home
home home

Басты арман болған баспана жайы

 

Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. Себебі адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тұрғын үймен тікелей байланысты болады. Жылжымайтын мүлік бағасы жыл өткен сайын жоғары жылжып бара жатқан кезеңде көптеген жандарға мемлекет көмегіне жүгінуге тура келеді. Осы орайда өзекті проблеманы шешу үшін мемлекет түрлі бағдарламаларды әзірлеп, іске асыруда. Ауданымызда бүгінде табысты іске асып жатқан осы істер турасында сөз етсек.

Баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып, тапқан-таянғанын өзгеге беруден мезі болғандардың бар үміті – мемлекеттен тегін бөлінетін жер телімі немесе тұрғын үйінде. Бұл мәселе біздің ауданымызда да өзектілігін жоймай келеді. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі кімдерге беріледі? Қашан және қай жерден бөлінеді? Оның заңдылығы қандай? Осы сауалдар жерлестеріміздің көкейінде жүргелі қашан. Жауабы да реті келген сайын айтылғанымен, халық әлі де болса бұл сауалдарды қоюдан талмайды. Қордайлықтар жағымды өзгеріс болар ма екен деп үміт етеді. Аудан басшылығы осы бағытта қандай жұмыс атқарып, нендей қадамға барғанын білгісі келеді. Жерлестеріміздің көкейінде жүрген осы мәселенің мәнісін біз де бажайлап көруді жөн санадық.

Бұл өзекті мәселені шешу үшін бірер жыл бұрын елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынған болатын. Аталған бағдарлама аясында бос жатқан жерлерге инженерлік коммуникацияларды тартып, жеке үй салу үшін 10 сотық жер учаскелерін беру көзделді. Қазіргі таңда 4 тұрғын алқапта инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Қордай ауылындағы «Солтүстік» және «Шығыс» (613 га 2776 жер учаске) алқаптарында 2017-2018 жылдары электр жүйесі және жол құрылысы жүргізілген, бүгінгі таңда  ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. 2017 жылдан бастап 2276 жер учаскесі берілді (оның 1200 жер учаскесіне мемлекеттік акт жасалды, 15 жер учаскесіне жеке тұрғын үй құрылысы салынуда). Ал ағымдағы жылы 500 жер учаскесін беру жоспарланса, бүгінгі күнге 350 жер телімі  кезекке сәйкес берілді.

Сонымен қатар, Қордай ауылындағы «Батыс» алқабына (106 га, 388 жер учаске) электр желісі, ауыз су және жол салуға ағымдағы жылы қаржы бөлініп, жоғарыда атап өткендей тиісті жұмыстар басталды. 2021 жылы 388 жер телімі берілетін болады.

Аудандағы ірі ауылдық округтің бірі саналатын Отарда жаңа тұрғын алқапқа (98 га 682 жер учаске) электр желісі мен ауыз су жүйелерін жүргізуге ағымдағы жылы қаржы бөлініп, 2021 жылы тиісті жұмыстар аяқталысымен 1070 жер телімі беріледі деген жоспар бар.

Алдағы уақытта Қордай ауылындағы жаңадан бой көтеретін «Самал Тау» тұрғын алқабына (450 га 1550 жер учаскесі) электр желісі және ауыз су жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін 2021 жылға бюджеттік өтінім тапсырылды.

Бүгінгі таңда аудан бойынша жер кезегінде 12745 адам тұр, оның ішінде «колхоз» аймағының өзінде 4444 адам, бұл жалпы кезектің 35,6% құрайды. Осы орайда инфрақұрылым жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Ауқатты ауылында қосалқы электр станциясын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Демек, бұл аймақта 10 сотық жерге қол жеткізудің ауылы алыс емес. Ал, жалпы Қордай ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін беру үшін 14 елді мекендегі тұрғын алқаптарға инфрақұрылым жүргізу қажет екен.

Ендігі кезекте – тұрғын үй беру мәселесіне тоқталсақ. Елімізде тұрғын үй саласын дамытудың бірыңғай моделін әзірлеуде негізгі қағидат – әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бола бермек. Қордай ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 1524 адам кезекте тұр.

Толығырақ атасақ: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім 233 бала, 243 көпбалалы отбасы, толық емес отбасылардан 455 адам, 310 бюджеттік қызметкер, 1 және 2 топтағы мүгедектерден 141 азамат, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші 81 азамат,  50 зейнеткер, сонымен қатар 1 қандас, 4 Чернобыль апатына қатысушы, 5 Ауған соғысына қатысушы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы және оған теңестірілген 1 адам, 1 аппаты үй иесі.

Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша көп қабатты тұрғын үй құрылысын 2023 жылға дейін дамыту картасы әзірленіп, бекітілді. Бекітілген карта бойынша Қордай ауылында 22 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланды (1270 пәтер). Атап айтқанда, «Батыс» тұрғын алқабында 18 үй (1070 пәтер), Жібек жолы көшесінде 2 үй (120 пәтер) және Цемзауыт ықшам ауданындағы Орталық көшесінде 2 үй (80 пәтер).

Осылайша, 2020 жылы 5 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде 1 тұрғын үй құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы, 4 тұрғын үй «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жүзеге асуда. Қордай ауылында 4 көп қабатты үй және Гвардейск қалашығында бір 4 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталмыш құрылыстар аяқталғанда ағымдағы жылдың қорытындысымен 196 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Баспаналы болатындарды атасақ: «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, көпбалалы отбасылар – 41 адам; әлеуметтік осал топтар – 78 адам; жетім балалар – 37 адам; бюджеттік мекеме қызметкерлері – 74 адам. Одан бөлек биофармзауыт қызметкерлеріне – 60 қызметтік пәтер және мемлекеттік қызметкерлерге сатып алу құқығынсыз 34 пәтер беру жоспарлануда.

Мұндай жұмыстар алдағы жылдары да қарқынды жүргізіледі. Мәселен, биылғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы 340 пәтер болатын 6 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін қаржы бөлінді. Қазіргі таңда аталған үйлердің сараптама қорытындысы алынып, 2021 жылға бюджеттік өтінім тапсырылды.

Сонымен қатар, бүгінде Қаракемер ауылында 2-пәтерлі 10 жеке тұрғын үй құрылысы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл үйлерді Қаракемер ауылына жұмысқа келген жас мамандарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көп балалы, жалғызбасты аналарға беру жоспарлануда. Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл басынан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 22 азаматқа жолдама беріліп, оның ішінде екі азаматша баспаналы болды. Оның біреуі толық емес отбасы болса, екіншісі мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасы санатына жататын азамат.

Қордай ауданының тұрғындары қай кезде де қайырымды істерді атқарумен алдына жан салмайтыны белгілі. Биыл осы игі үрдіс жалғасын тауып, «Атымтай жомарт» азаматтардың көмегімен қазақи дәстүрге сай «асар» әдісімен 15 жеке тұрғын үй құрылысы басталып, жыл соңына дейін оларды баспанаға мұқтаж отбасыларға беру жоспарлануда.

Байқағаныңыздай, мемлекет қолға алған шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Биылдың өзінде ауданда бұрын-соңды болмаған жұмыстар басталды. Басшылық жоспарлары сәтті іске асса алдағы жылдары көптің көңілін күпті еткен мәселе оң шешімін табары анық.

 

Еркін Қатбеков

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.