home
home home

«Азия-Сад» ауданда алма бағын жаңғыртады

«Азия-Сад»

ауданда алма бағын жаңғыртады

«Ауылдың арғы жағынан,

Алмалы колхоз бағынан,

Қолыма қызыл гүл алып,

Қоштасқан күнді сағынам», – деп әйгілі әнде шырқалатындай қазіргі Қарасай батыр ауылдық округі, бұрынғы Алмалы ауылының тұрғындары, сонда қызмет еткен мыңдаған жан екі жарым мың гектар алқапқа дейін барған алма бағын сағынары анық. Алмасы мен алмадан жасалған өнімі сол кездегі орталық – Мәскеуге дейін жеткенін көзі көргендер әлі күнге жыр етіп айтады. Одан кейін өзгерген заман атақты алма бақтың күйреуіне әкеліп, күйбең тірлік оған бет бұрғызбай кеткен еді. 

Бүгінде ел еңсесін тіктеп, экономикасы қайтадан кең тыныс алған шақта, ауылдағы ағайын алма бақты қайтадан көтеруге бел буды. Оған мемлекет тарапынан да үлкен қолдау болып отырғанын айта кеткен жөн. Бұрыннан табиғаты аталмыш жемісті еркін өсіруге аса қолайлы болып келсе, енді оны қолға ала бастаған шаруалар жаңа технологияларды қолданып, жаңа сорттарды өсіріп, өнім көлемін арттыра түсірмек ниетте. Былтыр аталмыш округ аумағында «Алмалы-Колос» ШҚ өз қаражаты есебінен 46 млн. теңгеге 10 гектар алқапқа алма бағын отырғызса, биыл оны 56 гектарға жеткізбек. Ал, Қарасай ауылдық округіне кіретін Еңбек ауылына жетпей жолдың оң қапталы жақын болашақта жайқалған баққа айналғалы отыр. Былтырғы жылдың соңында «Азия-Сад» ЖШС бас-аяғы 116 гектарды құрайтын қарқынды алма бағын отырғызуды қолға алған болатын. Негізінен алма өсірудің еуропалық технологиясын қолданып жатқан серіктестіктің жұмысына тамсана да таңдана да қарайсың. Алғаш қарағанда тек сорайған бетон қондырғылар ғана көзге көрінеді, ал жақындай барсаң кәдімгідей инженерлік инфрақұрылымды байқайсың. Өткен сенбіде серіктестіктің жұмысымен танысуға аудан басшысы Болатбек Байтөле де барып, сондағы жұмысшылармен тілдесіп, олардың алға қойып отырған мақсаттары мен өзге де мәселелері турасында әңгімелесіп қайтқан еді. Жоғарыда атап өткен бетон бағаналар бір қатармен тізбектей орнатылса, оларды жалғастыратын механизмдері және соған байлана тігілген ағаш көшеттерін көресіз. Төменнен тамшылатып суару технологиясы бойынша құбырлар жіберілген. Оның өзі топырақта емес, жаңа атап өткен бағаналарға орналастырылған. Польшадан жеткізілген 160 мың көшеттің әрқайсысы қолмен отырғызылған.

– Жалпы технологияларды сақтай отырып жұмысты жүргізу үшін басында жүзден аса адам еңбек етті. Барлығы осы аймақтың тұрғындары. Қазір жиырмадан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алманың бір-біріне ұқсамайтын төрт сортын тіктік. Негізгі өнімді тек келесі жылы аламыз. Биылғы жылға жоспар барлығын күтіп, баптап ұстау. Мына өздеріңіз көріп отырған конструкцияның үстінен арнайы тор жабылатын болады. Ол құстардан және бұршақтан, жалпы ауа-райының тосын мінезінен қорғайтын болады. Бақты суару үшін жерден су бұрғылаудамыз. Әзірге барлығы ойдағыдай. Жұмысымыз жоспарға сәйкес іске асуда, – дейді серіктестік өкілдері.

Бақты аралап көрген аудан басшысы қандайда бір проблемалар туындап жатса, қолдан келгенше көмек беруге әрдайым дайын екендігін жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың аяғына дейін аудан көлемінде 131 гектар үдемелі алма бақтар іске қосылады деп күтілуде. Бұл ең алдымен аудан тұрғындарын отандық азықпен қамтуға үлкен қарқын бермек. Бұрынғы Алмалы жерінде қайтадан қарқын алған алма бағы шетелдік технологияны қолданумен іске асса-дағы жері мен алма өсіруге қолайлы болып тұрған табиғаты өзіміздікі. Ендеше іске сәт!


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта