home
home home

Баспаналы болудың оңтайлы жолы

Баспаналы болудың

оңтайлы жолы

 

«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» демекші, өз қара шаңырағында көсіліп жату – көпшіліктің арманы. Бүгінгі таңда халықтың осы арманын ақиқатқа айналдырар мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғаны мәлім. Солардың бірі –

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы. Аталмыш бағдарламадан көпшілік хабардар болғанымен, оның қыр-сырын біле бермейді.

 

Осыған орай өткен апта соңында аудандық Мәдениет үйінде «7-20-25» турасында ҚР Ұлттық банкінің және екінші деңгейлі банктердің қызметкерлерінен құралған ақпараттық топ түсіндіру жұмыстарын өткізді.  Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевтың төрағалығымен өткен кездесуге «Қазақстан Халық банкі» АҚ Жамбыл облыстық филиалының өкілі Сәуле Абдрасилова, «Центр кредит» банкінің өкілі Дәулет Исаев, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатындағы арнайы орталықтандырылған түсіндіру офисінің қызметкері Дамира Канабаева және облыстық денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, білім басқармаларының өкілдері қатысты. Бұл жиынға баспана алуға ниетті халық көп жиналды. Олар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, бағдарламаның негізгі шарттарымен танысып, толыққанды ақпарат алды. Көбіне бастапқы жарна, кепілгерге (гарант) қойылатын талаптар, көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеңілдіктер, осы бағдарлама аясында екінші дәрежелі тұрғын үй алу мүмкіндігі жайында сауалдар жолдады. Жалпы жиналыс аяқталған соң, облыстан келген жұмыс тобы азаматтарға жеке қабылдау өткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека беретін жеті банкпен келісімшарт жасалған. Олар: «Центр кредит», «Евразия банкі», «РБК», «Цесна», «Форте», «Халық» және «АТФ» банктері. Азаматтар аталған банктердің бөлімшелеріне барып, ипотекалық бағдарламаға құжат тапсыра алады. Облыс орталығы Тараз қаласында бағдарлама бойынша Арай-2 және 15-ші ықшам аудандарында жаңадан салынған үйлерден баспана беріледі. Кездесуге жиналған азаматтарға осы баспаналардың бағасы мен несиені рәсімдеуге қажетті құжаттар тізбесі көрсетілген ақпараттық кітапшалар таратылды.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.