home
home home

БІТІСЕМ ДЕСЕҢ, БИЛЕР КЕҢЕСІНЕ ЖҮГІН

 

Халықтың өзін-өзі басқару заңдылықтарына сәйкес қоғамда түрлі институттар пайда болуда. Солардың бірі – ғасырлар бойы қалыптасқан «Билер» институты болып табылады. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтар күні «Медиация туралы» Заңы қабылданысымен елімізде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қатысуымен медиаторлар арқылы шешіле бастады. Осы құқықтық саланы одан әрі дамыту үшін ҚР Жоғарғы Соты соңғы жылдары «Дәнекер» жобасын ұсынып, дау-шарларды ежелгі салт-дәстүр бойынша билер соты арқылы шешуді қолға ала бастаған болатын. Осылайша бұл қанатқақты жоба еліміздің бірқатар өңірлерінде жүзеге аса бастады.

Елбасының Жоғарғы Сотқа берген тапсырмасына байланысты бүгінде қоғам өмірінде орын алатын кейбір дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешу жолдары қарастырылуда. Оған ардагерлер ұйымдарын тарта отырып, соттардың ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істей бастады. Билер кеңесі 2018 жылы біздің аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылып, құрамы 5 адамнан бекітілген. Оның бөлімдері ауылдық округтерде, құрамы 3 адамнан бекітіліп, жұмыс істеуде. Аудан бойынша билердің жалпы саны 76-ға жетіп жетіп отыр. Билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделі, абыройы бар, ақыл-парасаты мен өмірлік тәжірибесі зор ардагерлер, дін өкілдері тартылған. Солардың араласуымен жер-жерде ағайын мен отбасы арасындағы дау-жанжалдар сотқа дейін шешімін табуда. Билеріміз өздері тұратын ауыл аймақта дауласқан екі тарапты татуластыруда өз жәрдемін тигізіп келеді.

Бүгінде билер кеңесі аудандық ардагерлер орталығында жұмыс істеуде. Мұнда бітімгерлерге әдістемелік құралдармен жабдықталған арнайы татуласу бөлмесі ашылған. Онда «Медиация – бітімгершілікке әкелетін жол» бұрышы жасақталып, келушілерге  қолайлы жағдай жасалған. 2019 жылы билер кеңесінің бастамасымен аудандық сот, АПБ, прокуратура, аудандық ардагерлер кеңесі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандумның негізгі мақсаты – қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын және ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Билер институтын жаңғыртып, бұқараның құқықтық сауатын арттыру және мәдениетін көтеру. Сондай-ақ, билер мен медиаторлардың жәрдемімен дауларды соттан тыс реттеуде билер кеңесінің, татуласу орталықтарының жұмысын үйлестіру көзделген. Осының арқасында билер кеңесі бүгінге дейін 82 даулы мәселені қарап, екі тарапты татуластырды. Сонымен қатар, «Медиация туралы» Заңың аясында көршілер мен әріптестер арасындағы, ата-аналардың балаларына қатысты дау-жанжалдарға араласа отырып, оларды сауатты шешіп келеді.

Жалпы, медиацияның қоғамға тигізер пайдасы көп-ақ. Айталық, Біріншіден, дау-дамайлар соттың араласуынсыз жылдам шешіледі. Екіншіден, уақыт пен қаржы шығыны үнемделеді. Үшіншіден, әрқилы деңгейдегі соттардың жүктемесі азайтылады. Төртіншіден,  баламалы әдістерді қолданудың нәтижесінде қоғамда азаматтардың және заңды тұлғалардың арақатынасында сенім қалыптасады.

Бір атап өтерлігі, билер кеңесінің араласуымен шешімін тапқан мәселелерден кейін, жалпы жұртшылықтың оған деген сенімі артып келеді. Мәселен, өткен жылы билер кеңесі ауданда 31 дау-жанжалды сауатты шешіп, екі тарапты татуластырды, ал 2020 жылы – 37 іс-қаралды.

Қаралған істердің көпшілігі, негізінен ұрлық, отбасы жағдайлары, ата-ана мен балалар қатынасы, көршілер қатынасы, ұрыс-керіс болып табылады. Қаралған істердің 90% оң шешімін тауып, адамдар татуласып, бітімгершілікке келді.

Ежелден билеріміз ердің құнын бір ауыз сөзбен шеше білген. Сондай-ақ, жер мен жесір дауын да ағайын арасынан сыртқа шығармай ақылдаса отырып шешіп келген халықпыз. Сол кезде қазақ сахарасында ақсақалдар мен билердің дала институты жұмыс істегенін білеміз. Ел үлкеннің сөзіне тоқтаған. Қандай да бір түйіні қиын, шешімі  күрделі мәселені көргені мол, кемеңгер билеріміз бір ауыз сөзбен түйіндеп, тұтас рулы елдің, жалпы қазақтың бірлік-берекесін сақтап отырған. Сол үрдіс бүгін де сабақтастығын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қаймағы бұзылмаған ауылдарда әулеттің үлкеніне бағыну, ауылдың ақсақалы айтқан шешімге бас ұру үрдісі ішінара болмаса да ел ішінде сақталған. Ал, бүгінгі таңда араздасқан ағайынды, ажырасқан жастарды қариялар, аузы дуалы ақсақалдар мен билер ара түсіп, татуластырып, табыстырып жатса, сауап іс емес пе?

Жалпы, біз ең алдымен ұсақ-түйек, отбасындағы, ағайын, көрші-қолаң, жас жұбайлар арасындағы дау-дамайдың барлығын сот отырыстарында шешпей, билердің, ақсақалдардың араласуымен шешуге күш салуымыз керек. Біздің мақсат тараптарды араздастыру емес, керісінше табыстырып, жастардың отбасын сақтап қалуына, бауырлардың арасының суып кетпеуіне мейірім сынасын қағу.

Осы жерде айта кету керек, қаралған істердің көпшілігі аудандық билер кеңесіне тиесілі – 22 іс, одан кейін Қарасай ауылдық округі – 8 іс (төраға – А.Уәлиев), Жамбыл а/о – 6 іс (төраға – Ж.Оразшаев), Бетқайнар а/о – 5 іс (Қ.Оңгелдиев), қалған а/о билері өздерінің толық мүмкіншіліктерін пайдаланбай отыр. Оның себебі ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар арасында ардагерлер кеңесі мен билер кеңесімен тығыз байланыс жоқ. Ауыл әкімдері үй ішінен шыққан бықсықты сыртқа шығармай, сол үйдің ішінде өшіруі тиіс. Ал, учаскелік инспекторлар ондай істерді сотқа сүйрелемей, әкіммен ақылдасып, билер кеңесі арқылы шешсе құба-кұп болар еді. Татулық, бітімгершілік – ол біздің болашағымыз, ол біздің отбасымыздың, балаларымыздың болашағы. Осы жерде аудандық билер кеңесі аудандық прокуратурадан, ішкі істер бөлімінен, соттан сұранарымыз ауданда билер кеңесінің жұмысын жандандыру бойынша ықпал етсеңіздер.

Осындай сотқа дейін шешілетін мәселелерді билер кеңесінің қарауына ұсынсаңыздар.

Б.Әлімбет,

Қордай аудандық билер кеңесінің және ардагерлер кеңесінің төрағасы


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.