home
home home

Депутаттар ел ішінде

Депутаттар ел ішінде

13 қаңтарда ауданымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаев және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев келді. Жұмыс кестесіне сәйкес Мұратбай Жолдасбаев «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында еңбек ардагерлерімен кездесу өткізсе, Бақытжан Ертаев «Қарасу» шекаралық өткізу пунктінде, 2038 әскери бөлімнің «Өтеген» шекара заставасында, аудандық төтенше жағдайлар және полиция бөлімінде болып, жеке құраммен кездесу өткізді. Кездесу барысында халық қалаулылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауынан туындайтын мақсаттардың іске асуы турасында және өзге де мәселелер жайында сөз қозғады.

Партияның Қордай аудандық филиалында өткен кездесуде Мұратбай Сматайұлы жиналған қауымды жаңа жылмен құттықтап, одан кейін Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған мәселелер, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, жұмыспен қамту, қоғамның әлжуаз топтарына көмек қолын созу, әлеуметтік көмек беру сынды жұмыстар турасында айтып, бүгінгі таңда халық қалаулылары тарапынан атқарылып жатқан толайым істер жайында сөз етіп, жиынға қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов көкейтесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Кездесу соңында жиынға қатысқан аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов тұрғындар атынан Сенат депутатына алғысын білдірді.

Ал, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев жұмыс сапарын «Қарасу» өткізу пунктінде шекарашылармен кездесуден бастады. Әскерилер халық қалаулысына жақын күндері «Қордай» өткізу пункті күрделі жөндеу жұмыстарына орай уақытша жабылуына байланысты «Қарасуға» адам және көлік ағынының артуына орай дайындық шаралары турасында айтып берді. Осыдан кейін Б.Ертаев 2038 әскери бөлімінің «Өтеген» шекаралық заставасына барып, онда әскери казарманы аралап, сарбаздардың тіршілігімен танысып, Отан қорғанында қалтқысыз қызмет атқарып жүрген азаматтарға сәттілік тілеп, алғысын айтты. Осыдан кейін Мәжіліс депутаты Қордай ауылындағы төтенше жағдайлар бөлімінде болып, жеке құраммен кездесіп, олардың жұмысымен танысты. Бөлім қызметкерлері өздерінің жұмыс жайын әңгімелеп, одан кейін қазіргі таңда бөлімде ғимарат пен қажетті жабдықтар төңірегінде орын алған түйткілді мәселелерін алға тартып, депутат ол сұрақтарды өз назарына алатын болып шешті. Халық Қаһарманының келесі барған нысаны – аудандық полиция бөлімі болды. Б.Ертаевқа онда былтыр ғана ашылған «Фронт офистің» жұмысы кеңінен түсіндіріліп, одан кейін депутат құқық қорғау органы қызметкерлерімен шағын кездесу өткізіп, қиындығы мол жұмыстарында ең алдымен халық мүддесін алға қою қажеттігін айтты.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.