home
home home

Ауыл әлеуетін арттыру – басты міндет

Ауыл әлеуетін арттыру – басты міндет

 

Бейсенбі күні ауданымызға облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған топ жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен жүздесу Сарыбұлақ ауылдық округінен басталды. Сарыбұлақтағы мәдениет үйі ғимаратында ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлік және шаруа қожалық басшыларымен кездесу өткізген аймақ басшысы халықтың тұрмыс деңгейін зерделеу бойынша берілген тапсырмалар нәтижесімен танысты. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасарлары Нұржан Календеров, Мұратхан Шүкеев және облыс әкімдігі басқармаларының басшылары елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Басты мақсат ауыл тұрғындарының әлеуетін барлап, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жайын саралау болды.

Сарыбұлақтағы кездесу барысында өңір басшысы ауылдағы ағайынның жай-күйін анықтап, қолында барын нақтылап, қосалқы шаруашылығы арқылы табыс көзін ашу, оны молайту, Үкіметтен бөлінген жәрдемақыға ғана қол жаймай, қосымша табыс көзін ашып, соған бағыт-бағдар беру, жолын көрсету керектігін анықтау мақсатында наурыз айында бекітілген жұмыс алгоритмінің жергілікті жерде орындалуы туралы алдымен ауыл әкімінен сұрады. Округ әкімі Бақдәулет Садырбаев алгоритмге сәйкес атқарған жұмыстар жайын баян етіп, Асқар Исабекұлы тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Аталмыш ауылдық округте бүгінде барлығы 7785 адам тұрады. Сондай-ақ, 1278 аула бар. Ондағы жер көлемі 153 гектарды құрайды. Оның 36 гектардан астамы бау-бақша мен көкөніске негізделген. Ал, қалғаны тұрғын үй, қора-жай құрылысына тиесілі екені ауыл әкімінің баяндамасынан кейін анық болды. Осы ретте ауылдағы қосалқы шаруашылықтарға тиесілі 36 гектар жерді тиімді табыс көзіне айналдыру, қолдағы төрт түлікті де ауылдықтар мейлінше ұқсату үшін Асқар Исабекұлы тиімді жолдарын ұсынды. Бұл орайда ауылдықтардың кооперативтерге бірігуі маңызды. Ол арқылы теxника, маман тапшылықтарын, тұқым, өнімді өткізу, тіпті жұмыспен қамту мәселелерін де оң жолға қоюға болады. Сондай-ақ, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша сұрақтар көтеріліп, ол жайында тарқатыла баяндалды. Ауыл тұрғындарынан түскен сұрақтар қатарында ауыз су, тұрғын үйге жер бөлу мәселелері де көтеріліп, бұл сұрақтар төңірегінде аудан әкімі Болатбек Байтөле тұшымды жауап берді.

Осыдан кейін Бетқайнар ауылындағы кездесу де дәл осы форматта өрбіді. Аймақ басшысы өз сөзінде әрбір ауылдың экономикалық дерекқорын құру мен әлеуметтік төлқұжатын жасаудың маңыздылығына тоқталып, елді мекендердің маңындағы және үй іргесіндегі жерлердің игерілу жағдайын сұрады. Өз кезегінде ауыл әкімдері нақты мәліметтерден мүдірді. Ауыл әкімдері тарапынан санақ жұмыстарының сылбыр, түгендеу шараларының мардымсыз жүргізілгенін көрсетті. Әуелі қойылған талаптың түп мақсатын терең түсінбей, ойға алған істің оңынан баспасы анық. Сондықтан, тек санақпен шектелмей әкімдерге сараптап, әр аулаға нақты нендей қолдау көрсету керектігін көрсету керек. Аймақ басшысының ауылдарға арнайы барып, ел-жұртпен етене жүздесуінің себебі де сол.
Өз кезегінде тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, әлеуметтік мәселелерін көтерді. Оларға нақты жауаптар беріліп, мәселелерін шешу бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді. Тұрғындар арасында қосалқы шаруашылығын дамытып, жұмысының жемісін көріп отырғандар да бар. Олар облыс басшылығының бастамасын қолдап, ауылдастарын аянбай тер төгуге шақырды.
Осындай кездесулер облыс әкімнің орынбасарлары, аппарат және басқарма басшыларының қатысуымен барлық ауылдық округтерде өтті. Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары түс қайта актив жиналысында қорытындыланды.

Жиын барысында жоғарыда атап кеткеніміздей әр округке барған облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары ауыл әкімдерінің алгоритмге сәйкес атқарған жұмыстарының барысы жайында баян етті. Алайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауыл әкімдерінің жауаптарына көңілі толмайтынын ашық айтты. Тұрғындар тұрмысын тіктетуге үлкен мүмкіндік беретін қосалқы шаруашылықты есептеуге енжарлық танытқан ауыл әкімдерінің жауабына қанағаттанбаған облыс басшысы «қарапайым заттар экономикасы» туралы  сұрады. Осы орайда бірқатар округтерден жақсы жобалардың шыққаны және олар қазіргі таңда облыстық басқармаларға жөнелтілгені жайында аудан басшысы баяндап, ол бағытта жұмыстардың жүйелі екенін жеткізді.

– Халықты жұмыспен қамту үшін де қосалқы шаруашылықтардың тетігін іске қосу керек. Барлығы жаппай болмаса да ауданда кей азаматтар табыс тауып отырғанын білдік. Бұл жерде ұйымдастыру жайын мықтап қолға алған жөн. Мәселен, ауыл әкімдерінің аталған жайды халыққа жеткізу жағы ақсап отырған сыңайлы. Сол үшін алгоритм бекітіліп, жұмыс басталды. Егер шындап кіріссе аталған жерлерді ұтымды пайдаланып, тиімді игеріп, толайым табысқа жетуге болады. Бұл жердегі ең ұтымдысы – кооперативтерге бірігу. Яғни, қосалқы шауашылықтарды біріктіру арқылы табысқа кенелуге болады деген сөз, – деді Асқар Исабекұлы.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жұмысты ширата түсуге жиырма күн уақыт беріп, бірқатар жауапты тұлғаларға тапсырмалар табыстады. Сонымен қатар, әр бес күн сайын атқарылған жұмыс турасында есеп беріп тұру қажеттігін де баса айтты.

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.