home
home home

«Бастау Бизнес» берекеге бастайды

«Бастау Бизнес» берекеге бастайды

Қордай ауданында «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асырыла бастағалы үш жылдың жүзі болды. Бұл белгілі бір нәтиже шығарып, мемлекеттік бағдарламаның ауыл тұрғындары үшін тиімділігін бағалауға жеткілікті уақыт. Ендеше, осы игіліктің мән-жайын толығырақ тарқатсақ…

 

Естеріңізге сала кетсек, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды шағын несиелендіру арқылы ауылда еңбекпен қамтуды қамтамасыз етуді көздейтін «Бастау Бизнес» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдармаласы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама шартына сай ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азаматтар жоба қатысушылары бола алады. Олар кәсіпкерлік қасиеттердің бар болуына психологиялық тест өткізіп, арнайы даярланған бизнес-тренерлер өкізетін бір айлық оқыту курсынан өтуі қажет. Әлбетте, бизнесті үйрену мүмкін емес, ол қанда болатын қасиет деп сенімсіздік танытатын адамдар да кездеседі. Сонымен бірге кәсіпкерлік қызметке барлық адамдардың 2 пайызында ғана генетикалық бейімділігі бар деген ғылыми мәліметтер де бар. Дегенмен, жоба түлектерінің айтуынша, аталмыш оқу арқылы олар білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын керегінше үйренген.

Биыл «Бастау Бизнес» жобасын оқыған адам саны да, іске асырылған жобалар саны да жеткілікті. Мәселен, 2017 жылы жоба бойынша 192 адам оқып, оның 106-сы жалпы сомасы 381,54 млн. теңгеге несие алса, 2018 жылы 184 адам оқып, оның 108-і 376,53 млн. теңгеге несие алған. Ал, 2019 жылдың қыркүйегіне 135 адам оқып, 39 адам жалпы сомасы 152 млн. теңгеге несие алған. Оған қоса, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қызметкерлерінің айтуынша, биыл оқу қысқа дейін жалғасып, әлі 160 адамды оқыту жоспарланған. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек тыңдаушылардың жартысы, атап айтқанда 49,5 пайызы несие алып үлгерген. Ал, жобамен барлық оқығандардың 25 пайызын ғана несиелендіру жоспарланғанын ескерсек, жоба белгіленген межені асыра бағындырды деген тұжырым шығады.

«Кепілзаттық қамтамасыз ету және несие тарихтары бойынша минималды базалық талаптары мен ниеті бар азаматтардың басым бөлігі несиелерін алып үлгерді. Проблемалар тек қана өтімді кепілзаттық қамтамасыз етуді ұсына алмағандарда туындады. Несие тарихы нашар азаматтарды біз алдын ала ескеріп, құжаттарды қабылдау барысында шығарып тастаймыз», – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ержан Әден. Біздің есебіміз бойынша «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде несие ретінде біздің аудан 910,07 млн. теңге алған. Инновациялық жобаларды дамытуға бөлінген гранттар және жас қатысушыларға бөлінетін гранттар сомасы миллиард теңгеге жақындап қалды. Ал, жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығында іске асырылып жатқанын ескерсек, бұл салаға салынған қосымша инвестиция екенін аңғаруға болады. Екінші маңызды тұсы – жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Несие алған бағдарлама қатысушылары жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді аударуға, жұмысқа қызметкер қабылдауға міндетті. Ауданда кейінгі үш жылда «Бастау Бизнес» бағдарламасының қатысушылары 253 жаңа кәсіпкер, демек жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған адамдар саны азайған. Ал, бұл кәсіпкерлер жұмысқа адам қабылдайтынын ескерсек, бұл сан екі есе өседі.

Жастардың көбісі үшін бұл жоба өмірде өз орнын табуға мүмкіндік берді. Мысалы, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Айболат Аманбаев жуырда жоба бойынша оқуды аяқтап, гранттық қаржыландыруға құжат дайындау үстінде.

«Бұл жоба туралы өз таныстарымнан естідім. Осыған дейін Қордайда, Алматыда кез-келген шаштаразда ерлер шаштаразшысы болып жұмыс істеп, өз ісімді бастауды армандап жүрген едім. Оған қаражатым болған жоқ. Кәсіпкерлер палатасына тапсырыс беріп, оқуды аяқтап, грантқа құжат жинап жатырмын», – дейді ол.

Ал, Қордай ауылының тұрғыны Кәмшат Оразыметова грантқа құмблоктарын өндіретін аппарат алуды жоспарлауда.

«Бастау Бизнес» жобасы жайында мен теледидардан білдім. Бағымды сынап көрейін дедім, оқуды аяқтадым, енді қаржыландыруды күтіп отырмын. Жолдасым екеуіміз үйде құмблоктарын жасаймыз, аппаратты қолдан жасадық, сондықтан сапасы нашар. Зауыттан шығарылған жақсы аппарат алуды көздеп отырмыз», – деп жоспарларымен бөлісті ол.

Жалпы, ауданда бастамашыл және белсенді азаматтар көп, оларға тек қана ісін бастауға көмек керек. «Бастау Бизнес» жобасы ол үшін таптырмас мүмкіндік.

 

Серғазы Манасбаев 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта