home
home home

Ауыл шаруашылығындағы толағай табыстар

 

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауыл шаруашылығы саласы мамандарының төл мерекесі аталып өтті. Айтулы мерекеге Қордай ауданы әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев қатысып, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен барша қызметкерлерді құттықтады.

Елімізде енгізілген шектеу шараларына байланысты биылғы іс-шара жылдағы дәстүрден алшақтап, онлайн форматта өтті. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ел дамуында өзіндік орны бар маңызды сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен тікелей байланыс арқылы құттықтап, саладағы қол жеткізген толағай табыстарға тоқталды. Осылайша өткенге шолу жасап, алдағы жоспарларды талқыға салған өңір басшысы облыс үздіктерін арнайы марапаттап, республикалық наградаларды тапсырды. Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев барша мереке иелерін құттықтап, аудан әкімінің ыстық ықыласын жеткізді. Келесі кезекте мерекеге орай ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі, Отан алдындағы атқарған игі істері мен кәсібіне деген жауапкершілігі үшін ауданымыздың бірқатар азаматтары марапатталды. Атап айтсақ, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі «Благовещенка» ЖШС директоры Өмірәлі Варшакидзеге табыс етілді. Мұнымен қатар, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен «Сұлтан-Бейбарыс» шаруа қожалығының басшысы Біржан Құттықов және омарташы Игорь Голенко марапатталса, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы «Тан» шаруа қожалығының басшысы Марат Өсербаевқа ұсынылды. Ал, облыс әкімінің Алғыс хаты «Первомайские деликатесы» ЖШС технологы Гүлмира Абдыжапарова мен «Дәурен-ай» ШҚ басшысы Жайық Манасбаевқа берілді. Сондай-ақ, облыс көлемінде ұйымдастырылған «Үздік мал шаруашылығы тауар өндірушісі-2020» байқауында «Қақпатас-Қордай» ЖШС бірінші орынды иеленіп, «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі-2020» номинациясында «Азия сад» ЖШС екінші орынды иемденіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, дәл осындай ұйымдастырылған аудандық байқаудың бас жүлдесі «Сұлтан-Бейбарыс» шаруа қожалығына бұйырса, екінші орын «Азиз» ШҚ, үшінші орын «Аухаттылық» шаруа қожалығына тиесілі болды.

Мерекелік марапаттар қатары мұнымен толастамай аудан әкімінің Құрмет грамотасы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мұхаммеджан Әлімбетовке, «Мақұлбаев» ШҚ комбайнері Бекзат Тоқтарбековке, «Жансай» ШҚ жұмысшысы Құттыбек Құрманбаевқа табыс етіліп, аудан әкімінің Алғыс хатымен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мэлс Асанқұлов, «КазСуШар» Жамбыл облыстық филиалы Қордай өндірістік бөлімшесінің басшысы Асқанат Қадіров, «Сусамыр» шаруа қожалығының басшысы Сайлау Баймакашев, «Мечта» шаруа қожалығының басшысы Виктор Дурбалов, «Береке» шаруа қожалығынан Тұрсыналы Жанаев, Қордай ауылдық округінің ветеринары Ұлтуар Қауымбаева, «Қақпатас-Қордай» ЖШС-нің механизаторы Мейрамбай Естаев марапатталды. Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысының Алғыс хаты «Бөрілі» ШҚ-ның шопаны Досымжан Құлжанов, «Сұлутөр» ШҚ-ның механизаторы Кітапбай Жарықбасов, Сарыбұлақ ауылдық округінің мал дәрігері Ақылбек Бекназаров, «Алмаз» ШҚ-ның басшысы Талғат Есенбеков, «Күнбатыс» ШҚ-ның аспазшысы Гүлмира Молжанова, «КазСуШар» Жамбыл облыстық филиалы Қордай өндірістік бөлімшесінің су қараушысы Болат Урустемов, аудандық тұқым зертханасының лаборанты Жадыра Төребекова, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмабек Журумбаевқа табысталды. Мұнымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесіне атсалысқаны үшін «Ара тау» шаруа қожалығының басшысы Валерий Ромащенкоға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Алғыс хаты табыс етіліп, барша мереке иелері бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мадияр Қарабаев

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.