home
home home

Белсенді жастар бас қосты

Белсенді жастар бас қосты

Жуырда аудандық Мәдениет үйінде «Жастар жылына» және 15 сәуір «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» ғашықтар күніне орай «Махаббатсыз бұл өмірді кім сүрмек» атты аудандық қазақша көңілді тапқырлар клубы ойындары өтті. Аудандық «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы және аудандық Мәдениет үйінің қолдауымен өткен байқауға колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Көп уақыттан бері қолға алынбай қалған КТК ойынын сағынған жастар дүйсенбі күні Мәдениет үйіне көптеп жиналды. Үш кезеңнен тұратын сайысқа «Береке» ГТК, «Қордай» ГЭК, Қордай ауылшаруашылық, №7 Бетқайнар колледждері мен №2,6,23,24 мектеп оқушылары және де балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының білімгерлері қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Алғашқы сәлемдесу сынында барлық қатысушылар көрермендердің көңілінен шыға білді десе де болады. Ал кезекті «Ғашық қылар мың бір сұрақ» сайысында командалар көрермендерге нағыз қазақша КТК ойынын көрсете білді. Жанкүйерлер жағы өз командасын қолпаштап, қошеметін білдіріп отырды. Ал, келесі кезекте үй тапсырмасында КТК-шылар мықтылығын одан ары көрсете алды десек, артық айтқандық емес. Қазіргі таңда қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді әзілге айналдыра білген командалар да кездеспей қоймады. Интернет жұлдызына айналған жандарға да пародия жасап, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Алайда, жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні анық. Барлық қатысушылар бұл күні арнайы Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал, жарыс жеңімпаздарына келетін болсақ, дүбірлі доданың үшінші орнына «БЖШО» командасы жайғасса, ІІ орынды Қордай ауылшаруашылығы колледжінің «Ырғайты жастары» қанжығасына байлады. Ал, ойынның жеңімпазы болып, әзілі көпшіліктің көңілінен шыққан, шындықты әзілге айналдыра білген Қордай гуманитарлық-экономикалық колледжі студенттерінен құралған «Бір түрлі комиктер» командасы танылып, арнайы кубокпен марапатталды. Әзілді сағынған жастар алдағы уақытта осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілектерін жеткізді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.