home
home home

Ауғанның отты жылдары

Ауғанның отты жылдары

«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да», деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, кейде зырлай, кейде сынаптай сырғыған уақыт деген патшаның әміріне кім қарсы келе алсын. Кеше ғана 18-20 жастағы жалындаған жігіттер ауғанның аптап даласында майданға араласып, өз антына адалдық танытқандарына 30 жылдың жүзі болыпты. Кеңес Одағының солақай саясатының кесірінен жат жерге барып жауынгерлік міндетін атқаруға тиіс болғандардың қазір алды елуді еңсеріп, алпысқа таяған. Келмей қалғаны қаншама. Кеше ауған жерінен Кеңес әскерлерінің кері шыққанына 30 жыл толды.

Ол алапат соғыс бүкіл елімізбен қатар қордайлықтардың да қабырғасына батқаны шындық. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз де жетерлік. Кеше 30 жылдыққа орай аудан орталығындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жанында митинг өтіп, оған ауданымыздың атқамінер азаматтары, ардагерлер мен әскерилер, жастар, әрине Ауған соғысының ардагерлері қатысты. Алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов жиналған қауымға аудан әкімі Болатбек Байтөленің сәлемін жеткізіп, одан кейін орны толмас қасірет алып келген отты жылдар турасында айтып өтті. Осыдан соң сөз алған 40-шы «Отар» әскери базасының командирі, полковник Талғат Оразалиев бірқатар статистикалық мәліметтерді келтіре отырып, жат жердегі соғысқа араласқан қазақстандықтар, оның ішінде жамбылдықтардың, қордайлықтардың үлесі, ерліктерінің өшпес ізі турасында айтып берсе, жауынгер-интернационалистер сапында үлкен ерлік көрсетіп, қаза тапқан жерлесіміз Ерлан Шариповтың анасы Жібек Жүкенова өзінің естеліктерімен бөлісіп, «ешқашанда соғыс өрті болмасын, еліміз аман болсын» деген аналық тілегін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұхтар Мінісқұловтар ізгі тілектерге қосылып, Ауған соғысының ардагерлеріне тек амандық пен жақсылық тіледі. Осыдан кейін бір минуттық еске алу рәсімі өтіп, әскерилер қаруынан аспанға оқ атылды. Жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдандас, қарулас достар бір-бірімен қауышып, естелікке суретке түсті.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.