home
home home

Cақтансаң сақтайды! 

 

 

Коронавирус індетінің күллі әлемді дүр сілкіндіріп, қорқыныш құрсауында ұстап !!келе жатқанына бір жылға жуық уақыт болды. Шын мәнінде, бұл індеттің көптеген мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп, дағдарыс жағдайына, қала берді түрлі мемлекеттердегі толқуларға алып келіп, өлім-жітім жағдайларын үдетіп жібергені рас.

Көктем және жаз айларында індеттің бірінші толқыны айтарлықтай қиындықтар тудырып, шілденің ортасы мен қыркүйек айының ортасында  басылғанымен, қазан айынан бастап әлемнің әр елдерінде қайта өршіді. Демек, пандемияның екінші толқыны басталып, көршілес елдердегі жағдай біздің елімізге де өз әсерін тигізуде.

Мемлекетіміздің солтүстік облыстарындағы эпидемияиологиялық жағдай ушығып, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары қызыл аймаққа еніп отыр. Осыған байланысты аталған облыстарда қатаң шектеу шаралары енгізілді.

Бүгінгі таңда елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға қарап, біздің елде де пандемияның екінші толқыны басталғанын аңғаруға болады. Оның ішінде облысымызда да, ауданымызда да індеттің тіркелуі күн санап өсіп келеді. Жасыратыны жоқ бұл халықтың басым бөлігінің карантин шараларын, эпидемияға қарсы талаптарды сақтамауы салдарынан орын алып жатқан жағдай. Оның үстіне ел арасында жасырын той жасау, құдалық, көкпар ұйымдастыру, әртүрлі мерейтойлар, ас беру сияқты шаралар тыйылмай тұр. Сонымен қатар, азық-түлік дүкендері, шаштараз, қоғамдық тамақтану орындары сынды халыққа қызмет көрсететін орындарда шектеу шараларын, карантин талаптарын сақтамау фактілері көптеп кездесуде. Осыған байланысты аудан аумағында санитарлық талаптардың сақталуын, коронавирус індетінің таралу қаупінің алдын алу мақсатында ауданда мониторингтік топ құрылған. Бүгінде топ жұмысы оң нәтижесін беруде. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі қолданыстағы заңдар, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларына сәйкес тіркелген әр ошақты толығымен эпидемиологиялық тексеру, жұғу жолдарын, факторларын анықтау, қарым-қатынаста болғандарды анықтау, оларды  зертханалық тексеруден өткізу сынды жұмыстарды жүргізіп, жағдайда жан-жақты қадағалайды.

Сонымен қатар, көршілес Қырғыз елімен мемлекеттік шекарадағы індетке қарсы іс-шаралар да күшейтілген. Қазақстан Республикасы санитарлық дәрігерінің қаулыларына сәйкес, онда шекарашылармен бірге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары жұмыс атқаруда. Мамандар онда әрбір жаяу жүргінші мен автокөлік жүргізушілерінің дене қызуы мен COVID-19 анықтамасының бар-жоғын тексеріп, анкета толтыру және электрондық  базаға енгізу жұмыстарымен  айналысады. Ал, егер Қазақстан Республикасы азаматтарының COVID-19 лабораториялық    зертханаға ПТР-әдісімен тексерілгені, «теріс» нәтижелі анықтамасы болмаған жағдайда жаяу жүргіншілер Қордай ауылында орналасқан  карантиндік госпитальға жіберіледі. Онда олар анализ тапсырып, оның нәтижесін күтеді. Егер нәтиже «теріс» болса ол әрі қарай сапарын жалғастырады, ал «оң» нәтиже көрсеткен жағдайда денсаулығының,  сырқаттың ауырлығына байланысты ауруханаға жеткізу жағы ұйымдастырылады.

Айта кетсек, аудан  орталығында  арнайы  ашылған  карантиндік стационар санитарлық талаптарға сай, онда әр бөлмеде екі адамнан орналасады. Нысанның ішінде санторабы, суы және кәріз құбырлары бар. Сондай-ақ, тамақтандыру мәселесі шешілген, медициналық қызметкерлер тәулік бойы жұмыс жасайды.

Мемлекеттік шекара бекетінде санитарлық қызмет мамандарымен бірге денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де тәулік бойы жұмыс істейді. Олар негізінен індетке тексерілгендігі туралы анықтамасы жоқ ел аумағына кіретін көлік жүргізушілерінен (ҚР азаматтарынан) сол жерден ПТР-тестке сынама (проба) алып, Қордайда орналасқан вирусологиялық зертханаға жіберуді қамтамасыз етеді.

Жергілікті атқарушы орган және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау  қызметінің ықпалымен Қырғызстанмен екі ортадағы мемлекеттік шекара бекеттеріндегі эпидемияға қарсы шаралардың жұмысын оңтайластыру мақсатында ауданы орталығында жазғы маусымда жұмыс атқарған Жамбыл облыстық ұлттық сараптама орталығы өз жұмысын қайта жалғастырды. Сонымен қатар, аудандық орталық аурухана аумағында Жамбыл облыстық обаға қарсы стансаның жылжымалы вирусологиялық зертханасы жұмысын бастады.

Жоғарыда айтып өткенімдей, аталмыш індетке қарсы атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан қалың көпшілік шектеу шараларына намқұрайлы қарауынан аудан тұрғындары арасында короновирус індетінің көрсеткіші күн санап артып келеді.

Өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығын сақтау үшін қарапайым талаптарды орындағанымыз абзал. Мысалы: көшеге шыққанда немесе қоғамдық орындарға барғанда  (мекемелер, ғимараттар, дүкендер, базарлар) бетперде киіп, оны уақтылы ауыстырып тұру керек. Сондай-ақ, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, қолды жиі сабынмен жуу, үйлер мен ғимараттардың ішін жиі тазалап, желдетіп, 65 жастан асқан адамдар аса қажеттіліксіз үйден шықпағаны жөн. Және де тұрғындар шектеу шараларын ескеріп, банкет, үйлену тойы, мерейтой, еске алу сынды адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізбеуі тиіс.

М.Асаров,

Қордай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігінің бақылау 

басқармасының басшысы

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.