home
home home

Батыр тойы – халық тойы

 

 

Қордай елі өзінің нар батырын ұлықтауға арнаған жұмыстарды бастап кетті. Өтеген батырдың 320 жылдығына орай дүбірлі тойға дайындық шаралары қазіргі таңда аяқталуға таяу. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен және Өтеген ауылының тұрғындары мен батыр ұрпақтарының атсалысуының арқасында қолға алынған айтулы шараға еліміздің түкпірінен мыңдаған адам келеді деп күтілуде. Алыс-жақыннан келетін құрметті қонақтарға шақыру билеттері таратылған. Келген қонақтар алдымен аудан орталығында орналасқан батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, одан кейін 320 жылдыққа орай Мәдениет үйінде арнайы конференция өтетін болады. Осыдан кейін жиналған жұртшылық батырдың кесенесіне барып Құран сүрелерін бағыштайды. Осы орайда ауыл тұрғындары мен Өтеген батыр ұрпақтарының қолдауымен кесене жаны толықтай абаттандырылып, жөндеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп, брусчатка төселіпті. Сонымен қатар, ауыл клубы мен мешіт жанындағы асханаға да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ас берілетін орын қонақтарды күтіп алуға толықтай дайын болып отыр. Өтеген ауылында өтетін іс-шаралар да қомақты. Дәстүрге сай ауыл маңында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылып, үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қазақ күресінен түйе палуандар сайысы өтетін болып жоспарлануда. Жеңімпаз қанжығасына ұйымдастырушылар ұсынған автокөлік байланатын болады. Көлік демекші, түс ауа ауыл атшабарында ат спорты жарыстары аясында өтетін аламан бәйгенің бас жүлдесіне шетелдік қымбат көлік тігіліп отыр. Топ бәйге мен құнан бәйгенің де бас жүлдесі темір тұлпар. Өзге жүлделері де қомақты. Сонымен қатар, тақымы мықты, білекті жігіттер шығатын аударыспақ жеңімпазы ауылына ат мініп қайтады. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын ағайын қазіргі таңда сәйгүлігін сайлап, сол күні атшабарға асығары анық. Қазіргі таңда атшабарды бәйгеге дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп, той күні толықтай дайын болады.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, бәйге өтуіне байланысты 29 мен 30-шы қыркүйек күндері Өтеген-Бәйтерек тас жолы уақытша жабылады. 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.