Бауырлас елден жәрдем жетті
Пандемия әлемді әбігерге салғанымен адамдарды ауызбірлік пен өзара көмек қолын созуға жетелеуде. Қазіргі таңда қарапайым адамдардан бастап үлкен ұйымдар, тіпті мемлекеттер бір-біріне көмекке келіп, қауіпті індетпен бірлесе күресуге бел буған. Соның бір көрінісі өткен сенбіде ауданымызға бауырлас Түркия елінен медициналық гуманитарлық көмектің жеткізілуі.
Онда бір реттік қорғаныс киімдері мен жеке қорғаныш құралдары жинақталған. Жалпысы 25 дана қорапта 450 жиынтық бар. Гуманитарлық көмекті аудан әкімінің орынбасары Б. Жамангозов пен аудандық орталық аурухананың басшылығы қабылдап алды.
«Қордай жерінің жұртшылығы бауырлас халықтың көмегін шын көңілден ризашылықпен қабылдап, індетпен күрес кезінде жасаған көмектеріне алғыс айтуда. Бұл көмек Түркия мен Қазақстан халықтары арасындағы достық пен сенімділіктің жарқын көрінісі»,- деді аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов. Медициналық құралдар Қордай ауданында COVID-19-ға қарсы алдыңғы шепте күресуші аудандық орталық аурухананың дәрігерлеріне берілді.