home
home home

Балаусадағы бақытты шақ

Балаусадағы бақытты шақ

Жаз мезгілін балалардан артық ешкім асыға күтпесі анық. Оқу жылы аяқталып, қаладан ауылға, ауылдан қалаға сапар шеккен қара домалақтардың кейбірі лагерге де баруға құштар. Лагерь демекші, аудан орталығында орналасқан «Балауса» сауықтыру лагері өткен аптада балғындарға есігін ашып, демалыс орнының тыныс-тіршілігімен біз де танысып қайтқан едік.

Лагерь дегенде әуелі әркімнің ойына ұйықтау, тамақтану, шомылу, ойнау сияқты дүниелер келетіні мәлім. Алайда, мұндағы тәртіп сіз бен біз ойлағаннан мүлдем бөлек екен. Таңғы сағат сегізде ұйқыдан оянған балалар ең алдымен өз төсек- орнын жинап, тазалық пен тәртіпке үйренеді. Одан кейін тәрбиеленушілер орталық алаң-қайға жиналып, жаттығуға кіріссе, таңғы астан соң арнайы үйірмелерге қатысатыны белгілі болды. Сондай-ақ, оларды суда шомылу әдістерін үйретуге де арнайы уақыт бөлінген. Балалар үшін түскі асқа дейін бір сағаттай бос уақыттары да қарастырылған. Ол кезде балақайлар бір-бірімен жақын араласып, танысып, өзге топтармен еркін ойнау мүмкіндігіне ие болады. Түскі тамақтан кейін екі сағат тынығып, сағат төрттен кейін нағыз қызықты сәттері – бассейнде шомылуға кіріседі. Онда кіші топтар бір бөлек, үлкен топтар бөлек суға түседі. Одан кейін балақайлар үшін спорттық үйірмелер мен өзара сайыстар ұйымдастырылады екен. Тәрбиешілердің айтуынша, жүгіру, секіру, доп ойнау сынды ойындар жиі жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар, тағы бір қызықты сәт – кешкі астан кейін басталатынын байқадық. Онда тәрбиешілер алау оттарын жағып, би кеші ұйымдастырылады.

Біз барған уақытта балалар «Екі жұлдыз» атты концерттік іс-шара өтіп жатыр екен. Барынша сәнденіп киінген тәрбиеленушілер бізді қуана қарсы алды. Концерттік бағдарламаның шарты бойынша әр тәрбиеші өз тобымен қосылып ән шырқады. Әр топтың қатысушылары сахнаға көтерілген мезетте жанкүйерлердің ұрандатқан қолдауын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай-ақ, белгілі адамдарға пародия салу сайысында сынға түскен балалар барын салды. Мұнымен қатар, бағдарлама аясында өзге де ойындар ойнатылып, концерт ойдағыдай өтті. Осы уақытта Сұлутөр ауылынан келген он екі жасар Нұрбақыт Төлепбаймен тілдесіп үлгердік.

– Бұл менің мұнда үшінші мәрте келуім. Маған бұл жер қатты ұнайды. Жаңа достар таптым. Суға шомыламыз, сабақ оқимыз, ойын ойнаймыз, би кешіне барамыз. Лагерьдегі апайлар да өте жақсы, – деген Нұрбақыт алдағы жылы да осында келіп тынығуды қалайды.

Ал, лагерьдің директоры Рая Ағыбаева бізді демалыс орнының жұмысымен таныстырып өтті. Мұнда 6 тәлімгер, 6 тәрбиеші, психолог, музыкант, ұйымдастырушы, медбике және тәулік бойғы күзет жұмыс жасайды екен. Тағы бір айта кететіні, балаларға қызықты болу үшін әр күннің өз атауы бар. Біз барған күн – «су шашу» күні балалар бір-біріне су шашып ойнады. Сонымен қатар, мұнда «әзіл күні», «ойын күні» де бар. Ең қызығы «керісінше күн» екен. Бұл күні балалар күнделікті жұмыстарын керісінше жасайды. Мысалы, кешкі ойын-сауықты күндізге, күндізгіні кешкіге қалдырады. Он бес жылдан астам осы сауықтыру лагерінде еңбек етіп келе жатқан Жанат Нұралиева да өз ойын ортаға салып, лагерьдің тынысы жайлы айтып өтті.

– Мен балаларды жанымдай жақсы көремін. Мұнда дәл қазір 280 тәрбиеленуші орналасқан. Әрбірінің мінезі әр түрлі болып келеді. Соның барлығын ескере отырып жұмыс жүргіземіз. Қабілеттеріне қарай түрлі үйірмелерге тартып, ашылуына, достар табуына, өзгелермен еркін тіл табысуына көмектесу осындағы біз атқаратын жұмыстардың бір парасы. Сол үшін, мұнда күнде үш рет концерттік іс-шара, екі спорттық ойын, бір мәрте би кешін ұйымдастырамыз, – деді ол.

Сонымен қатар, балалар әр сәрсенбі, сенбі күндері ата-аналарымен кездеседі. Ауылдан ала келген базарлықты балалар бөлісе біледі екен. Әр күні әр топ кезекшілік қызметін атқарып, қалт ете қалғанда арнайы ойын алаңшасына барып ойнауына болады. Жалпы айтқанда, мұнда балалар үшін жағдайдың барлығы жасалған. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда ауданның студенттері де келіп балаларға тіл үйірмесі  сабақтарын өткізіп тұрады. Өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйретіп, бірі орыс тілін, білгені болса ағылшын тілінен де дәріс береді.

Осылайша, біз бір күн балалардың демалысының куәсі болып, олармен естелік суретке түсіп, сәттілік тілеп қош айтыстық.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.