home
home home

Даңқтылар қатарында қордайлықтар да бар

 

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай ашылған айтулы нысандардың бірі – Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінің аумағындағы «Даңқты спортшылар алаңы» болды. Онда Әулиеата жерінен шыққан спорт саңлақтарының аты қашалып жазылған. Әрине, сол тізімде тек облыс қана емес, ел абыройын асқақтатуға сүбелі үлес қосқан қордайлықтардың да есімі бар.

 

«Көне Тараз» қоғамдық қоры қаржыландырған нысанның құрылысын «Астана UP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Нысан әр жылдары спорт сайыстарында ел намысын абыройлы қорғаған, Жамбыл жұртшылығының мерейін асырған спортшылардың құрметіне орнатылғаны белгілі. Аталған алаңның ортасында биіктігі 6,5 метрді құрайтын факел орналасқан. Оның екі шетінде травертин және граниттен дайындалған  биіктігі 3 метр, ұзындығы 9 метр болатын екі құрмет тақтасы қойылған. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 145 спортшының және 96 еңбегі сіңген жаттықтырушының есімі жазылған. Солардың қатарында қордайлық былғары қолғап шебері Марат Мәзімбаев та бар. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1997 жылғы Шығыс Азия ойындарының, Қарулы Күштер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 13-ші Азия ойындарының қола жүлдегері болған Марат Мәзімбаев Қазақстан чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы, кәсіпқой бокстан WBO тұжырымдамасы бойынша интерқұрлық чемпионы және IBА тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы. Даңқты жерлесіміздің есімі әрдайым ерекше аталатыны да сөзсіз. Сонымен қатар, даңқты спортшылар қатарына желаяқ жерлесіміз Светлана Голендова да кірген. Светлана 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен 17-ші Азия ойындарының эстафеталық жүгіруден күміс жүлдегері, Иранда өткен жеңіл атлетикадан XXIIІ Азия чемпионатының эстафеталық жүгіруден және жекелей жүгіруден І-ші орын иегері және Индонезияда өткен жеңіл атлетикадан Азия ойындарында ІІІ орынды иеленген, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Даңқты спортшылардың есімі жазылған құрмет тақтасында қордайлық балуан Төлеген Ақылбековтың да есімі бар. Ол Қазақстаның еркін күрестен үш дүркін чемпионы, Иранда, Түркияда және Ресейде өткен еркін күрестен халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Англияда өткен еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сонымен қатар, ол жекпе-жектен өткен әлем чемпионатының жүлдегері, еркін күрестен және жекпе-жек спорты бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бұл тізімде жеңіл атлетика бойынша талай тарландарды баптап ұшырған жаттықтырушы Алина Ахметова да бар. Алина Ахметова 2008 жылдан бастап №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы қызметін атқарып келеді. Қазіргі таңда спорттың аталмыш түрі бойынша әлемдік ареналарда топ жарып жүрген бір топ спортшылардың жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Алаңның ашылу салтанатына грек-рим күресінен Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Феликс Цой, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымкұлова қатысқанын ерекше атап өтуге болады.

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.