home
home home

Ауданда коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша арнайы штаб құрылды

 

Әлем бойынша таралған пандемия елімізге келіп жетті. Жаһандық экономикамен тығыз байланыста болған жағдайда мұны күтуге барлық негіз болған. Енді мемлекет ресми түрде елімізде індетті жұқтырған адамдардың пайда болуы туралы хабарлағаннан кейін барлық азаматтардың алдында вирустың таралуына жол бермеу міндеті тұр. 

 

Осы орайда ауданда коронавирус жұқпасының таралуын алдын алу және жол бермеу бойынша арнайы штаб құрылып, сонымен бірге мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерін үйлестіру мәселесімен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылды. Штаб өз жұмысын бастап та кетті. 14-15 наурыз күні аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған арнайы мобильдік топ көпшілік жиналатын орындарды аралап, жағдайды талдап, нысандар мен қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Штаб құрамына аудандық мәслихат хатшысы Р.Нұрсипатов, аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Сүгірбай, Қордай аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының басшысы М.Асаров және т.б. кірді. Аудан басшысы «Семейный» сауда желісінің дүкендерін аралап, жағдайды өз көзімен көрді. Онда дүкен қызметкерлерімен сөйлесіп, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын алға тартты. «Қазіргі жағдайда алдымызда тұрған ортақ міндет – инфекцияның таралуына жол бермеу. Жұмыстарыңыз халықпен тығыз байланысты, сіздер бұл істен хабардар болып, қорғану шараларын барынша қолдануларыңыз қажет», – деді аудан басшысы.

Содан кейін Рүстем Дәулет «Астана» тойханасының иелерімен кездесіп, қоғамдық іс-шараларды жүргізуге уақытша тыйым салынғанын еске салды. Сонымен бірге, әлеуметтік нысандар назардан тыс қалған жоқ. Бұл күні аудан басшылығы мүгедек балаларды бейімдеу орталығына барды. Э.Мінісқұлова басқаратын орталық қызметкерлері қонақтарды медициналық бетперделермен қарсы алып, мекемеге кірер алдында келген комиссия мүшелеріне бетперде мен бахила кигізіп, қолдарын арнайы залалсыздандыру құралымен жууды талап етті. Содан кейін комиссия мүшелері кабинеттерді аралап, орталық жұмысымен танысты. Қызметкерлермен кездескен аудан басшысы персонал арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дәрігерлердің кеңесін мұқият сақтау қажеттігін алға тартты. Сонымен бірге, Р.Дәулет ауданда медициналық препараттардың және қорғану құралдарының қажетті мөлшерде бар екенін жеткізді. Барлық медициналық мекемелер күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаруда, қазіргі таңда ауданда вирусты жұқтыру жағдайы жоқ. Сондықтан, тұрғындарды дүрлікпеуге шақырып, дәрігерлер кеңесін ұстануға үндеді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.