home
home home

Ауданға «Алатау ардагерлері» келді

Ауданға «Алатау ардагерлері» келді

Күні кеше ауданымызға Алматы қаласынан «Алатау» ардагерлер ансамблі арнайы ат басын бұрған болатын. Ақиық ақын Кенен Әзірбаев ауылына табан тіреген ұжымды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған бір топ аудан ақсақалдары күтіп алды.

Өнерпаз ата-әжелерден құралған алматылық «Алатау» өнерімен танылған, ел ықыласына бөленіп жүрген ардагерлер ән сапардан еш уақыт шаршаған емес. Олар кезекті ән сапарымен арнайы Қордай ауданына келуінің  де өз себебі бар. Биыл халық ақыны, сал-серілердің соңғысы саналатын Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толып отыр. Осы мерекеге орайластырылған ән кеші ауыл тұрғындарының есінде көпке дейін сақталатыны анық. Әуелі қонақтарды құшақ жая қарсы алған аудан ақсақалдары мекеніміздің қонақжайлығын көрсете білді. Ақынның атындағы мұражайға табан тіреген ардагерлер, Кенен Әзірбаевтың мазарында болып, Құран бағыштады. Содан кейін мұражай директоры Марат Оспанов қонақтарға Кенен Әзірбаев жайлы тың деректерді айтып өтті. Көп халық біле бермейтін үзінді әңгімелерін айтып, өмірбаяны жайында да азды-көпті сыр шертті. Музейде сақталған ақынның көзі тірісінде қолданған дүниелерін көрген қонақтар шын ризашылықтарын білдірді. Үлкен залдан бөлек үш бөлмесі бар мұражайда ақынның естеліктері бөлім бойынша орналыстырылған. Яғни, күнделікті үй тұрмысында қолданған дүниелері баз қалпында сақталып, көз жауын алып тұр. Ал, естелік суреттері өз алдына ерек. Домбырасы, өлең жинақтарымен қоса бейнетаспаларды көрген жанның есінде қалары сөзсіз. Осы аталмыш дүниелердің әрбіріне толықтай тоқталған Марат Оспановты мұқият тыңдаған қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Сұрақтарын қойып, оған жауап алған өнерпаз ақсақалдар Кенекеңнің кеңістігінне көз жеткізді. Осыдан кейін ақынның немересі Мұрат Әзірбаев сөз алып, атасы жайында елге көп тарала қоймаған қызықты деректерімен бөлісіп, өмірбаянын әңгімелеп берді. Ақын мұражайында естелік суретке түскен қонақтар осыдан соң ақынның өзі тұрған үйінде болды. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ақынның келіні Дина әжей қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Қазақ еліне кең таралған Кенен атаның әндерінің бірі «Келінжан» әлі күнге ел аузынан түскен емес. Қазақтың келін түсу тойының сәніне айналған әннің кейіпкерін көрген ардагер қонақтар қуаныштарын «Келінжан» әнін шырқап жеткізді. Ақын үйінің салыну тарихымен танысқан қонақтар үй ішіне кіріп дәм татты. Кенен Әзірбаев туралы тарихты тыңдаудан жалықпайтын қонақтар мұнда да Дина әжейден ақын туралы әңгімелер айтуын өтініп, ақын келінімен де естелік суретке түсті. Қонақтардың сапары мұнан соң ауыл мектебінде жалғасты. Онда «Ардагерлер белсенділігі – ұйым беделінің бастауы» тақырыбында ардагерлер кеңесінің семинары өтті. Ардагерлер арасындағы тәжірибе алмасу семинарына аудандық ардагерлер кеңесі мен Алматы қаласы Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Әуелі сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ауданның дамуы туралы баяндама жасаса, Кенен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мергенбай Құттымбетов те атқарған жұмысы жайында баян етті. Ал, кезекті баяндаманы Алатау аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері оқып, бірқатар мәселелерді өзара талқыға салды. Семинар аяқталып, көп күткен «Алатау» ардагерлер ансамблінің ән кеші де басталды. Ақын ауылына келгеннен кейін өнерпаздар Кенен Әзірбаевтың әндерін әуелетіп шырқады. Домбыра мен қобыздың үні жүректерді елжіретіп, тамылжыта шырқалған әндер көрермен көңілінен шыға білді. Өнерпаздардың өнеріне дән риза болған ақын ауылының тұрғындары қошеметін аямады. Кеш соңында сөз алған ауылдық округ әкімі Нүркен Жаманкөзов ауыл тұрғындары атынан қонақтарға алғысын білдірді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта