал, этномәдени бірлестік өкілдері халық әндері мен билерін ұсынды.

Сондай-ақ, іс-шара барысында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, көпбалалы аналарға азық-түлік себеттері тапсырылды. Белсенді азаматтар аудандық мәслихаттың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Вынхуа» дүнген ұлттық-мәдени орталығының грамоталарымен марапатталды.

Іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен төрағалары қазақ халқына, Отанымызға бейбітшілік пен бірлік үшін, кәсіпкерлер мен демеушілерге көрсеткен көмектері үшін алғыстарын білдірді.

Мен Қазақстанда туып-өскеніме, Елбасының арқасында бірлік пен ауызбіршілік орнаған елде тұрып жатқаныма қуаныштымын, – деді іс-шараны қорытындылаған «Вынхуа» дүнген ұлттық-мәдени орталығының төрайымы А.Идыбо.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.