home
home home

«Ауыл – ел бесігі» қалай жүзеге асырылады?

 

 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев

2019 жылдың 27 ақпаны

күні «Nur Otan» партиясының

 XVIII съезінде ауыл аймаққа мықтап көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Өз сөзінде Елбасы еліміздегі миллиондаған ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар айтып, бұл мәселе көптен бері көптің көкейін мазалап жүрген маңызды әрі алдағы жылдардағы негізгі міндеттердің бірі екендігін жеткізді. Осы орайда Н.Назарбаев перспективті ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдарды салып, коммуникацияларды жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталмыш жобаны іске асыру үшін нақты жұмысты ұйымдастыру керектігін атап өткен болатын.

 

Міне, 2020 жыл басталды. Енді көп үміт сыйлаған жоба қалай жүзеге асырылмақ деген сұрақ біздің аудан тұрғындарын да мазаламай қоймайтыны рас. Жасыратыны жоқ, ауданымыздың көптеген елді мекендеріндегі көшелердің жағдайы нашар, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, инженерлік желілер тозған. Десе де, бұл мәселелер біртіндеп ретке келтіріліп келеді. Өткен жылдың өзінде қаншама медициналық қызмет көрсететін ғимарат бой көтеріп, бірқатар көшелерге асфальт төселіп, бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өтті.  Иә, жұмыс жоқ емес, бірақ қаржының шектеулі болғанынан бұл жұмыстар тым баяу жүзеге асуда. Ал, «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылды дамыту ісін ілгерілетіп, жаңа серпін бермек. Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу мәселесі көзделген. Яғни, жобаның басты мақсаты – ауылды көтеріп, ағайынның тұрмысын тіктеу.

Жалпы, ауданымыздағы 41 елді мекенде 140 мыңнан астам адам тұрады. Бұл облыс бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Демек, Елбасының және Мемлекет басшысының талабы бойынша әр ауылда ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауылдардың инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады, сонымен бірге «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады. Бұл ретте, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру тетіктері келесі шараларды қамтиды. Бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктелді, бұл ретте олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асырылатын жобалар қоса қамтылатын болады. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасын жасау қолға алынды. Үшінші кезекте, Жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдар мен «Nur Otan» партиясын тарта отырып жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы тұрғындарға тұрақты түрде ақпарат беріліп отырады. Жобаны тиімді іске асыру үшін Жобалық кеңсе, сондай-ақ облыстарда өңірлік кеңселер құрылды. Жобаны үйлестіруді және әкімшілендіруді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Сонымен қатар, Парламент және мәслихат депутаттарының, қоғам, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Жобаға қоғамдық мониторинг ұйымдастырылады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд теңге бөлу көзделген. Алайда, ол қаражатты бөлу кезінде даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендерге басымдық беріледі. Басты критерийдің бірі – ауыл тұрғындарының санына мән беріледі. Осы ретте біздің ауданның әлеуеті жоғары екені айтпаса да белгілі. Жоба аясында 2020-2026 жылдары аудандағы 30 елді мекеннің инфрақұрылымы  нығайып, әлеуметтік нысандар бой көтереді. Ағымдағы жылы Қордай ауылының өзіне 885 млн теңге қаржы бөлініп, 22 жоба іске асырылады. Аудан орталығындағы 21 ауылішілік көшеге асфальт төселіп, жаңа спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Аудан басшылығы келесі 2021 жылы жоба аясында Отар, Бетқайнар және тағы басқа тірек ауылдарда да ауқымды жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр. Демек, «Ауыл – ел бесігі» біздің ауылдарға жаңаша серпін беріп, жылдар бойы қордаланған түйткілдердің түйіні тарқатылады. Егер, ауыл-аймақ дамып, қолайлы өмір сүруге жағдай жасалып, жұмыс орындары пайда болса, ауыл тұрғындары қалаларға көшпей өз жерінде еңбек ететіні де рас.

Еркін Қатбеков


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.