home
home home

Ауыл шаруашылығы

Жуырда жоғары сапалы тұқым сататын «Sygenta» және «AG Agro» компанияларының өкілдері Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығының алқаптарында маңызды семинар өткізді. Аудан диқандары бас қосқан іс-шарада жүгерінің жаңа гибридтік тұқымдары, өсімдіктерді қорғау және өнімділікті арттыру жайында сөз болды.

Бүгінде өңіріміздің шаруалары өнімділікті арттыру үшін тиімді тәсілдерді пайдаланып, сертификатталған тұқым егіп, жаңа технологиялар мен өсімдіктерді қорғау әдістерін көптеп пайдалануда. Осылардың қатарына «Самғау» шаруа қожалығын жатқызуға болады. Жүгері өсіруде аудан, қала берді облыс көлемінде көшбасшылар қатарынан табылатын «Самғау» ШҚ заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың арқасында жылдан жылға өнім көлемін арттырып, бұл істе алдына жан салмай келеді. Мұнымен қоса, Евгений Трубников басқарып отырған агроқұрылым өзге шаруалармен табысқа жетудің жаңа жолдарымен, оның тың тәсілдерімен бөлісуді дәстүрге айналдырған. Оған дәлел ретінде қожалық аталған «Sygenta» компаниясының өкілдерін шақырып, «дала аруын» баптаудың қыр-сырын үйрететін іс-шара ұйымдастырды. Семинар барысында гибридті тұқымдарды дұрыс таңдау, топырақты қоректендіру, пайдалы тыңайтқыштардың түрлері, оларды таңдау ерекшеліктері мен қолдану қағидалары жайында кеңінен әңгіме өрбіді. Айта кетсек, семинар өткізу орталығы ретінде «Самғаудың» егін алқаптары бекер таңдалған жоқ. Мұнда өңірдің топырағы мен ауа райы жағдайына келетін сұрыпты анықтау мақсатында жыл сайын 15-тен 20-ға дейін жүгерінің гибридті тұқымдары егіледі екен.

Іс-шара барысында «Syngenta» компаниясының өкілдері мол өнімге қол жеткізу тәсілдерін қарапайым тілмен жеткізіп берді. Биыл аталмыш егіс алқабына «СИ Атомик ФАО 550», «СИ Кобальт ФАО 320», «СИ Джульен ФАО 600», «СИ Антекс ФАО 700», «СИ Гелиум ФАО 700», «СИ Зефир ФАО 360», «СИ Маями ФАО 660» сұрыптары және биылғы жылдың жаңалығы «СИ Гидро ФАО 700» сұрыпы егілген. «Syngenta» компаниясының сарапшысы рет-ретімен әр сұрыптың ерекшелігін атап өтіп, жүгері собығын үзіп, арнайы құрылғымен ылғалдылығын тексерді. Себебі, ылғалдылық жоғары болса, өнім кептіргеннен кейін ғана қамбаға түсіп, сатуға жарамды болады. Ал, бұл қосымша шығын, оған қоса уақытты талап ететін іс екені айтпаса да белгілі. Заманауи сұрыптар болса қажетті ылғалдылыққа тез жетіп, дәнектерді кептіру сатысынан жылдам өтуге мүмкіндік береді.

Осы орайда, семинар барысында компания өкілдері қатысушылардың назарына жүгері өсіру тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаларын ұсынды. Компания ұсынған гибридтер арнайы Жамбыл және Алматы облыстарына бейімделгенін атап өткен жөн. Мәселен, «СИ Маями ФАО 660» гибриді мол өнім беретін сұрып ретінде танылып үлгерген. Пісу және жинау кезінде қажетті ылғалдылыққа тез жету аталмыш тұқымның ерекшелігі болып табылады. Мамандардың айтуынша, бұл сұрып 2018 жылдың қорытындысы бойынша 14 пайыз ылғалдылықта 130 центнер өнім берген. Бұл өңірдің ауа райының қолайсыз жағдайы мен өңір топырағының құнарлылығын есепке алғанда тамаша көрсеткіш.

«Sygenta» компаниясы жүгері гибридтерінің бірегей тұқымдарының өндірушісі болып табылады. Бүкіл республика бойынша сатылғанымен, Жамбыл және Алматы облыстарына ден қойылған, себебі бұл өңірлерде жүгері алқаптарының көлемі ауқымды. Біздің гибридтер 14 пайыз ылғалдылықта 7-ден 14 тоннаға дейін өнім беруге қауқарлы. Семинардың мақсаты – фермерлерге біздің өнімді танытып, өніміділікті арттыруға көмек беру. Себебі гибридтік алқаптар ұлғайған сайын, сатып алу бағасы да өседі, – дейді «Sygenta» компаниясының сату жөніндегі менеджері Самат Сәрсенев.

Семинар соңында Евгений Трубников аталмыш компанияның өкілдеріне алғысын жеткізді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарының басшылары мамандарға сұрақтарын қойып, жүгерінің жаңа сұрыптарын егуге ниет білдірді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта