home
home home

Біз экстремизмге қарсымыз

«Біз экстремизмге қарсымыз»

 

Бүгінде діни экстремизм мен терроризм елімізді ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған өзекті мәселеге айналды. Сондықтан  елімізде аталған жат ағымның алдын  алу жұмыстары қарқынды іске асырылуда.  Әсіресе, ел болашағы – жастармен жұмысты күшейтудің қажеттілігі жыл санап артып келеді. Осы орайда бүгін Жамбыл облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде ауқымды форум өтті. Жамбыл облысы жастары арасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны насихаттау және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру мақсатында өткен жиынға облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мурбеков, аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауданының прокуроры Мұхитбек Әшенов, сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының өкілдері, Алматы, Тараз қалалық орталық мешіт имамдары мен дінтанушылары қатысты.  Форумда алғашқы сөз кезегін алған аудан прокуроры Мұхитбек Әшенов басқосудың маңыздылығын айтып, діни экстремизм мен оның алдын алуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары  Бейқұт Жамангозов Қордай ауданы облыс бойынша діни бірлестіктер ең көп шоғырланған өңір екендігін айта келе, ауданда діни экстремизм  мен терроризмнің алдын алу және деструктивті діни ағымдарға қарсы үгіт насихат жүргізу мақсатында  жоспарлы жұмыстар атқарылып келетінін жеткізді: «Жалпы, ауданда 7 конфессиядан құралған 66 діни бірлестік пен олардың филиалдары ресми тіркелген, оның ішінде – 60 ислам бағытында, христиандық бағытында –6. Сонымен қатар, өткен жылы Масанчи ауылында 60 баланы тәрбиелеуге арналған медресе ашылды. Бүгінде медресе діннің ақ жолын уағыздауға, жастарды адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді», – деді сөзінде.

Жиын барысында  дін өкілдері жастар үшін жат ағымнан сақтану жолдарын кеңінен түсіндірді.  Сондай-ақ, жастарға Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында жасақталған бейнеролик көрсетіліп, ислам уағыздары айтылды. ҚМДБ  Шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері, исламтанушы Бауыржан Әлиұлы «Қазақстан жеріндегі Ислам өркениетінің даму тарихы» тақырыбында баяндама жасап, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы шариғат заңымен біте қайнасқанын тілге тиек етті. «Асыл дініміз мен имандылыққа негізделген салт-дәстүрімізді басшылыққа ала отырып, жастарды тәрбиелеу, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру – біздің негізгі міндетіміз», – деді.

Бұдан кейін Алматы қаласы орталық мешітінің наиб имамы, исламтану ғылымының магистрі Ермек Көкрекбаев «Жастар және Ислам: өзектілік пен қақтығыс нүктелері» тақырыбында баяндама жасады. Дін өкілінің айтуынша, жастардың діни экстремизм мен терроризмге бет бұрып, адасуы білімсіздіктен туындайды. Шариғаттың мақсатын дұрыс түсінбей, өзгелерге бұрмалап жеткізетін азаматтар да кездеседі. Сондықтан жастардың діни сауатын арттыру мақсатында осындай іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор екендігін айтып, жастарға дінге қатысты сауалдары болса мешіттегі имамдардан сұрауға, я болмаса ҚМДБ-ның ресми сайтына жолдауларына кеңес берді. Сонымен бірге форумда Хибатулла Ат-Тарази мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев, «Кеңесхан қажы» мешітінің имамы, дінтанушы Ғазиз Ахметов исламдағы жастар тәрбиесі, жастар арасында шет елге еліктеушіліктің белең алуы, ата-анаға жақсылық жасау, жастардың патриоттық сезімін жетілдіру сынды түрлі тақырыптарды қозғады. Ал жиынға қатысқан белсенді жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, маңызды ақпараттарға қанық болды. Кездесудің соңында модератор Бауыржан Мурбеков: «Жастардың патриотизмі – олардың іс-әрекетінен көрініс табады. Теріс ағымнан, надандықтан ада болу үшін бізге иман, білім және еңбек қажет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мағынасы терең еңбегіндегі туған жер, патриотизм, өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүрі, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобасы заманауи қатерлерге тойтарыс бере алатын механизмге айналғанын көріп отырмыз. Ал аталған игілікті шараларды баянды жалғастыру –жастардың алдындағы тұрған ұлы міндет», – дей келе, форумға қатысушыларға алғысын айтып, жиынды қорытындылады.

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.