home
home home

Әз-Наурыз Қордай жерінде

Әз-Наурыз Қордай жерінде!

Шуақты күн, ақшаңқан киіз үй, айналаны тамылжытқан тамаша әуен, буы бұрқыраған қазан-қазан наурыз көже мен дәмді тағамдар… Осының барлығы қордайлықтарға Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің келуінен хабар беріп, қалың көпшілік таң азаннан орталық алаңға ағылды. Бұл жолғы мерекелік іс-шара жаңаша түрде тойланып, Наурыз шеруінен бастау алғанын айта кеткен жөн.

Аудандық мәдениет үйінің алдына көптеп жиналған халық орталық алаңға қарай бет алды. Наурыздың басты кейіпкері Қыдыр ата мен салт атты жігіттер бастаған бұл топта шапан киген ақ сақалды қариялар, көздің жауын алар ұлттық киім киген ақжаулықты әжелер, аналар сондай-ақ, асыр салған балақайлар да болды. Мұндай шеруді тамашалаған тұрғындардың жүзі жайнап, мерекелік көңіл-күйлері одан әрі көтерілді десек артық айтқандық болмас. Қордай ауылының орталық алаңындағы Наурыз тойына жиналған көпшілікті аудан әкімі Болатбек Байтөле құттықтап, ізгі тілектерін айтты. Содан соң сахнаға Қыдыр ата шығып, ақ батасын беріп, той басталып кетті. Құлақтың құрышын қандырған күйлер, ұлттық билер мен әсем әндер жүректен шығып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Аудан әкімдігінің бөлімдері, этномәдени бірлестіктер және өзге де мекемелердің өкілдері кең дастархан жайып, қонақтарды күтіп алуға барын салды. Ұзынынан ұзақ құрылған үстелдердің үсті бауырсақ, жент, жеміс-жидек пен басқа да тәттілерге, ұлттық тағамдарға тұнып тұрды. Ең бастысы, бұл күнгі мерекенің басты дәмі – наурыз көже келушілерге кең молынан жетті. Жеті түрлі дәннен әзірленетін қасиетті тағам адам бойына күш-қуат, сенім, жігер ұялатады деседі. Ұлттық киімдерін жарасымды етіп киген қыз-келіншектер келушілерді аса ілтипатпен қарсы алып, ас ұсынып, шай құйды. Кең дастархан басына түрлі ұлт өкілдері қаз-қатар отырып, ғибратты әңгімелерді сөз етіп, құттықтау сөздерін де айтты. Мұнымен қоса, этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық өнерін де ортаға салып, халықтың зор ықыласына бөленді.

Шұрқырап, асыр салып ойнап, езуінен күлкі кетпейтін балақайлар айналадағы қызыққа тоймай қарағандай болды. Алтыбақанға отырып, ойын ойнап, әке-шешелеріне балмұздақ, тәттілер алдырып жатты. Көпшіліктің таңырқай қарағаны жаңадан өткізіліп жүрген «алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны болды. №3 спорт мектебінің оқушылары ұлттық ойынды көпшілікке паш етіп, өзге балақайлардың қызығушылығын оята білді.

Бұл күні Наурыз мерекесі аудандық «Қордай» мешітінде де ұйымдастырылды. Қасиетті жұма күні мұнда жиналған халыққа арнап киіз үй тігіліп, кең дастархан жайылды. Наурыз көжеден қуат алған қордайлықтар спорттық ойындарға қатысуға шақырылды. Ер жігіттер қол күрестіріп, кір тасын көтеріп, арқан тартып өзара мықтыны анықтады. Білектілігі мен ептілігін көрсеткендерге сыйлықтар мен дипломдар беріліп, құрмет көрсетілді.

Ұлттық мерекеміз адамдарды бір-бірімен жақындастыратын, татуластыратын, халықтар арасындағы достықты нығайтатын қасиетімен ерекшеленетінін тағы бір дәлелдеп бергендей болды. Жаңадан басталған жылымыз берекелі де, мерекелі болғай.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.