home
home home

Жұмысты ширата түсу қажет

 

Кеше аудан әкімдігінде аудан басшысы Болатбек Байтөленің төрағалығымен алқа мәжілісі өтіп, оған Жамбыл облысы әкімінің бас инспекторы

Еркебұлан Есмаханов қатысты. Аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларының басын құраған алқалы жиын барысында өткен жылдың қорытындысы тыңдалды.

Алдымен сөз алған Еркебұлан Есмаханов 2018 жылы облыс әкімінің орындалмаған хаттамалық тапсырмалары мен инспекторлық зерделеу кезінде анықталған кемшіліктердің орындалу барысы жайында баяндама жасап, әр сала бойынша атқарылған жұмыс пен орын алған олқылықтарды жіпке тізді. Айтылған ескертпелердің бірқатары жөнге келтіріліп, жұмыс жүйелене түскені жиын барысында мәлім болды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша көтерілген мәселелерге аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов жауап беріп, кейбір мәселелермен жұмыс жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар инспектор тарапынан айтылған ескертулердің бірқатары түзелгенін де жеткізді.

-Аталмыш салада нақты тартылған инвестиция көлемі 120,3 млн. теңгені құрады. 2017 жылы «Первомайские деликатесы» ЖШС шұжық цехына реконструкция жүргізу және мал соятын қасапхана салу бойынша 1254,8 млн. теңгеге инвестиция тартылған. 2018 жылы 133,0 млн. теңгеге бір жобаны іске асыру жоспарланған, ол «Қордай  сүт өнімдері» ЖШС-нің балмұздақ шығаратын құрал-жабдықтарын алу жұмыстары. «Сыбаға» бағдарламасына келер болсақ, бүгінгі таңда аудан бойынша 4 репродукторлы шаруашылық бар. Олар «Медет», «Али», «Бай Нұр» ШҚ және «Қақпатас Қордай» ЖШС. Шаруалар аталған шаруашылықтардан малдарды сатып алуда. Осы бағдарламамен қатар ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» бойынша 305 бас МІҚ мал сатып алынды. Егістік жерлерге келер болсақ, аудан бойынша жалпы егістік жер көлемі 132,0 мың гектарды құраса, оның «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы АҚ арқылы егістік жерлердің көлемі 4500 гектар пайдаланылмағаны анықталып, жерлерді пайдалану мен қорғалуын бақылау мекемесіне жолданды, – деген Болат Қаниұлы ветеринария саласы бойынша да атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Жиын барысында жер қатынастары мен құрылыс салалары бойынша көтерілген сұрақтарға аталмыш бөлім басшылары жауап беріп, қажетті қаржы мәселелері де шешімін тауып отырғанын жеткізсе, қызыл сызықтан асып кеткен құрылыстар бойынша атқарылған жұмыстар жайын сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев түсіндіріп берді. Ал, Бел мен Аңырақайға арналған қоғамдық көлік турасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Оңалбаев елді мекен тұрғындары округ орталығына қатынау үшін темір жолды пайдаланып отырғанын жеткізді. Инспектор сонымен бірге «Қордай Газ Инвест» ЖШС 2016 жылы газ жүргізу үшін бірқатар ауылдардың тұрғындарынан қаржы жинағанын, кейін жұмыстың тоқтап қалу жайын да көтерді. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы қазіргі таңда тексеру жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. 2017 жылды шығынмен аяқтаған «Қордай су» мекемесінің жұмысы да инспектор баяндамасында айтылды. Алайда, өткен жылды жақсы табыс-пен аяқтаған мемлекеттік мекеменің жұмысы жүйелене түскен. Е.Есмаханов 4-ші деңгейлі бюджет енгізілген бірқатар округтер жыл қорытындысы бойынша жекелеген салық түрлері бойынша жос-парды орындамағаны және қомақты сомада кредиторлық берешектердің қалыптасуына жол берілгенін айтты. Бұл мәселе бойынша жауап берген қаржы бөлімінің басшысы Алмас Әлімқожаев қазіргі таңда жекелеген салық түрлері бойынша барлығы толығымен орындалғанын жеткізіп, кредиторлық берешектердің де уақыт өтпей ретке келетінін айтты.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев қаржы саласы бойынша 2018 жылға бекітілген индикаторлар толығымен орындалғанын атап өтті және аудан бюджетінің кіріс бөлігі артығымен орындалғанын алға тартты. Осы ретте ол ауылдық округтер бойынша түсімдердің жоспары артығымен орындалғанын жеткізді.

Осылармен қатар облыс әкімінің бас инспекторы денсаулық сақтау, білім, мәдениет пен ішкі саясат салалары бойынша сөз қозғады. Бұл мәселелер бойынша алдымен аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов жауап беріп, одан әрі жұмысты жүйелендіру бойынша атқарылатын шаралар жайында баян етті.

-«Цифрлы Қазақстан» мемлекет-тік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудандағы 39 мектепке «Күнделік» электрондық оқыту жүйесі енгізілген. Аталған жүйеге 9 мектеп интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты қосылмаған. Бұл бойынша «Қазақтелеком» АҚ-на бірнеше рет хат жолданған. Нәтижесінде, ағымдағы жылы «Қазақтелеком» АҚ тарапынан ауданның 14 елді мекені жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Кәмелеттік жасқа толмағандар бойынша 2018 жылдың 12 айында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның 30 отырысы өтті. Ал, жасөспірімдер арасындағы қылмыс жайына келер болсақ, орын алған жағдайлар қаралып, оқушылар арасында қылмысқа төзбеушілік қағидаттарын тиісті деңгейде қалыптастырмай, тәрбие жұмысын дұрыс жүргізбегені үшін жауапты тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылды. Денсаулық сақтау саласы бойынша айтар болсақ, соңғы үш жылда 10 хирург, 3 травматолог, 5 реаниматолог, 42 дәрігер, 10 психолог оқудан өткізілген. Қордай аудандық орталық ауруханасында «кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» тақырыбында 62 маман оқытылды. Суицидология мәселелері бойынша оқытылғандардың ішінен 44 дәрігер ауданның барлық мектептеріне жауапты тұлғалармен бекітілді. Жастар саясаты бойынша барлығы 10 түйінді нысаналы индикаторлар белгіленген, оның ішінде облыс әкімі мен аудан әкімі арасында 7 индикатор, облыс басқармалары мен аудан әкімі арасында 3 индикатор. Барлығы толық орындалды. Биылғы жыл «Жастар жылы» болып бекітілгеніне орай, аудандағы барлық құрылыстарға, мердігерлердің басшыларымен келісім жасап, жұмыссыз, NEET жастар есебінде тұрғандарды мерзімдік жұмыспен қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталмыш бағдарламаны аудан жастарына насихаттау аясында 60-қа жуық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді, – деген Бейқұт Тілебалдыұлы әлеуметтік саладағы әлеуетті жұмыстарды айтып қана қоймай, алға қойылып отырған жоспарлармен де бөлісті.

Этномәдени орталықтардың тіркелуі, діни ахуал турасында ішкі саясат бөлімінің басшысы Баян Ыбышева түсініктеме берді.

Инспектордың баяндамасында былтырғы жылы ауданда өрт шығу оқиғаларының жиілегені де айтылды. Бұл сұраққа аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы К.Иманқұлов орын алған 86 жағдайдың ішінде 23 автокөліктердің жануы болғанын және ол жағдайлар республикалық мәндегі трассаларда орын алғанын айтты және де қазіргі таңда аудандық бөлімшеде техника мен штаттық бірліктің аздығы да жұмысқа кедергі болып отырғанын жеткізді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – орындаушылық тәртіп бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Мырзағали Күзербаев хабарлама жасады. Ал, жиын қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасарлары әр сала бойынша жұмыста кемшілік жіберген бірқатар бөлім басшылары мен округ әкімдеріне сөгіс беру туралы ұсыныстарын айтып, қаулы жобалары қабылданды.

– 2018 жылы ауданда атқарылған жұмыстарға облыс өз бағасын берді, жақсы тұстармен қатар, кемшіліктер де айтылды. Биылғы жылдан бастап индикаторлардың орындалуына аса мән берілетін болады, – деген аудан басшысы жұмысты ширата түсу қажеттігін баса айтты.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.