home
home home

Ауылдарға табиғи газ тартылмақ

 

Табиғи газ дегеніміз не? Ең алдымен бұл жылу мен жайлылық. Тарихқа үңілсек, оны адамзат бұрыннан қолданып келеді. Оны қолдануды  Иран, Кавказ, Солтүстік Америка, Индия, Қытай, т.б. елдерде ежелден қолдануды білген. Атақты жиһангез Марко Полоның  жазбаларында Қытайда табиғи газды қолдану туралы деректер кездеседі. Ол кезде табиғи газды жарықтандыру, жылыту, тұзды булау үшін қолданған деседі. Ал, заманауи әлемде газ тәжірибе жүзінде 19 ғасырдың ортасында неміс химигі Роберт Бунзеннің жасаған жаңалығынан кейін жаппай қолданыла бастаған.  Тас көмірді өңдеу барысында алынған газ көп ұзамай әлемнің ірі қалаларының көшелері мен үйлерін жарықтандыруға қолданыла бастаған біреу білсе біреу білмес.

Бұл құнды ресурс қолданыста 2 ғасырдан астам уақыт болса да, орталық және солтүстік Қазақстанның көптеген қалалары әлі күнге дейін көмір жағатыны жасырын емес. Біздің қордайлықтар газды үйреншікті дүние ретінде қабылдайды. Дегенмен, ауданның көптеген тұрғындары үшін көгілдір отын әлі де арман болып келеді. Газдандыру мәселесі көптеген жиындарда көтеріліп, ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын жоғалтқан емес. Алайда, барлық бастамалар мен тілектер қаржыландыру мәселесіне келіп тірелетін. Енді, міне мемлекет бұл түйінді тарқатып, қаржыландыру мәселесі шешіліп, мердігерлер анықталды.  3 маусым күні ауданның елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмыстары басталып,  аудан әкімі Рүстем Дәулет салтанатты түрде автоматты газ тарату стансасының  алғашқы тасын қалады. Аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Рүстем Мадияровтың айтуынша газ құбыры ел ішінде «колхоз аймағы» аталып кеткен бағытта жөл-жөнекей барлық елді мекендерге тартылып, Қаракемер ауылына дейін жетеді.

 «Бүкіл газ құбырының бойына ШРП орнатылады, ал одан мердігер ұйымдар өздеріне бекітілген ауылдары мен көшелеріне құбыр тартады. Бұл кезеңде көптеген шаруа тұрғындардың өзіне байланысты болады», – деді ауыл ішіндегі құрылыс мерзімін тұспалдаған бөлім бастығы. 73 шақырымға созылатын жоғарғы қысымды газ құбыры құрылысының жобасы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасымен әзірленген. Екі бөлімнен тұратын жобаның жалпы құны 5,7 млрд.теңге. Бірінші бөлімі бойынша жалпы құны 2 млрд.теңгені құрайтын 31 шақырым жоғарғы қысымды газ құбыры салынбақ. Қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Екінші бөлімі бойынша газ құбырының 42 шақырымы «ҚазТрансГаз» АҚ күшімен инвестициялық бағдарлама есебінен жүзеге асырылады. Оның құны 3,7 млрд.теңге. Сонымен бірге, «Қордай» АГТС жөндеуден өтіп, оның өткізу қабілеті ұлғаятын болады. Айта кетсек, магистральды газ құбырымен қатар тиісті инфрақұрылым салынады. Ал ауылдардағы көшелер бойынша газды басқа ұйымдар жүргізеді, бұл жұмыстар үшін ауыл тұрғындары өздері төлейтін болады. Жоспар бойынша газ құбырын салу нәтижесінде 5282 тұрғын үй, мектеп, балабақша, аурухана, кәсіпкерлік нысандары секілді 274 әлеуметтік инфрақұрылым нысандары табиғи газбен қамтылады. Жалпы 50 мыңға жуық ауыл тұрғындары көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. Жоспарға сай жұмыс 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталмақ.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.