home
home home

Басты мәселе – тұрғындар тұрмысын жақсарту  

Басты мәселе тұрғындар тұрмысын жақсарту

 

Өткен аптада аудан әкімі Болатбек Байтөле Сарыбұлақ ауылдық округінде жұмыс сапарымен болып, округтегі бірқатар мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысып, сонымен қатар округ тұрғындарымен кездесіп, туындаған сұрақтарға жауап берді.

Аудан әкімінің сапары округке қарасты Қайнар ауылынан басталды. Әуелі ауыл мектебіне ат басын бұрған Болатбек Байтөле білім ордасының жай-күйімен танысты. №32 В.Маяковский атындағы орта мектепті аралау барысында Болатбек Байқонысұлы бірқатар ескертпелер мен ұсыныстар айтты.

Кіре берістегі есімі берілген тұлғаның ескерткіші ескіргенін меңзеген аудан басшысы оны тез арада ретке келтіруін тапсырды. Сондай-ақ, мектеп аумағындағы ағаштарды әктеп, аула тазалығына тиянақты болу қажеттігін айтты. Ал, ішкі жұмысын аралау барысында да ұсыныстармен қатар бірнеше ескертулер де айтылмай қалмады. Мысалы, мектеп қабырғасындағы стендтердің ескіргені көзге көрініп-ақ тұр. Сонымен қатар, спорт алаңшасын ретке келтіру, арықтарды тазалау жұмыстарын тез арада аяқтауды тапсырып, мектеп артындағы ескірген ғимараттың да мәселесін оңтайландыру қажеттігі айтылды. Аудан басшысы мектеп асханасында болып, ас мәзірімен де танысты. Айта кететін жайт, биыл оқушыларды тамақтандыруға бөлінген қаржы сомасы өскен болатын.  Осыған байланысты, аз мәзіріне де өзгерістер енгізілген. Асхананың жұмысымен танысып, біраз сын-ескертпелер айтқан аудан басшысы балалардың денсаулығы – маңызды мәселе екенін ескертті. Осыдан кейін, аудан әкімі ауылдық балабақшаға барды. Онда бүлдіршіндер үшін ойын алаңшасында жағдайдың барлығы дерлік жасалып, тазалық жұмыстары да қолға алынған екен. Сыртқы келбетіне көңілі толған аудан басшысы балабақша қазандығын газға ауыстыру жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс беруді тапсырды. Сондай-ақ, аталмыш мекеме ішіне бейнекамера орнату керектігін  ескертті. Ал, балабақша маңындағы бос тұрған жеке меншіктегі ғимаратты ретке келтіруді ауыл әкіміне жүктеген Болатбек Байтөленің келесі барған нысаны ауыл әкімдігі қызметкерлері отыратын орын болды. Онда тұрғындар үшін қызмет ететін мамандардың жұмысымен танысып, екі қабатты ғимараттың көп бөлігі бос тұрғанын ескеріп, болашақта жөндеу жұмыстарын жүргізіп ел игілігі үшін пайдалануға беруді ұсынды. Сонымен қатар, ауыл әкімі Бақдаулет Садырбаевқа ауыл тұрғындары Сарыбұлақ ауылына қатынай бермеу үшін, ондағы мамандардың осында жиі келіп тұруын міндеттеді. Келесі кезекте аудан басшысы ат басын ауылдық амбулаторияға бұрды. Ауыл тұрғындарының «Дамумед» бағдарламасы арқылы ауылдан-ақ аудандық аурухана дәрігерлеріне жазылып, кезектері келгенде ғана аудан орталығына бару мүмкіндіктері түсіндірілді. Дәрігерлердің қызметімен танысқан аудан басшысы ауылдан дәріхана ашу қажеттігін айтып, бұл жұмысты ауыл әкіміне жүктеді. Келесі кезекте тұрғындар үшін қызметі маңызды пошта торабына барған аудан әкімі мұнда да жылыту және тазалық жұмыстарына қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. Алты гектарды алып жатқан ауыл саябағында болған аудан басшысы ауыл әкімінен бастап, ауылдық мәдениет үйі басшылығы жұмысын сынға алды. Мұндағы ағаштарды бұтау, әктеу, тазалық жұмыстарын қолға алу, ескерткіш алаңын жаңарту, сондай-ақ, алаңдағы бос тұрған ғимаратты игілікке жарату жұмыстарын тез арада қалыпқа келтіруді қатаң түрде тапсырды. Бұдан кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өтті. Жиында ауыл тұрғындары алдында округ әкімі Бақдаулет Садырбаев осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары жайында баяндады. Болатбек Байтөле баяндамада айтылмаған салаларды тізбектеп, бірқатар сұрақтар қойды.

– Ауылда қандай да бір проблемалар болса айтыңыздар. Түйткілді жайлар болса соны білу үшін, шешу жолдарын қарастыру үшін арнайы келдік. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жандар болса түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінгі таңда мемлекеттен кәсіпкерлікке көптеген қаржы бөлініп, мүмкіндігі мол жеңілдіктер қарастырылған. Қандайда бір өзге де жеке мәселе болса біздің тарапымыздан қол ұшын созуға дайынбыз, – деген аудан әкімінің сөзінен кейін жұрт кезек-кезегімен сұрақтарын қойды. Ауылда кең қаралған мәселенің бірі – газ төңірегінде өрбіді. Бірі әлі күнге көгілдір отынды пайдалана алмай жүрсе, енді бірі төлемақы көп мөлшерде келетінін жеткізді. Бұл сұрақ төңірегінде аудандық «Қаз ТрансГаз Аймақ» басшысы жауап берді.

– Жалпы ауыл бойынша қанша үй газды пайдаланады? Қаншауы әлі газға қосылмаған?  Олардың ішінде жағдайы мүлде келмейтін қанша отбасы бар? Соны анықтап, жеңілдік жолдарын қарастыру қажет, – деді бұл мәселе бойынша Болатбек Байқонысұлы. Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Мәметов ауыл тұрғындарына кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге үлкен қолдау болып отырған мемлекеттік бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Бұдан кейін халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Заурбаева да сөз алып, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға және де өзге де атаулы көмек туралы айтып өтті.

Түс ауа аудан басшысының сапары Сарыбұлақ ауылында жалғасты. Әуелі ауылдық поштада болған аудан әкімі бірқатар ескертулер жасады. Сонымен қатар, аудан әкімі дүкен бағаларын да назардан тыс қалдырмады. Арнайы дүкенге кіріп нан, қант, тауық еті, күріш және өзге де азық-түліктердің бағасын біліп,  ауылдық әкімдікке арнайы шкаладан бағалардың асып кетпеуін қадағалауды тапсырды. Содан кейін ауыл ішін аралап, кейбір көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін ескертіп, ауыл маңында жаңа берілген ықшам ауданға жарықтандыру жұмысын жүргізу керектігін айтты. Көшелердегі ағаштарды әктеу мен арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізу керектігі де ауыл әкіміне ескертілді. Сапар барысында Болатбек Байтөле ауыл ішіндегі бос жатқан, инфрақұрылым жүргізу қажет жерлерді тез арада анықтап, жер кезегінде тұрған адамдарға беруді қолға алуды тапсырды. Осыдан кейін халық асыға күткен жиын да басталды. Ашық форматта өткен жиын басы округ әкімі Бақдаулет Садырбаевтың баяндамасымен ашылды. Аудан басшысы сөз кезегін тұрғындарға бергенде мұнда да газ мәселесі көтерілді. Ал, көптің көкейінде жүрген суармалы су мәселесі бойынша «Қазсушар» ЖФ РМК «Қордай» ӨБ басшысы Денис Коновалов түсіндіріп берді. Тұрғындар өтінішімен тәртіп мәселесі де талқыланып, бірқатар мәселелер бойынша АІІБ басшысының орынбасары Бауыржан Әбдікерімов сөз алды. Аудан әкімі Болатбек Байқонысұлы сала мамандарының өз жұмысын жақсы білуі мен жедел қызмет көрсетуді жіті назарға алуды тапсырды. Тұрғындардың өтініштері тез арада қаралып, жұмысты жүйелеу керектігін тілге тиек етті. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов түсініктеме берді. Өзге де жеке мәселесімен келген тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға сол маңда бірден жауап берілсе, кейбір сұрақтар назарға алынып, хаттамаға енгізілді.

– Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалуда. Оған үлкен қаржы бөлініп, қолжетімді бағдарламалар жасақталған. Алайда, бұл округте сол бағытта жұмыстар жеткіліксіз, – деген аудан басшысы осы салада жұмысты жандандыру қажеттігін айтты.

Жиын соңында сөз алған ауыл тұрғыны Б.Ордабаев ауылға арнайы келіп, тұрғындармен кездесіп, ашық сұхбат жүргізіп, бірқатар мәселелердің түйінін тарқатуға септігін тигізген аудан басшысына ауыл тұрғындарының атынан алғысын жеткізді.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта