home
home home

Батыр тойы – халық тойы

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ауданымыздағы Өтеген батыр ұрпақтарының қолға алуымен өткен батыр тойына ағылған халықтың қарасы аз болмады. Қонақтар ауданымыздың ардагерлерімен бірге алдымен Мәдениет үйінің алдына орнатылған батырдың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін қонақтар Мәдениет үйінің фойесіндегі арнайы кітап көрмесін тамашалады. Ал, үлкен залдағы конференция барысында батырдың өмірі туралы үлкен баяндама жасалды.

– Артында «Төле бидің тарихы» дейтін дастан қалдырған Қазанғап Байболұлы дейтін атамыз: «Бұл кісінің үш аты бар: Мүйізді Өтеген, Батыр Өтеген, сері Өтеген» деп жазыпты. Ал, бүгінгі Жетісу өлкесі білетін үш аты былай: Өтеген батыр. Мүйізді Өтеген. Өтеген әулие. Бұл бір кісінің халық санасында қалыптасқан ұлы тұлғасын сипаттайтын үш түрлі ныспысы ғана емес, сол тұлғаның қадір-қасиетін бағалай білген туған елінің өлшеусіз махаббатын белгілейтін көрсеткішке тең. Бұның алдында екеуі барша қазаққа мәшһүр айбарлы есім болса, соңғысы аяулы перзенттің әруағын әлпештеп, киесін мойындаған Жетісу жамиғатының дәріпі. Ұлы әруаққа көрсетілген құрметтің шыңы осы болса керек. Батыр рухы ғасырлар бойына жүрегінің оты бар азаматтарды ерлікке, күреске жігерлендірсе, әруағы кем-кетік, ауру-сырқау, мүсәпірлерді желеп-жебеп келеді. Сондықтан да батырдың өмірі, ерлігі, іс-әрекеті жыр-дастандардың, аңыз-әпсаналардың өзегіне айналды. Мүйізді Өтеген туралы бір емес, төрт нұсқалы толғау-дастан қалдырған ұлы жырау Жамбыл бабамыздың еңбегінің арқасында Мүйізді Өтеген есімі қазақ даласының түкпір-түкпіріне түгел жетіп қана қоймай, әдеби кейіпкер ретінде Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Тарғын секілді эпикалық батырлар қатарында халық санасында ұялады. Аңызға оранып, тіпті ертегілік сипат алған жиһангерлігі жөнінде: «Бұл өзі негізінде шындық па?» деп шүбә келтіргендер де жоқ емес. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, бұл тақырыптағы аңыздардың түп-негізінде ақиқат жатпаса, ол жалпақ елге жайылып, ұрпақтан-ұрпаққа жетпес еді. Бала жастан бірге өскен, өмір бойы жұптары жазылмаған жан досы Қазыбек бек Тауасарұлының жазба еңбегінде екеуінің сегіз жыл бойы білім қуып, жарты дүниені шарлағаны айтылады. Осыған байланысты бір дерек біздің әкелеріміз тұстас қариялардың ауызында сақталып қалған тұғын. Өтеғұлдың тұқым өрбіткен екі ұлының бірі Өтеген болса, екіншісі – Табылды. Бұл екі есімнің де қандай себеппен қойылғаны жөнінде аңыз қалған. Өтеген есіміне қатысты дерек жыр-дастандардан мәлім, ал Табылдының есімі Өтегеннің ұзақ жылдар бойына жоғалып кетіп, қайта табылу құрметіне қойылған-ды. Біз көрген ескі көз қариялар солай десетін. Шамасы, бұл Қазыбек пен Өтегеннің Таяу Шығыс пен Еуропа қалаларын сегіз жыл шарлап, ойда жоқта оралған қуаныштан кейінгі оқиға болса керек.

Жазушы батырдың нағыз қаһарманға лайықты алып бітімінен бөлек, орасан зор күш қуаты, сері атандырған сұлу сымбаты мен әулие атандырған терең ақылы мен парасаты турасыда сөз етті.

Халқы үшін жерұйық іздеген Өтеген мен Асан қайғының мұраты бір дегенді айтады. Және ол мұраттардың ең ұлысы дейді жазушы. Ал, батырға арналған жыр-дастандардың саны қазіргі зерттеуші-тарихшылардың айтуынша он бір екен. Солардың негізінде жазылған зерттеулер еңбектердің саны ондап саналады.

Тарих тұңғиығына жетелеген конференция барысында көпшілік, тағы бір тарихи сәттің куәсі болды.   «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпағы» деп аталатын сиясы кеппеген кітап көпшілікке жол тартты. Кітаптың аты айтып тұрғандай,  онда Өтеген батырдың тікелей ұрпақтары Әлмейін ақын, Байсерке күйші туралы тың деректер келтірілген. Одан бөлек тарихи танымдық дүниелерді іздеген жан керегін табары анық. «Орнында бар оңалар» тақырыбымен жазушы алғы сөзін жазып, мазмұнына қысқаша тоқталыпты. Осыдан кейін басталған концерттік бағдарламаны танымал әнші Қарлығаш Қожағазина бастап, одан кейін Алматы облысының Іле ауданынан арнайы келген Әлібек Нұрқожа атындағы халықтық әжелер ансамблі Өтеген батыр маршы әнін орындап, халық қошеметіне бөленді.

 

Баба ауылындаєы

дәстїр жаѕєыруы

 

Аудан орталығында өткен салтанатты шарадан кейін жиналған қауым тойдың негізгі бөлігі өтетін батыр ауылына ойысты. Алдымен бабаның кесенесіне барған жұртшылық батыр әруағына Құран сүрелерін бағыштап, тәу етті. Одан кейін тойлы ауылды бет алды. Ақ шаңқан киіз үйлер қатарласа тігілген, ортасында үлкен күрес алаңы мен заманауи сахна құрылған Өтеген ауылының орталығы дүбірлі тойды бастап кетті. Алдымен еліміздің әр түкпірінен жиналған 28 апайтөс палуан қазақ күресінен сынға түсіп, бәйгеге тігілген көлікті сарапқа салды. «Алып та, шалып та жығатын» талай жарыстарда шыңдалған спортшылардың дені осы күні Өтеген ауылында бас қосып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Тараз, Бішкек қалалары мен Қордай ауданының мықтылары бақ сынады. Сайдың тасындай іріктелген ірі жігіттер төл өнеріміздің түндігін ашқандай болды. Қиқу салып, палуандарға жанкүйер болған көрермендер қаншама. Тартысқа толы белдесулердің бірен-сараны болмаса, барлығы уақытынан бұрын аяқталып жатты. Нәтижесінде 2016 жылы өткен «Қазақстан Барысы» турнирінің қола жүлдегері, Тараз қаласының тумасы Айбол Айбек батыр тойына орайластырылған турнирдің қола жүлдегері атанды, ал жұрт асыға күткен финалдық кездесуде 2017 жылы өткен «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев пен талай байрақты бәсекеде топ жарып жүрген тараздық Дәулетхан Жақыпов кездесіп, жамбылдық жігіттің асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанып, жеңіл көлікке ие болса, Қызылорда палуаны Еламан Ерғалиев жүлделі екінші орынды қанжығаға байлады.

Бұл уақытта мешіт жанындағы асханада және боз үйлерде жиналған қауымға ас таратылып жатса, сол маңдағы сахнадан қос өңірдің өнерпаздары әннен шашу шашып, ақындар өлеңдерін оқып, екі облыстың игі-жақсылары бір біріне құттықтауларын жеткізіп, қазақи дәстүрмен сыйлықтарын ұсынып жатты.

 

Тўлпарлар тўяєыныѕ дїбірі

 

Өтеген ауылы жанындағы атшабарда түс ауа ине шаншар орын болмады. Сәйгүліктерін сайлап, еліміздің әр аймағынан келген атбегілер соңғы дайындықтарын пысықтап жатса, атқұмар ағайын анадайдан бәйгенің басталуын тағатсыздана күтуде. Алдымен тақымы мықты, белді де білекті жігіттер шығатын аударыспақтан жарыс өтті. Қамшыны аузына көлденең тістеп, қарсыласын аттан аударып тастау үшін күресетін мықтылардың ішінде жамбылдық жігіттерге тең келер ешкім болмады. Жүлделі үшінші орынды Дәулет Ережепов иеленсе, екінші орынды Нұржігіт Әмзиев жеңіп алды, жарыс жеңімпазы болып Данияр Смайлов атанды. Осыдан кейін көпшілік күткен бәйге де басталды. «Аламан», «Топ бәйге» және «Құнан бәйгеге» тігілген жүлденің де қомақты болғанын газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Алдыңғы орындарды Алматы облысының Қарасай ауданы және Талғар қаласының жүйріктері ұтса, топ бәйгеде қордайлық сәйгүлік жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, жерлестер абыройын асқақтатты.

Дүбірлі тойдың осындай үлкен деңгейде өтуіне Жамбыл мен Алматы облысында тұрақтаған батырдың ұрпақтары тікелей атсалысып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла атқарғанын ерекше айта кеткен жөн. Ал, Батыр ұрпағының бүгінгі тірлігі көпке үлгі болып отырғаны айтпаса да белгілі.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта