home
home home

Әулиеата бояулары

Әулиеата

бояулары

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Әулиеата бояулары» атты I халық шығармашылығы фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі өтті.

 

Облыс аумағында бейнелеу өнерін дамыту, шеберлердің шығармашылығын шыңдау мақсатында өткізілген көрме-байқауға бұған дейін ауылдық іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 30 өнерпаз қатысты. Мұнда дарынды жастардың қолынан туған түрлі суреттермен қатар, ағаш, тері, тоқыма бұйымдарын кездестіруге болады. Жергілікті суретшілер мен қолөнершілердің туындыларына облыс орталығынан арнайы келген қазылар тиісті бағасын беріп, үздіктерді анықтады.

– Бүгінгі көрмеде Қордай өңірі саусағынан бал тамған шеберлер мен суретшілерге бай екендігін байқатты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей біздің мұнда келудегі мақсатымыз – осы таланттардың шығармашылығын шыңдау, оларға бағыт-бағдар көрсетіп, қолдау. Бұған дейін Меркі,  Т.Рысқұлов аудандарында болдық. Енді басқа да аудандарды аралап, облыстық байқауға қатысатын өнерлі өрендерді анықтаймыз, – дейді облыстық «Жамбыл шеберлері» ассоциациясының басшысы Пернебек Ахметов.

– Мен №31 Сарыбұлақ орта мектебінде жетінші сыныпта оқимын. Қолөнермен төртінші сыныптан бастап айналысамын. Өнердің бұл түріне деген қызығушылық маған анамнан дарыды. Бос уақытымызда анам екеуміз ілгек бізбен түрлі қолөнер бұйымдарын жасайтынбыз. Күнделікті тұрмыстық заттардан бөлек, пластикалық құты, қорап сынды қажетсіз материалдарды да кәдеге асырып, әр түрлі қызықты бұйымдар ойлап табуға тырысамын, – деп ағынан жарылды қолөнерші Арай Жанай.

Сонымен аудандық көрмеде қазылардың көңілінен шыққан жеті қатысушы Л.Тәжібаева, П.Сұлтанова, К.Кузнецова, Я.Иванова, А.Жанай, А.Абишев, А.Қабылбек фестивальдің маусым айында өтетін облыстық кезеңіне жолдама алып, арнайы сертификаттармен марапатталды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.