home
home home

Ауданға сенатор келді

Ауданға сенатор келді

Осы аптада ауданға іссапармен ҚР Сенат депутаты Мұратбай Жолдасбаев келіп, бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесті.

Жұмыс сапары «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында басталып, Қордай ауылы тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімі Болатбек Байтөле, Қоғамдық кеңес, жергілікті қауымдастық өкілдері мен белсенді тұрғындар қатысты. Жиында Мұратбай Сматайұлы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған мәселелерді көтерді. Партияның съезінде Елбасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, оларға әлеуметтік қолдау білдіруді нығайтуға бағытталған шараларды айтқан болатын. Сонымен қатар, Н.Назарбаев ол үшін республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінетінін де жеткізген еді. Осы қоғамдағы өзекті де, маңызы зор мәселелерді сөз қылған сенатор, көпбалалы аналарға қолдау, жолдарды жөндеу, ауылдық жерді көркейту сынды тұстарға тоқталды. Ауыл ақсақалдары өз кезегінде сөз сөйлеп, Елбасының бастамаларына ризашылығын білдірді.

Келелі кездесуден соң, М.Жолдасбаев аудандық орталық ауруханаға жол тартты. Бас дәрігер Зәуреш Қадырбекова медицина саласындағы өзекті мәселелерді айтып, аурухана аумағын көрсетті. Ең басты мәселе жаңа ғимарат салыну керектігі айтылды. Себебі, аудан тұрғындары саны жылдан жылға өсіп, бүгінде аурухана барлығына бірдей қызмет көрсетуге қауқарсыз. М.Жолдасбаев бұл мәселені өте маңызды екенін айтып, жаңа аурухана құрылысына қажетті қаржыны сұрастыруға қолғабыс ететініне уәде берді.

Келесі кезекте  Қордай ауылында индустриалды – иннновациялық даму бағдарламасы аясында «Гринвил» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан, ең соңғы озық технология қолданылатын аквопоника жүйесімен жылыжай кешені болды. Құны 929 миллион теңге болып отырған жылыжай кешенінің құрылысы Оңтүстүк Корея елінің мамандарының көмегімен іске асатын болды. Жылына 300 тонна «Айсберг», «Рукалло», «Листовой» және «Роблен» сынды салат сорттарын өндірумен қатар мұнда 41 тоннаға дейін балық өсіруді қолға алған. Толықтай автоматтандырылған жылыжай кешені екі жылдың көлемінде іске қосылатын болады. Құрметті қонаққа мұнда заманға сай технологиялар қалай жүзеге асады, оның берер пайдасы турасында толыққанды түсініктеме берілді.

Кейіннен М.Жолдасбаев Жаңатұрмыс ауылына жол тартып, ауылдық №28 орта мектебінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Жақында күрделі жөндеуден өткен мектепті көрген Мұратбай Сматайұлы өзі осы ауылда қызмет еткен жылдарын еске алып, ескі достарымен сұхбаттасты. Мектептің мәжіліс залында тұрғындарға Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде қойған міндет пен талаптарын айтып, халықты толғандырып жүрген сауалдарын да естіді. Барлық сұрақтарға тұшымды жауап берген сенатор қолынан келгенше қордайлықтарға көмектесуге дайын екенін жеткізді.

Келесі күні Аухатты ауылына барған М.Жолдасбаев ауылдық әкімдік ғимаратын көріп, жаңа ашылған учаскелік полиция пунктімен танысты. Полиция ғимараты аудан басшылығы мен демеушілердің көмегімен толықтай жаңартылып, жаңа жиһаз, компьютер, өзге керекті дүниелермен жабдықталған. М.Жолдасбаевқа барлығын баяндап берген аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Әбдікерімов округте криминогендік ахуал тұрақты екенін жеткізді. Содан соң М.Жолдасбаев Масанчи ауылдық №13 орта мектепте өткен кездесуде тұрғындарға Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтқан мәселелерді түсіндірді. Әсіресе, көпбалалы аналарға көрсетілетін қолдау жайына тоқталды. Себебі, дүнген ағайындар тұратын ауылда көпбалалы аналар саны көп. Жиында тұрғындар көкейіндегі сұрақтарын қойып, лайықты жауап естіді.

Сондай-ақ, М.Жолдасбаев Сортөбе ауылындағы «Дін ислам» мешітінде тұрғындармен жүздесті. Бұл кездесуде де сенатор «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде көтерілген мәселелерді сөз қылып, ауылды көркейтуге, жолдарды жаңалауға бағытталатын шаралардың және орындалатын күні алыс емес екенін айтып, жиналған көпшіліктің сұрақтарына жауап қатты.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта