home
home home

Дене қызуы көтерілсе…

 

Соңғы күндері Қазақстан қалалары мен елді мекендерінде дәріханаларда инфекциялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмекке сұраныс артқан. Адамның ыстығы көтерілуі – оның ағзадағы инфекциямен күресуінің белгісі. Кез келген жұқпалы ауру кезінде адамның дене қызуы жоғарылайды. Коронавирус та вирустық инфекция болғаннан кейін оның басты симптомдарының бірі – дене қызуының көтерілуі болып табылады. Бірақ, бұл симптом байқалса, үрейге салынып, дәрі-дәрмек қабылдауға асығудың қажеті жоқ.

 

Дене қызуы 38 градустан жоғары болмаса, дәрі ішіп дүрлікпеген дұрыс. Оның орнына көп мөлшерде сұйықтық, яғни су не шай ішіп, көбірек ұйықтап, демалған жөн. Ағзаның вируспен күресуі үшін артық күш жұмсамау керек. Ол үшін нәрлі тамақ жеген пайдалы. Бұл жағдайда адамның ары кетсе 5-6 күн ауырып, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік мол.

Дәрігерлер адамның ыстығы қайтпай, 38,5 градустан асып, 39-ға жетсе, буын-буындары сырқыраған жағдайда ғана парацетамол, ибупрофен секілді дене қызуын түсіретін дәрілерді қолдануға кеңес береді. Бірақ, бұл дәрілердің тек дәрігер қабылдауында болып, соның рұқсатымен ғана ішкен жөн.

Парацетамол дозасы – 4 сағат сайын бір ғана таблетка (500 мг). Бұл дәріні мөлшерден артық ішу – бауыр жұмысына зиян. Парацетамолды ішкен соң су ішіп, жатып демалу керек. Ақырындап ыстық түсіп, дене температурасы қалыпты деңгейге келе бастайды. Кішкентай балаға парацетамолды салмағының әр келісіне 10-15 миллиграмнан есептеп ішкізу керек.

Бірақ қазір құрамында парацетамол бар дәрілер көп. Мысалы, «Тайлол», «Терафлю» секілді неше түрлі дәрінің құрамында парацетамол бар, сол есте болуы керек. Мөлшері көп болып кетсе, тағы да бауырға зиян. Аспиринді де 4 сағатта 500 мг артық ішуге болмайды, өйткені адамның қанына зиян келтіруі мүмкін.

Ыстықты түсіру үшін денені жануардың майымен сылайтындар көп. Алайда мамандар мұндай әдістің ағзаға керісінше зиян екенін айтып отыр. Бұл емнің ешқандай дәлелі жоқ, сондықтан қолдану дұрыс емес.

Ал коронавирус анықталған, бірақ симптомы жоқ адамдар ешқандай дәрі ішпеуі керек. Оқшауланып, инфекцияны басқаларға жұқтырмауға тырысуы қажет.

 

Алия Абдыраимова, дәрігер


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.