home
home home

Бәрекелді үздік инспектор марапатталды

 

Жуырда Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өткен болатын. Онда 9 айда ішкі істер органдарының атқарған жұмысының қорытындылары мен Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды. Айта кетерлігі, алқа мәжілісіне қатысуға тек әр өңірден ішкі істер органдарының үздіктері ғана таңдалған. Сол үздіктердің арасында ауданымыздың жергілікті полиция қызметкері Сейілбек Садырбаевта бар.

 

Сейілбек күні кеше ғана «Үлгілі ауыл» атанған Кенен ауылының тумасы. Ол бала кезден полицей формасын киюді армандап өскен. Орта мектепті аяқтаған соң ата-анасы оны ҚР ІІМ Семей заң колледжіне оқуға түсіреді. Аталмыш оқу орнын қызыл дипломмен тәмәмдап, дереу туған жерге оралады. Осылайша, еңбек жолын өзінің туып өскен Қордай ауданында 2008 жылы учаскелік инспектор қызметінен бастайды. Десе де әр жұмыстың өзіндік машақаттары жоқ емес. Әсіресе полиция қызметінде. Мұнда күніне түрлі жағдайлар орын алып жатады. Ал, қызметкер соған төзуі керек. Бұл жолдардан жүріп өткен Сейілбек Сәрсенғалиұлы аудандағы үш бірдей ауылдың учаскелік инспекторы қызметін атқарған. Атап айтсақ, Қордай, Алға және Кенен ауылдарында. Қай ауылда болсын қызметін абыроймен атқара білді. Осы мінсіз қызметінің арқасында ол бүгінде полиция капитаны. Қазіргі таңда Сейілбек Садырбаев Әлжан ана ауылының учаскелік инспекторы. 2019 жылдан бері осы ауылдың тыныштығын күзетіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға барын салып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Полицей адамдарға қызмет етуге және оларға көмектесуге жалданады. Қажет кезде адамдарға көмекке келетін досы болуы керек. Азаматтар полиция қызметкерлеріне сенім артып, өз проблемаларын шешуге жүгінуі тиісті», – деп айтқандай күндіз-түні ауылдың тәртібін бақылайтын Сейілбекті ауыл жұрты жақсы таниды. Учаскелік инспекторға тек мақтау сөздер айтылып жатады. Өйткені, соңғы уақытта округте қылмыс саны азайып, тәртіп бұзушылық төмендеген. Өз қызметіне адалдығы мен кәсіби тұрғыда кемелденгенінің анық бір көрінісі С.Садырбаев жақында облыстық «Үздік учаскелік полиция пункті» байқауында бақ сынаған. Онда учаскелік пунктің қызметі сынға түсіп, жасаған жұмыстары, ауыл тәртібіне аса мән берілген. Барлық ауданның үздіктері бас қосқан байқауда Сейілбек Сәрсенғалиұлы қызмет ететін Әлжан ана ауылында орналасқан  №13 учаскелік полиция бекеті үздік деп танылды. Облыстың бас полицейінің көңілінен шыққан  №13 учаскелік полиция бекеті арнайы дипломмен марапатталып, Сейілбек Садырбаевқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев су жаңа «Нива» автокөлігін табыстады. Осылайша облыстың үздігі атанған Сейілбек аудан мақтанышына айналды. Әріптестері де оның жұмысына жоғары баға беруде. Міндетінен мін таптырмайтын кейіпкеріміздің осыған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. Басшылықтың алғыс хаттарынан бөлек, кеудесіне «Мінсіз қызметі үшін» медалі мен «ҚР Полициясының 25 жылдық мерейтойы» төсбелгісін таққан. Он екі жылдан астам ауданның қауіпсіздігі саласында еңбек етіп келе жатқан Сейілбектің болашағынан әріптестері көп үміт күтеді. Сол үміттің бір шоғы жанғандай жоғарыда айтып өткен Мемлекет басшысының қатысуымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне шақырту алады. Алқа мәжілісіне әр өңірден тек үздіктер таңдап алынған. Сол үздіктер қатарына енген Сейілбек Садырбаев Президент алдында баяндама жасаушылар тізімінде болады.

– Мәжілістен зор шабыт алдым. Әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлы біздерге адамдармен ашық диолог жүргізу қажеттігін жеткізіп, тұрғындар жергілікті полициядан үлкен көмек күтетінін айтқаны бойыма күш жігер берді. Ендігі мақсатым, ары қарай да қызметімді абыроймен атқарып, халық көңілі мен үдесінен шыға білу, – дейді инспектор.

Алқа мәжілісі соңында үздіктерді марапаттау рәсімі болып өтті. Онда еліміздің әр түкпірінен келген үздіктерге алғыс хаттар мен дипломдар, төсбелгілер табыс етілді. Ал, біздің жерлесіміз Сейілбек Садырбаев ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан «Ішкі істер органдарының үздігі» медалімен марапатталды.

– Мен бұл салада 12 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Бүгінде учаскелік инспекторлардың жұмысына үлкен көңіл бөлінуде. Жұмыс қағидасы да өзгеруде. Қазір аудан орталығына жол жүрмей-ақ электронды хаттама толтырамыз. Мұның өзі учаскелік инспектор жұмысын әлдеқайда жеңілдетті, – дейді ол.

Осылайша ішкі істер органдарының үздігі құрметіне бөленген жерлесіміз Нұр-Сұлтаннан үлкен күш-жігермен оралды. Өз жұмысын зор шабытпен істеуді жөн санайтын кейіпкеріміз екі қыз бір ұл сүйіп отыр. Жары Әсем балабақша меңгерушісі қызметін атқарады. Үйде қамқор әке, жұмыста үздік полицей капитан Сейілбек Садырбаевқа сәттілік тілейміз.

 

Мадияр Қарабаев

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.