home
home home

АУДАНДА «STREET WORKOUT» АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

АУДАНДА «STREET WORKOUT» АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Қазіргі таңда елімізде спорттың «Street Workout» түрі мықтап қарқын алуда. Әсіресе, үлкен қалаларда спорттың бұл түріне деген қызығушылық күн санап артуда. Еліміздің әрбір өңірінде ашылып жатқан жаңа бағыт енді міне, біздің ауданда да құлашын кеңге жаймақ. Сенбі күні орталық саябақта Қордай ауылдық округі әкімдігінің бастамасымен «Street Workout» спорт алаңшасының ашылу салтанаты соның айғағы.

Спортты серік еткен жандардың қуанышында шек жоқ десек, артық айтқандық емес. Оны сенбі күні саябаққа жиылған спортшылар санының көптігінен байқадық. Оған қоса балаларын ерте келген тұрғындардың да қарасы көп. Бірнеше күн толастамаған жауын да осы күнге орай ашылғандай болып, шуағын шашып тұрды. Спорт алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімі Болатбек Байтөле, Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған бір топ азаматтар қатысты.

– Жыл сайын спортпен шұғылданатын жастар саны артып келеді. Ауданымызда салауатты өмір салтын ұстанатындар қатарының көбеюі аса маңызды. Аталмыш спорт түрінің алаңшасының ашылуына қол ұшын созған кәсіпкерлерге аудан жұртшылығы атынан алғыс білдіремін, – деп алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Болатбек Байқонысұлы аудандағы спорт саласының дамуына тоқталып, жиналған қауымды құттықтады. Сондай-ақ, аудан басшысы бұл спорт түрі бойынша арнайы жаттықтырушы жұмыс істейтінін және де осындай «Street Workout» алаңшасы келешекте әр ауылдық округте ашылатынын айтып, оған халықтың қызығушылығы арта түсетініне сенім білдірді. Шара барысында аталмыш алаңшаның ашылуына демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер – Сәрсен Ибрайкулов, Мизер Асратов, Александр Кузьмин және Артем Лешкиндерге алғыс айтылды.

Спорт алаңында аудан тұрғындары мен жас спортшылардан бөлек, Тараз қаласынан келген облыстық  «Street Workout» федерациясының спортшылары өз өнерін көрсетіп, көпшілік қошеметіне ие болды. Қонақтармен қатар ауданымыздың жастары да өз өнерлерін ортаға салып, тәжірибе алмасты. Облыс орталығынан келген спортшылар балалар арасында байқау ұйымдастырып, осыдан кейін ауыл әкімі Бақыт Сахатов арнайы келген қонақтарға және барша тұрғындарға алғысын білдірді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.