home
home home

Ауданда атқарылған игі істер

Билік пен бұқара

Ауданда атқарылған игі істер

 

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерінің түйіні 13 ақпанда аудандық Мәдениет үйінде болды. Осыған дейін барлық ауылдық округтерді аралап, өткен жылы атқарылған жұмыстар жайын тізбелеген аудан басшысының қорытынды есебіне облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты.

Өндірісі мен өнеркәсібі қарқын алып, ауыл шаруашылығы шалқи түскен, әлеуметтік мәселелер межелі шешімдерін тауып, облыстағы маңдай алды аудандардің бірі саналатын өлкеміздегі оңды істер жетерлік. «Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жеткен жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оңды саясаты мен халықтың бірлесе атқарған жемісті еңбегінің нәтижесі екендігі сөзсіз. Мәңгілік ел идеясын таңдаған қазақстандықтардың мақсат-міндеттерінің барлығы да бүгінгі күні «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға  міндеттелген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасы Жолдауы мен халықтың рухани санасын тереңдетіп, ұлттың болмысын сақтауға бағытталған «Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мақалаларының аясында туындап отыр», – деп есебін бастаған Болатбек Байқонысұлы аудан экономикасын өрге сүйреп отырған өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. «Бүгінгі күнге аудан бойынша 26 кәсіпорын өнеркәсіп саласында жұмыс атқарып отырса, оның ішінде орта бизнес субъектілері – 2 және шағын бизнес субъектілері – 24. Ауданның өнеркәсіп саласының дамуы мен өнім көлемінің артуына  «Ақтас», «Ветро Инвест», «Виста Интернейшнал», «СП Синемедасстрой», «Камшат-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  сынды ірі кәсіпорындар өздерінің үлестерін айтарлықтай  қосып келеді. Өнеркәсіп саласындағы  жоспарланған индикаторларды орындау мақсатында  2 жаңа жоба – «Қордай Агротех» ЖШС-гі   және  «Қордай Корм» агроөнеркәсіптік кешені  жұмысын бастаса, сондай-ақ, 2018 жылы ауданда жұмысы тоқтап тұрған                 «Мастер РТИ»  және «Пош Ерасыл Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері  қайта іске қосылды», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар сауда айналымындағы салалы істер, инвестиция тарту бойынша атқарылған ауқымды шаралар да баян етілді. Мәселен, 2018 жылы негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 21462,9 млн. теңгені құрап, бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2228,1 млн. теңгеге артқаны атқарылған жұмыс ауқымын, тындырылған тірліктің көлемін өзі ақ көрсетіп отыр. Аудан бюджетінің бүйірін толтыратын салықтардың түсімі де былтырғы жылмен салыстырғанда арта түскені де баса айтылды. Бюджеттің кіріс бөлігінің өзінде салықтық және басқа да міндетті төлемдер бойынша жалпы салық түсімі 6385,1 млн. теңгеге жоспарланса, нақты орындалғаны 7141,6 млн. теңге немесе 111,8 пайыз болып, 756,5 млн. теңгеге артығымен орындалған. 2017 жылмен салыстырғанда түсімдер қарқыны 126,1 пайызды құраса, ауылдық округтердің бюджеті бойынша 512,9 млн. теңге жоспарланса, нақты орындалғаны 604,5 млн. теңге немесе 117,9 пайызды құрап, 91,7 млн. теңгеге артығымен орындалған.

Ауыл шаруашылығы салысындағы жетістер турасына келер болсақ, аудан шаруа қожалықтарының еселі еңбегі мен табысты  атқарған жұмыстарының нәтижесінде 2018 жылы егістік көлемі, 2017 жылмен салыстырғанда 709 га артып, масақты дақылдардың орташа өнімділігі жағынан  күздік бидай әр гектардан 25,3 центнер өнім берсе, жаздық арпа әр гектарынан  23,3 центнер өніп беріп, қамбаларға құйылған. Ал дәндік жүгері гектарынан  70,3 цент нер өніп беріпті. Майлы дақылдардың орташа өнімділігі өткен жылдармен салыстырғанда арта түскені байқалады. Сонымен бірге соңғы жылдары Қордайда қант қызылшасын өсіруді жаңғырту жұмыстары кең көлемде қарқын алып, аудан шаруалары межеленген мың гектарды еңсеріп, Меркі қант зауытына 21721 мың тоннадан  аса тәтті түбірді өткізіп, облыс бойынша жоғарғы көрсеткішке ие болған. Сонымен қатар субсидиялау, мал шарушалығы, ветеринария саласы бойынша да атқарылған жұмыс ауқымы айтарлықтай дәрежеге өскен.

Аудан басшысының есебінде тұрғындар көңілінен шыққан тағы бір мәселе  – тұрғын үй саласы бойынша болды. «Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының бесінші бағытында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берді.  Осы мақсатта ауданымызда тұрғын үй құрылысы кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асуда. 2018 жылы 32,54 мың шаршы метрді құрайтын 318 тұрғын үй пайдалануға беріліп, нақты көлем индексі 58,6 пайызды құрады. Бекітіліген меже 32,0 мың шаршы метр болса, меже 101 пайызға орындалды. Сондай-ақ, қосымша жер учаскелерін беру мақсатында 2017 жылдан бері Қордай ауылында жалпы құны 708,3 млн. теңгені құрайтын «Шығыс-2» және «Солтүстік» тұрғын үй массивінің инженерлік инфрақұрылымы (жол құрылысы) салынуда, есепті кезенде 460,0 млн. теңге игерілді. Жұмыстардың аяқталу мерзімі 2019 жыл. Жалпы құны 983,2 млн. теңгені құрайтын «Қордай ауылының «Шығыс» және «Солтүстік» ықшам аудандарының жеке тұрғын алқабының инженерлік инфрақұрылымын су жүйесімен қамтамасыз ету» нысанына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2018 жылы жобаны іске асыру үшін құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім беріліп, нәтижесінде 2019 жылға 666,7 млн. теңге бөлінді. Нысанның аяқталу мерзімі 2020 жыл. Қордай ауылының «Шығыс» және «Солтүстік» ықшам ауданының жеке тұрғын үй құрылысы алқабының инженерлік инфрақұрылымын сумен жабдықтау желісі» нысанына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аяқталу мерзімі 2019 жыл», – деген Болатбек Байтөле бұл жұмыстардың ардайым күн тәртібінен түспей, бақылауда екенін жеткізді. Білім саласын жетілдіру мақсатында ауданда ауқымды істер атқарылғандығы туралы аудан әкімі есебінде ол турасында да кеңінен мәліметтер беріліп өтті. Мысалы, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан бюджетінен 183,4 млн. теңге қаржы бөлініп,14 мектеп робототехника кабинеттерімен, 10 физика кабинеттерімен, 9 химия кабинеттерімен жабдықталған. Қордай, Қарасай батыр ауылдарындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталықтарында ІТ-сыныптар ашылған. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында Соғанды мен Көктөбе ауылдарында жаңа мектеп салынған, сондай-ақ, 4 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру» бағдарламасы желісінде 2018 жылы 970 орынға 8 жекеменшік балабақша мен шағын орталық, 375 орынға қосымша топтар, жалпы 1125 орын ашылғаны да үлкен жұмыстың жемісі деп білуге болады. Денсаулық сақтау саласында өткен жыл тың жаңалықтарға толы болған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы Жаңатұрмыс және Әлжан ана ауылдарында ауысымына 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе, Сондай-ақ, Көгадыр ауылындағы апатты жағдайдағы медициналық пункттің орнына жаңа 10 келушіге арналған медициналық пункт салынған.  Мәдениет саласы мен өзге де әлеуметтік салалар бойынша әлеуеті арта түскен ауданның қауіпсіздік саласына да аса ден қойып отырғанын да айтып өтті аудан әкімі.  Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен Қарасай, Қаракемер, Масанчи, Сортөбе және Ауқатты ауылдық округтері мен елді мекендерінің тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  Ауқатты ауылында 20 штаттық бірлікпен ауылдық полиция бөлімшесі ашылғаны соның айғағы.

Жалпы алар болсақ, қай салада болсын қарқынды дамуы бар, ауданның эеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тың серпілістер мен үдемелі ілгерушілік анық байқалады.

Аудан басшысы баяндамасынан кейін сұрақ-жауап кезеңі басталды. Алғаш сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет аудан экономикасының жыл санап артып келе жатқанын, жаңа мектептер мен медициналық мекемеллердің салынуы, елдің тұрмыс сапасы арта түскенін сөз ете келе, аудандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау қызметкерлері, әсіресе учаскелік инспектордарлы қызметтік көлікпен қамту аса маңызды екенін атап өтіп, осы мәселе бойына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевқа өтінішпен қайырылды. Ал ауданның және облыстың «Құрметті азаматы» Төле Сүгірбай 2018 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесіне шын ризашылығын білдері келе, алдымен дұрыс саясат ұстанып, ел қамқорына айналған Елбасына алғыс айтуымыз қажет, деді. Сонымен қатар облыстың өркендеуі, Тараз қаласының түрлене түскеніне аз уақыттың ішінде сүбелі үлес қосып келе жатқан аймақ басшысы  Асқар Мырзахметовке алғысын айтты. Төле Аманжолұлы аудан басшысы жұмысына қанағаттанарлық деген оң бағасын бере келе, Қаракемер ауылдық мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалса және жаңадан салынатын жолдардың сапасына қатаң бақылау жасалса деген өтінішін де айтты. Осыдан кейін сөз алған аудандық Қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаева, ауданың Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев ақсақал ел бірілгі мен татулығы, еңбекқорлығы арқасында бүгінде ауданның жетіп отырған жетістігі, осындай жұмыстарды еңсерген азаматтардың жемісті еңбектері турасында айтып, өткен жылы атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген оң бағаларын берді. Айтпақшы, осы күні Қордай ауылының «Самал» ықшам ауданында тұратын тұрғындар үшін өте қуанышты жаңалық айтылды. Бұрын айналма жолды пайдаланып келген ықшам аудан тұрғындары биыл Төле би көшімен тікелей өтетін көпірді пайдаланатын болады. Оған қажетті қаржы да бөлініп, құрылыс жұмысы көп ұзамай басталмақ екен.

«Атқарылған игі істің бүгін куәсі болдық. Әрине, көптеген жұмыстар жасалуда, бірақ, алдымен халықтың әлеуметтік жағдайы жасалуы керек. Сол бағытта жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Ақсақалдар көтерген мәселелер бойынша биыл полицейлерге автокөліктер алуға қаржы бөлінді, көліктер алынады, ал жолдар бойынша облыс деңгейінде зерделеу жұмыстары жасалып, елді мекен ішіндегі жолдарға да зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сіздер көтерген мәселелер мен сәлемдеріңіз облыс басшысына жетеді. Атқарылған жұмыстар жетерлік, алда атқарылар істер одан да көп. Барлық мәселелер кезең кезеңімен шешімін табады, тауып та келеді», – деген Е.Дауылбаев жиынға қатысушыларға алғысын айтып, сәттілік тіледі.  Көтерілген мәселерге тұшымды жауаптары беріліп, алға қойылған мақсат міндеттер жайы айтылған жиын жемісті өтті.

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.