home
home home

Бетқайнарда берекелі іс көп

 

Бетқайнар ауданымыздағы іргелі мекендердің бірі. Құрамына Соғанды ауылы кіретін округте соңғы жылдары оңды тірліктер қолға алынып, мемлекеттік қолдаудың және ауыл азаматтарының бірлескен еңбегінің арқасында жаңарудың лебі есетіндей. Тарқата баяндасақ.

Әуелі ауыл жастарының белсенділігінен бастасақ. Кезінде жастардың сүйікті мекені болған саябақ, мәдениет үйі бетқайнарлықтар үшін көзден бұлбұл ұшқалы қашан. Келген қонағын қызықтыратын саябақ малдың өрісіне айналып, ал мәдениет үйінің не екенін халық ұмыта да бастаған еді. Осының барлығы ауыл тұрғындарының жанына батып, қайтсек ауылдың ажарын ашамыз, қалпына келтіреміз деген ойға жетелейді. Әсіресе, ауыл жастары белсене шығып, білек сыбана ауыл жайын қолға ала бастады. Ауыл әкімі Талғат Үрістемов жастардың бұл бастамасын қолдап әуелі саябақтың сыртын қоршауды қолға алды. Жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып, айналасы түгелдей қоршалып, мал өтпейтіндей етіп жасалды.  Осыдан кейін ауыл жастары денсаулықты нығайту бағытындағы жұмыстарды қолға алды.  Бүгінде жастардың қызығатын спорт түрі ол стритворкаут. Бұл бағыт Бетқайнарда жоқтың қасы. Осыны ескерген жастар ортақ қаржы жинап өз күштеріне саябақ маңынан стритворкаут алаңын салды. Қазір бұл алаң жасөспірімдердің сүйікті орнына айналған.  Ауыл азаматтары мұнымен тоқталып қалмай саябаққа кірер тұста жүрекшеленген латын қарпімен «Бетқайнар» жазуын орнатып,  бүгінде арт-нысан ауылдың сәніне айналған. Осылайша, бетқайнарлық жастардың белсенділігі басқаларға үлгі болып тұр. Ауылда демеушілік   қарқын алған. Жергілікті кәсіпкерлер аз қамтылған, көпбалалы, жалғыз бас-ты жандарды өз қамқорлығына алуды әдетке айналдырған. Соның бір дәлеліне куә болдық. Бүгінде жалғыз басты ана Аида Курпелдесова сегіз баланы тәрбиелеп отыр. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруы және кәсіпкерлердің демеушілігінің арқасында көпбалалы үйге көгілдір отын кіргізіп берілді.

-Үйге газ кіргізу қомақты қаржыны талап ететіні белгілі. Көпбалалы отбасы үшін бұл қиын шаруа. Бүгін осы мәселе шешімін тапты. Жалғыз басты, көпбалалы ана деп ескеріп, елеп жатқан жандарға алғысым шексіз, – дейді көпбалалы ана. Бұл бақытты балалары да сезініп жатқаны алаңсыз ойын күлкілерінен байқалады. Өйткені балақайлар енді күл шығарып, отын тасымайды. Газ демекші, жаңадан түскен Ғани Мұратбаев көшесі мен Жетісу көшелеріне де көгілдір отынды тарту жұмыстары басталыпты.

Бұдан өзге де ауылда атқарылып жатқан тындырымды тірліктер жоқ емес. Мәселен, ауылдың Қарасу көшесінде бұрын соңды асфальт жол мен жарық болған емес. Ал, бүгінде жағдай басқаша. Тегіс жол салынып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Ол бойынша ауыл ақсақалы Фарман Алиев:

– Көшемізге жан біткендей. Көктемде балшыққа малынып, жазда топырақ кешіп жүретінбіз. Қазір тақтайдай тегіс жол. Әсіресе, қарт адамдар үшін түнде жүрген ыңғайлы. Осындай игі істерді жасап жатқан аудан басшылығы мен ауыл әкіміне алғысымыз зор, – дейді.

Ауылда тек Қарасу көшесі ғана емес бұдан тағы екі бірдей көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, саябақтағы ескі қураған ағаштарды кесіп, ауылдағы аз қамтылған отбасыларға қысқы отын ретінде пайдалануға берілуде. Ал, көп ұзамай ауылда алып спорт кешені ашылатын болаты. Бұл спортқұмар бетқайнарлықтарға үлкен сый болғалы тұр.

Мадияр Қарабаев


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.