home
home home

БЕРЕКЕЛІ САРЫБАСТАУ

Ауылды абаттандырып, оның ажарын ашу оңай шаруа болмағанымен, еңбекқорлығымен еленген Сарыбастау ауылының тұрғындары бұл істі бірлесе еңсеріп, ортақ іске өз үлестерін қосуда.

Естеріңізге сала кетсек, аудан әкімі Б.Байтөле осыдан екі ай бұрын жұмыс сапарымен Сарыбастау ауылының тұрғындарымен кездескен еді. Басшымен өткен ашық сұхбат барысында тұрғындар ауылдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өз ойларын ортаға салғаны да көпшіліктің әлі есінде. Міне, араға аз уақыт салып Сарыбастаудағы ілкімді тірлікті байқап, жиында көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқанына көз жеткіздік. Мәселен, жергілікті халықты мазалаған өзекті жәйттердің бірі жол мәселесі еді. Аудан басшылығының бастамасымен бұл іс жуырда қолға алынып, Ноғайбай мен Сарыбастау ауылдарын жалғайтын күре жолдың құрылысы басталып, орталық көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Демек, ауылдың бас көшесіне жаңа асфальт төселіп, халықтың көрші ауылға қатынауы айтарлықтай жеңілдемек. Сонымен қатар, мұнда суармалы судың мәселесі оңтайлы шешімін тапқан. Әкіммен өткен кездесуден кейін ауданнан аталмыш жұмыстарға арнайы техника жіберіліп, кішігірім су қоймалары мен арықтар қазылған. Қоймаға жиналған сумен өткен жылы отырғызылған ағаштар мен бау-бақша суғарылады екен. Осының нәтижесінде ауылдағы мал суару мәселесі де өз шешімін оңай-ақ тапқан. Осы тұста тұрғындар көтерген медициналық пункт салу мәселесі қолға алынып, бүгінде ғимарат құрылысы қызу жүруде. Сондай-ақ, кездесу барысында демалысқа арналған саябаққа бөлінген жер телімінің құжаттарын рәсімдеу туралы да сөз қозғалған. Қазіргі таңда игі бастама қолға алынып, жаңа саябақ қазіргі футбол алаңының аумағынан бой көтермек. Мұнымен қатар, ауылда «Алтын дән» ШҚ басшысы Ғабидин Тулақбаевтың қолдауымен тұрғындарға арналған демалыс аумағы ашылғанын айта кеткен жөн. Айта кетсек, кәсіпкер туған ауылын абаттандыруға барынша демеушілік көрсетіп, жерлестеріне әрдайым қол ұшын созуға дайын азамат. Сондай-ақ, мұнда мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруды жергілікті тұрғындар өз мойнына алған. Мысалы, ауылдағы мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін Айгүл Бармашева және Рита Тебаева сынды көп балалы аналардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ал, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар қатарында Хануали Құсаинов та бар. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының кездесу барысындағы экологтардың көмегіне қатысты тілектері жауапсыз қалған жоқ. Қазіргі таңда ауылға екі эколог жіберіліп, олар жас ағаштарға күтім жасап, ауылды көгалдандыру мәселесін қолға алған. Жақында өткен сенбілікке ауыл тұрғындары түгелдей қатысып, туған ауылының тазалығына деген кіршіксіз сезімін тағы бір мәрте дәлелдеп бергендей болды. Аталмыш іс-шара аясында ағаштар әктеліп, бағаналар сырланып, қоқыс шығарылды. Сарыбастаулықтар осындай берекелі тірлігімен көпке үлгі болары анық. Мұндағы әрбір тұрғын ауылының көркейіп, гүлденгенін қалайды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта